АуылБасты жаңалықтар

Малшы табылмауының бір себебі — жұмыс көзінің көптігі

Қазір отбасылы малшы іздеген жарнамалар өте көп. Тіпті бір жарнама екі-үш ай ілініп тұрады. Демек, осы уақытқа дейін адам таппаған. Бір таңғаларлығы, ауылдық жерлерде де  шаруа  қожалықтарына малшы табу өте қиын. Неге?

Мал қалай бағылуы тиіс?

Жаз шықса болды, ауыл адамдары қорасындағы қойы мен сиырын бағуға адам таппайды. Ауылға барсаң 10-15 күнде келетін бір күнгі  қой кезектің «жырын» естисің.  Жұрт қалтасынан 3 мың теңге шығарып, бір күн қой бағып келетін адам іздейді.  Алайда өрістегі қой қалай бағылып жатыр, онымен ешкімнің шаруасы жоқ.  Ауыл  қазір кеш кетіп, ерте келетін малға да үйренді. Үлкендер бұл дұрыс емес деп қанша қақсаса  да, қой кезекке шыққан жастар мұны құлағына ілмейді. Бұрынғы қарт  шопандар қазіргі малдың күйіне де, күтіміне де риза емес.

Атам қазақ қойды бұлай бақпаған. Қазіргілер малды күнде бір ізбен айдап апарып, сол жерді шиырлап-шиырлап, кешке қуалап келеді.  Өрісті ауыстыру деген жоқ.

 Қойға  кең өріс керек. Таңғы салқынмен өргізіп,  іңірде келуі керек. Таңмен өріп, кешкі салқынға жайылған мал  жылдам қоңданады. Айына кем дегенде бір рет тоғытып тұрса, үсті тазарып, шуаштан арылады. Тоғытудың да өз ережесі  бар. Қоймен бірге суға түсіп,  әр қойдың басын батырған дұрыс. Өйткені суға батқан қой шашалып-түшкіріп мұрнына жиналған шаң-тозаңды сілкіп тастайды.  Сонда маңқа, айналшық деген ауру болмайды, — дейді байырғы қойшылар.

Бүгінде  ауыл  қойды көлікпен бағады. Ұзап кеткен жағдайда, көлік сигналын басып, бөрліктіріп кері қуады. Кештің салқынын күтпей, дүркіретіп ауылға кері айдап келеді.

Ауылда қорасында  сиыры болса да, сауылмайтын үйлер бар. Бір литр  ғана сүт сауып, қалғанын бұзауына емізеді. Өкініштісі, ондай әйелі сиыр саумайтын үйлер көбейіп барады. Сиыр бағатын бақташы табылмағандықтан, сиыр  өз бетімен кетіп, сауын сиырлар ғана ауылға өздері қайтады. Бойдақ, аталық малдар далада түнейді. Ауыл адамдары анда-санда өріске барып, малдарын бақылап келеді.  Күзге қарай қаралмаған мал басқа табынға қосылып кетіп, жоқ іздейтіндер көбейеді.

Ықылас пен ырыс

Бүгінде шаруасына түгел  адамдар — малшылар.

Әдетте, шаруа қожалықтарының  иелері отбасылы малшы іздейді. Бас бақташы ержеткен ұлын жәрдемшілікке алып, оған да айлық төлетеді. Малшының айлығы — 100 мың теңге. Одан бөлек жәрдемшіге 40-70 мың теңге төлейді. Егер атқа мінуге жараған ұлыңыз болса, айына бір отбасына 150 мың теңге табыс  түседі.  Отбасылы малшылардың бұдан басқа да табыс көзі көп. Бүгінде бір қойды қырқу бағасы — 300 теңге. Сонда бір отар қойды қырқудан түскен ақшаны есептей беріңіз. Оның үстіне қожайынның  қой-ешкісімен, сиырымен бірге өзіңнің малың да бағылады. Мәселен, өзіңнің бес-алты бас ірі қараң, 40-50 қой-ешкің болса,  қысқа он шақты көлік шөп дайындау керек. Бір көлік шөп — 20-25 мың теңге. Қожалықтағы малшының жеке  малына  шөп тегін, қожайынның малымен бір астаудан жем жейді. Қожайын ол жағын есептемейді.

