Рухани жаңғыру

Рухани қазына толыға түсті

Жуырда Алматы қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың  «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының, сондай-ақ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде іске асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында  аударылған жаңа оқулықтардың таныстырылымы өтті. Аталған екі шараға Қазақстан Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева қатысты. 

Алдымен «Достық үйінде» өткен поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Египет және Таяу Шығыс елдері аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары алғашқы антологияларға кірген авторлар қатысты.
ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, тарату – ұлт тарихында бұрын-соңды болмаған, қазақ мәдениетін әлемге таныстыру тұрғысынан теңдесі жоқ бастама екенін айтты. «160 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары бір мезетте әлемнің ең ірі 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жетеді. Жалпы саны 2 миллиард 600 миллион халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алады» деді А.Балаева.
Жиында аударма сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді. Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытай елдерінен келген аудармашылар мен әріптес баспа ұйымдарының өкілдері қазақ авторларымен жеке-жеке сұхбаттасып, аударма барысында туындаған мәселелерді талқылады.
Ал «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» аясында жарық көрген оқулықтардың тұсаукесер шарасы түстен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткізілді.
Конференцияның ашылуында ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанов құттықтау сөз сөйлеп, қазақ тіліне аударылған кітаптарға тоқталып өтті. «Жаһандық бәсекелестікке бейімделген мамандар дайындауда үлкен маңызға ие «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының нәтижесі жоғары бағаланып жатыр. Өткен жылы біз 18 жаңа оқулықты оқу үдерісіне енгізсек, бүгін 30 оқулықтың тұсауын кесіп отырмыз» деді ректор.
Аударылған оқулықтар қатарында: «Оқыту теориясы: білім беру көкжиегі», «Педагогиканы цифлық дәуірде қайта зерделеу», Джон Гэмбл бастаған авторлық топтың «Стратегиялық менеджмент негіздері», Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе», Стивен Роббинстің «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсеке», Ларри ДиМаттеоның «Халықаралық бизнес құқығы және заңнамалық орта», Юрий Лотманның «Семиосферасы» және т.б. еңбектер бар.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button