Басты жаңалықтар

Бес отбасына — баспана, 20 отбасына 500 мың теңгелік сертификат тапсырылды

Бұған дейін де жазғанымыздай, Ақтөбеде баспанаға аса мұқтаж отбасыларға көмектесудің нақты тетіктері жасалып, жұмыс істей бастады.

Кеше Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығында өткен қайырымдылық шарасында 5 отбасына — пәтер кілті, 20 адамға «Бақытты отбасы» жобасына қатысу үшін алғашқы жарна төлеуге қажет ақшалай сертификаттар табысталды.

Қайырымдылық шарасына облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, осы шараның демеушісі — әкелі-балалы кәсіпкерлер Амангелді және Қайрат Мәйтековтер, басқа да көптеген кәсіпкерлер, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Шара барысында белгілі әнші Нұрлан Абдуллин қайырымдылық концерт өткізді.

Алдымен мінбеге облыс әкімі Оңдасын Оразалин көтеріліп, халықтың мұқтаж топтарын баспанамен қамту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

— 1991 жылдан, яғни Тәуелсіздік алғалы бергі уақыттың ішінде Ақтөбе қаласы тұрғындарының саны екі есе өскен. Бүгінде Ақтөбе тұрғындарының саны жарты миллионнан асты. Бір жағынан, бұл қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетсе, екінші жағынан, тұрғындар саны артқан сайын, шешімін күткен жаңа мәселелер де туындайды. Солардың бірі — баспанамен қамту мәселесі. Бүгінгі күні қала бойынша 23 мыңнан астам азамат пәтер кезегінде тұр. Баспанаға мұқтаж отбасылардың бір тобының мемлекеттік бағдарламалар аясында пәтер алуға тиісті құжаттары, мүмкіндіктері жоқ. Олардың бірқатарына «Қолғанат-Ақтөбе» қоғамдық қоры, демеушілер қаржысы арқылы көмектесу көзделіп отыр. Бүгінгі шара — соның бір көрінісі. Бір қуантатыны, соңғы кезде осы іске үлес қосуға ниет білдірген кәсіпкерлердің қатары көбейді. Олардың игі істерге деген құлшынысына шын жүректен ризашылығымды жеткізгім келеді, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Облыс басшысының айтуынша, биыл жалпы ауданы 1 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл — 8700 пәтер. Оның ішінде 1,6 мыңнан астам пәтер мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілмек.

Облыс әкімі осы шараның демеушісі Мәйтековтер әулетіне алғысын жеткізді.

Бұдан соң Оңдасын Оразалин мен Амангелді Мәйтеков 5 анаға пәтер кілттерін табыстады. Сонымен бірге, 20 анаға «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға қажетті алғашқы жарнаны төлеу үшін 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар тапсырылды.

Ақшалай сертификатқа ие болғандардың бірі — Күмісай Қожабекова. Ол — бес баланың анасы.

— Жолдасым жұмыс істейді, дегенмен бес баланы өсіріп-бағып, әрі баспанаға қаржы жинауға айлықтың жете бермейтіні түсінікті. Балалардың алды енді ғана ержетіп келеді. Бүгінгі көмек үшін үлкен алғысымды жеткізгім келеді. Балалардың болашағы жолында осындай игілікті істерді қолға алуға әзір азаматтардың қатары көбейе берсе екен деймін, — деді ол.

Бұдан соң облыс әкімі Амангелді Мәйтеков, Ян Тампаев, Нұрлан Абдуллин, т.б. азаматтарға Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгілер табыстады.

Шарада, сондай-ақ«Идеал пласт construction» ЖШС директоры Аркадий Яковлев осы ұжымда еңбек ететін жас маманға 1 бөлмелі пәтер кілтін, ал Амангелді Мәйтеков«Максимус» ЖШС-ның екі еңбеккеріне ақшалай сертификаттар тапсырды.

Бұдан соң Нұрлан Абдуллиннің қайырымдылық концерті басталды.

Әншінің айтуынша, ол жоспарланған концерттерінен тыс уақытында қайырымдылық шараларынан бас тартпауды жөн санайды.

— Мәйтековтер әулетімен көптен келе жатқан достығымыз бар. Олардың мынадай үлкен қайырымдылық істі қолға алғанын естігенде, мен де қолдау көрсетуге ниетті екенімді жеткіздім. Әр игілікті істің екі дүниеде де адамға пайдасы тиетініне сенімдімін. Сондықтан мүмкіндік болса, мұндай шараларға атсалысуға тырысамын, — дейді ол.

Осы қайырымдылық кешінен түскен қаражат та көмекке зәру жандардың мұң-мұқтажына жұмсалатын болады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button