Көгілдір отынсыз отырған ауылда бір көлік отын — 10-15 мың теңге. Жаздай малдың қиын ойып, кептіріп сатсаңыз,  бұл да қосымша табыс. Әйеліңіз сиыр саууға ерінбей, сүтін ұқсатар болса, ақшаның астында қалдым дей беріңіз. Ауылда — 1 келі сарымай 3000 теңге, қаймақ — 1800 теңге. Құрт-май, айран-сүзбе, ірімшігі өз алдына бөлек сұранысқа ие. Кейбір қожалық иелері төлін ойдағыдай алып, малын қоңды шығарып берсең, сыйақы жасайды. Яғни қыстық соғымыңды тегін береді. Бұл жерде  қожайынның сеніміне кіріп, адал еңбек ету керек. Малшысына  көлік мінгізіп қоятындар да бар.

Шаруа қожалықтар жайлау мен қыстауларды жаңартып жаңа үй, ұзын қоралар салып, даланың сәнін келтіруде. «Отау» ТВ, интернет, жарық, заманауи техника байланыс пен қатынастың азабын ығыстырды. Егер отбасы мүшелеріңіздің бірінің туған күні болса лақ, қозы, қой атайтын атымтай қожайындар да бар.  Ең бастысы — мал басы түгел, семіз, төлдері жақсы күтімде болса болғаны.

Дегенмен, малшы мен қожалық иесі  арасындағы сенім мен сыйластық  көп жағдайда бола бермейді. Бұл жерде бар мәселе адамына байланысты.  Еңбегінің ақысын бермей, өлген, жоғалған малынан шегеріп, ақыр соңында  араздасып қалатын малшы мен қожайын көп. Мал иесі  уәдесін орындамады, қосымша жұмысқа жекті, жарытып ақша бермеді деп малшы арызданады. Ол ақшасын талап етуге ешқандай құжаттың жоқтығынан сотқа  да бере алмайды. Сол себепті жұмысшы мен жұмыс беруші арасында келісімшарт жасалуы тиіс.

Шаруасына мығым малшы мен қойшы табу да өте қиын. Ондай жұмыстарға көп жағдайда әлеуметтік жағдайы төмен, ішкілікке құмар, енжар, жауапсыз адамдар барады. Айдалада күні бойы жалғыздан жалғыз жүру де қиын. Ендеше қожалық иесі «Ақшаңды бердім, қарныңды тойдырсам болды» деген түсініктен арылып, малшының өзімен, отбасымен  жақын араласып, ақылдасып, кәсіпке ынталандырып отырғаны абзал.

Үлгілі қожалық иесі

Ойыл ауданы Жетікөл ауылдық округіне қарасты «Теңдік» шаруа қожалығының иесі Қайрат Оразғалиев әкеден қалған азын-аулақ малды көбейтіп,  үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой ұстап отыр. Бір қызығы, осы уақытқа дейін  үкіметтен бір де бір несие алмапты. Облыстың ең шалғай нүктесінде отырған Қайрат малшысына қасынан үй алып берді. «Жақсыкөл» елді мекенінен жұрт жаппай көшкенде, Қайрат  қана  ауылдың түтінін өшірмей, жалғыз қалды.   Әкенің  қара шаңырағын тастап кете алмапты.

Қожалық иесі шаруаның ретін жақсы біледі, қара  жұмысты жұмысшыларымен бірдей істейді.  Жігіт ағасы сөздің емес, еңбектің  адамы. Жұмысшыларынан да соны талап етеді.

Шаруашылықтағы ең қиыны — қой бағу. Қойшысы Абзал Сапаров қожалық иесіне риза. Өйткені айлығын кешіктірмей, уақытында беріп, үймен қамтамасыз еткен.

