Басты жаңалықтар

Бөкенбай батырдың ескерткіші бой көтерді

Ел басына күн туған сонау XVII-XVIII ғасырларда «қалың жаумен қабырғадан қал кеткенше, қарағай найзадан әл кеткенше айқасуымыз керек» деп, елдің рухын көтерген түркі әлемінің ортақ батырына айналған Бөкенбай Қарабатырұлының ескерткіші бой көтерді. Даңқты қолбасшы, айбынды саясаткердің рухына тәу етуге еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келді, шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, батыр ұрпақтары,зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері қатысты.

Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин: «Батыр бабамыз өмір сүрген XVIII ғасырдың басы қазақ халқының тағдырына сын болған, елдікті таразыға салған ауыр кезеңдер болды.Сондай сын сағатта Бөкенбай Қарабатырұлының жер қайысқан қалың қол жинап, жоңғарлардан елімізді қорғауға аттануы — оның болмысы бөлек тұлға, елін сүйген ер, екендігін білдіреді», — деп атап өтті. Құтты мекен Ақтөбе өңірінен шыққан Әбілқайыр хан,Қобыланды батыр, Абат Байтақ, Есет, Тілеу, Көтібар, Асау-Барақ, Сәңкібай батырларды, олардың ізін жалғастырған екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеңісті жақындатқан Әлия Молдағұлова, Мәлкеждар Бөкенбаев, Сәрсенғали Ешбаев, Иманғали Білтабанов, секілді батырлар мен Ақтөбеде жасақталған атқыштар бригадаларын тілге тиек етті.

— Тәуелсіздікпен бірге осындай ерлеріміздің есімдері жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, тарихтың ақтаңдақ беттері толығуда. Солардың бірі —халқының тәуелсіздігі үшін атқа мініп, соңына қалың жұртынерткен Бөкенбай Қарабатырұлы. Оның ерен ерлігі туралы қазақтың кемеңгер жазушылары Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин өз шығармаларында барынша айшықты жеткізе білді. Ал қазіргі заманда ғалымИрина Ерофеева батырдың болмысын ғылыми тұрғыда негіздеді. Бес қаруын сайлап, арғымақты арқыратып мінген алып тұлғалы атамыздың мүсіні қаланың бас қақпасы саналатын әуежай жолында орнатылып, бой көтеруі кездейсоқ емес. Ол біздің рухымыздың,қазақы қалпымыздың жандануы, абыройымыздың асқақтауының белгісіндей. Өлгеніміздің тіріліп, өшкеніміздің жануы деп білеміз. Ұрпақтар сабақтастығын ұштастырып, тағылымы мол тарихтан болашаққа жол сілтер ескерткіш деп тануға болардай. Осы ретте істің басы-қасында жүрген барша азаматтарға алғысымды білдіремін. Бұл 150 жылдық тойы тойланып жатқан қаламыздың сәулеті мен сән-салтанатына, халқымыздың тағзым етер ерлік пен елдіктің символына айналатын ескерткіш болады, — деді облыс әкімі.

Алты метрлік алып ескерткішті облыс әкімі О.Оразалин, белгілі жазушы, кинодраматург Елубай Смағұлов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қабиболла Жақыпов, зейнеткер, батырдың ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев, қоғам қайраткері Сапар Сағынтаев пен Ақтөбе облысының құрметті азаматы Мәлік Жекеевтер салтанатты түрде ашты. Олар батыр рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Салтанат барысында сөз алған жазушы Смағұл Елубай, белгілі заңгер Адайбек Бейімбетов, басқа да қонақтар батырдың тарихтағы ролі мен оның есімін ұлықтауға қатысты істелген жұмыстар туралы пікірлерін білдірді.

— 1710 жылы Алаштың туы жығылғалы тұрғанда Қарақұмда бас қосқан қазақтың игі жақсылары тағдыршешті сауалға жауап іздеді. Қазақтың тағдыры жол айырықта тұрған сын сағатта «жоңғарға берілмейміз» деп, алаш туын аспандатып, ұлттық рухын көтеріп, жігерін жаныған Бөкенбай батыр еді, — дейді С.Елубай.

Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жаумен тірескен Бөкенбай батырдың рухына тәу етіп, тағзым етуге арналған шараға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының өкілдері келді. Ақтөбенің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға куә болған қонақтар да лебіздерін білдірді.

—   Батырларымыздың, би-сұлтандарымыздың есімі ұлықталып жатқаны келешек ұрпаққа үлгі боларлық іс. Осындай игілікті істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысымды білдіремін. «Alash parizi» қоғамдық қорының директоры Серік Әбілжанов, осы қор мүшелеріне, батырдың ұрпақтарына, материалдық және моральдық көмек көрсеткен барша азаматтарға ризашылығым мол. Алматылық Қуатбек Қайроллаев деген азамат миллион теңгеден артық қаражат құйды, басқа да азаматтар қаржылай қолдау көрсетті. Осындай азаматтарға рақметтен басқа айтарымыз жоқ, — деді Адайбек Бейімбетов.

Кәсіпкер Қуатбек Қайроллаевтың айтуынша, батыр ескерткіші жастарды, кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке, елін, жерін сүюге тәрбиелейтін орын болары сөзсіз.

Биіктігі  6,0 метр болатын монумент батыратындағы көшеде орнатылған. Ескерткіштің авторы— Жеңіс Жұбанқосов. Ол қаламыздағы Әйтеке би, Әлияға қойылған ескерткіштердің авторы ретінде көпшілікке танымал.

—Мен 10 шақты эскиз жасап, байқауға үш нұсқамды ұсындым. 12 автордың нұсқаларының ішінде менің нұсқам таңдалып, мемлекеттік комиссия мақұлдауынан өтті. Ескерткіш қоладан құйылды, биіктігі — 6 метр, астындағы тұғырының да биіктігі — 6 метр. Бұл менің атқа мінген батырдың бейнесін жасаған алғашқы жұмысым. Ескерткіш жасау барысында тарихты көп ақтардым, сын сағатта ұлт рухын көтеріп, елді сақтап қалған батыр образын жасауға тырыстым, — дейді мүсінші.

Келушілер батыр ескерткішінің ашылуына арналған театрландырылған қойылымды тамашалады. Қазақ эстрадасының жұлдыздары Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, Нұрболат Абдуллин мен жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button