«Малшы неге табылмайды?» деген сұрағымызға шаруа қожалығы басшысынан мынадай жауап алдық.

Қазіргі кезде барлық жағдайды жасап қойсаң да, қой бағуға көп адам келе бермейді. Себебі ешкім айдалада  мал соңында айлап-жылдап жүруге құштар емес. Қара нан жеп, қара шай ішсе де, жағдайы болмаса да, қалаға жүгіреді.  Жастар ұялы телефон, интернеттен айырылғысы жоқ. Жастарға мал баққаннан гөрі, құрылыспен айналысып, такси айдаған әлдеқайда оңайырақ.  Оның үстіне, жігіттер вахталық жұмысты немесе күзетшілікті қалайды. Бүгінде мал бағудан басқа табыстың көзі  көп. Бар себеп осында, — деген Қайрат Оразғалиев өзінің де осы ауылдан кетіп орталыққа, қалаға тұрғысы келетінін айтты.

Оның айтуынша, осынша малды ұстап отыру — оңай шаруа емес. Жақын күндері мал азығын дайындау науқаны басталады. Оған екі адамды маусымдық жұмысқа алады. Бүгінде ол Батыс Қазақстан облысынан еділбай қойын әкеліп өсіріп жатыр.  Аталмыш тұқым қойы басқаларына қарағанда салмақты болады екен.

Ол жылына 200 бас төл сатады. Қойдың жабағы жүнін де далаға лақтырмайды. Әрқайсысын ерінбей буып, түйіп жүн қабылдайтын уақытта «Газель» көлігімен апарып тапсырады. Жүні 50 мың теңгеге дейін құрайды.

Малшымның айлығы тұрақты, зейнетақы қорына жарна аударылады. Жеке шаруасынан да қалып жатқан жоқ.  Бір жаққа кеткенде малды өзім бағамын. Жақын күндері еңбек демалысына шығады. Сол кезде отбасымен бірге қалаға қыдырады. Өзім апарып, айтылған уақытында алып келемін. Абзал 15 жылдан бері менде жұмыс істеп жатыр, — дейді Қайрат Оразғалиев.

Қайраттың жолдасы Ынташ та үй шаруасына мығым жан. Қаз, үйрек, күркетауық асырайды. Жалғыз өзі он сиырды бір сағатта сауады. Оны тартып май, қаймақ, құрт май дайындайды. Барған-жүрген жерлеріне ауылдың сыбағаларын алып жүреді.

Қалаға барсам ағайын-туыс, дос-жарандардың үйіне осы өнімдерді алып барамын. Олар мәз болады. Ауылдың дәмі, қолдың майы деп сүйсініп жейді. Балалалардың бәрі есейіп кетті. Қалада тұрады. Біз отағасы екеуміз шамамыздың жеткенінше отыра береміз деп шештік. Үйренген кәсіпті бірден тастап кету де қиын ғой, — дейді отанасы.

Жетікөл селолық округі әкімі Сәкен Займолдиннің айтуынша, «Теңдік» шаруа қожалығы ауылдағы шараларда демеушілік көмегін аямай,  мұқтаж жандарға көмек беріп отырады.

Кеше  ауылда жастар форумын өткіздік. Оған жерлесіміз, кино өнерінің жұлдызы Асылхан Төлепов келді. Туған жеріне келген баламызды ерекше ықыласпен күтіп алдық. Осындай шарамызға бір қойын берген Қайрат оған қоса Асылхан інімізге және ат мінгізді, — дейді ауыл әкімі.

P.S. Алыстағы  шаруа қожалықтарының жұмысы да, бейнеті  де көп. Науқандық жұмыстарды жүргізіп, әр жұмысшыға ай сайын жалақысын тауып беріп отыру керек.  Әйтсе де жердің шалғайлығына қарамастан, тәуекелге барып, жеке кәсібін көптің нәсібіне айналдырып отырған азаматтар — елдің  иесі, ауылдың сәні екені рас.

 С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button