АуылБасты жаңалықтар

Мал өсірсең қой өсір…

Картопты қойға айырбастады

«Малды бақсаң қойды бақ, май кетпейді шарадан» демекші, ауыл халқы қойдың бағасын енді түсініп келе жатыр. Бұрын қолда бар малды түгел сатып, қалаға қарай ағылатын жұртшылық  қазір қорасындағы төрт түлігін көбейтіп, шаруашылық қожасы болуға бет бұруда.

Ырғыз ауданындағы Шеңбертал ауылының халқы — осы сөзіміздің дәлелі. Қазір бұл ауылда сыртқа көшушілер жоқ, керісінше сырттан келіп қоныстанушылар бар. Жастар ауылдан көшпейді. Үй салып, мал бағып, шаруашылықтарын дөңгелентіп жүр. Тұрғындарының басым бөлігі мал, оның ішінде қой шаруашылығымен айналысады. Соның бірі — Құбайдолла Сәрсенбаев. Бала кезінен мал бағудың қыр-сырын жақсы білетін Құбайдолланың атакәсіпті жалғастырғанына он жылдан асты.  Алғашқыда жер жыртып, бау-бақша еккен шаруақор жігіт кейін мал басын көбейтті.

Тәуелсіздік алғаннан соңғы қиын кезеңдер Құбайдолланың да отбасына оңай тимеді. Өзі де, әйелі де жұмыссыз қалды. Әр жерге барып жұмыс жасағанымен табысы мардымсыз болды. Ойлана келе өзен жағасына картоп екті. Екі жылдан кейін-ақ шаруасы дөңгеленіп жүре берді. Төккен тер зая кеткен жоқ. Мол өнімге қол жеткізген азамат картопты қойға айырбастауды жөн көрді. Бір қап картопты бір қозыға сатты. Осылайша мал басын көбейтті. «Мағжан» жеке шаруашылығын құрды. Қазір шаруашылық иелігінде отыз ірі қара, жылқы мен қой бар.

Құбайдолла кейінгі жылдары қойдың санын көбейтуге кірісті. Былтыр желтоқсан айында «Даму» қорынан  алты пайыз жеңілдікпен 3 миллион теңге несие алды. Қаржыға 120 қой сатып алды.

— «Мал баққанға бітеді» деп қазақ бекер айтпаған. Мал өсіру  оңай шаруа емес. Бейнеті көп. Бірақ бейнетсіз зейнет болмайтыны және белгілі. Ыстық-суығына төзсең ғана табысың еселене түседі. Бұрынғыдай емес, қазір ауыл тұрғындары малдың қадірін білді. Осыдан он шақты жыл  бұрын он бес адам бірігіп қойдың кезегіне шықсақ, қазір өз алдына малын бағып жүргендер көп. Ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары да көбейді. Мен де қазір қойды бөлек бағамын. Ауылдан екі-үш шақырым жердегі Аққұдыққа апарып жаямын. Бірақ малдың тұяғы жерді қоймайды. Ауылдың маңайы топыраққа айналмас үшін Аққұдықтың басынан үй салып, сол жаққа көшіп баруды ойлап жүрмін, — дейді Құбайдолла.

Аққұдық — Құбайдолланың ата-бабасының қонысы. Ілгеріде аталары сол маңда қыстап, қой бағып, төрт түлікті өсірген.

Шаруақор жігіттің айтуынша, баққан адамға қойдың пайдасы ұшан-теңіз. Сатсаң —  пұл, сойсаң — тамақ, кисең киім болады. Бірақ ауылда қойды мыңдап өсіруге су тапшы. Бұрынғыдай бөгет жоқ. Ауылдағы кейбір шаруалар жері қатты болса да өз беттерімен құдық қазып көрген. Алайда бірінің суы ащы болса, енді бірі су шығара алмаған. Ал Құбайдолла қойды бір шақырым жердегі өзеннен суарады.

—  Шөлі қанып таза су ішпесе, малдың күйі қашады. Ал су болмаса малды көбейтуден пайда жоқ. Ауылдағы шаруалардың негізгі проблемасы — осы. Бір жігіттер қыруар қаржыға құдық қаздырып көріпті. Бірақ суы ащы болып, мал іше алмаған. Негізі құдық қазып жүргендердің айтуынша, су 12 метр тереңдіктен кейін шығады. Бірақ тұщы судың қай қабатында екенін білу қиын. Егер осыны зерттеп, біліп барып қазбаса, жерді босқа түрткілей  бергеннен  пайда жоқ. Өкініштісі, осыны қолға алған ешкім болмай тұр. Арнайы құдық қазатын мекемелер де зерттемейді, тек қазып беріп кетеді, — дейді қожалық басшысы.

Қазіргі таңда «Даму» қоры бірқатар жобаларға басымдық беріп, оны несиелеу механизмін іске асырып жатыр. Мақсат — өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешені бойынша жеке кәсіпкерлердің жобаларын қолдау. Осы шара аясында Ұлттық Банк  республика бойынша 600 миллиард теңге қарастырған, соның ішінде 400 миллиард теңге өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларындағы жобаларға, 100 миллиард теңге ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге, 100 миллиард теңге ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге бағытталады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің пайыздық шығынын азайту үшін  субсидия беріледі. Қордың облыстық филиалының директоры Берік Нұрғалиевтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі мен ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу салаларында субсидиялау жұмысын  «Даму» қоры іске асырады.  Мәселен, кәсіпкер банктен 15 пайыз үстеме ақымен несие алса, соның 7 пайызы «Даму» қоры арқылы өтеледі.  Ал ауылшаруашылық өнімдерін өндіру саласы бойынша субсидиялау ісі  ҚР Ауылшаруашылық министрлігіне жүктелген. Бірақ кәсіпкер өтінішті «Даму» қорына тапсырады. Мал сатып алғысы келетін шаруаларға осы бағыт бойынша несие беріледі.

Алдағы шаруа — асылдандыру

Құбайдолла алдағы уақытта қойдың санын 500-ге жеткізіп, одан әрі асылдандыруды ойластырып жүр. Мал асылдандыру жұмысы Елбасы тапсырмасы екенін ескерсек, ауылдағы бұндай азаматтарға мемлекеттен қолдау болары анық. Қожалық басшысы қазір қойды өзі бағады. Малдың саны көбейген кезде бақташы алмақ. Қазір ауылда қой бағатын адамның айлығы малдың санына байланысты 60 мыңнан басталып, 100 мың теңгеге дейін жетеді. Ірі шаруашылық иелері айына 90-100 мың теңге төлеп, малын бақтырып отыр. Оның айтуынша, ауылда еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Ол үшін жалқаулықтан арылып, табыстың көзі — мал шаруашылығына бет бұру керек.

Ырғыз — жері шұрайлы, шабындығы мол, төрт түлікті өсіруге қолайлы өңір. Құбайдолла осындай мүмкіндікті пайдаланып, жастарды бос жүрмеуге шақырады. Қазір өзінің үлкен ұлы Аққуан жоғары оқу орнын бітірсе де ауылға келіп, әкесінің шаруашылығына қолғабыс көрсетіп жүр. Ал Құбайдолланың анасы Аққыз —  ауылдағы кәсіпкер аналардың бірі. Азық-түлік пен киім-кешек сататын шағын дүкені бар. Жасы жетпістен асса да үйде отырмай, бала-шағаның қамы үшін шауып жүрген Аққыз әже ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып отырады. Әртүрлі акциялар мен мереке кездерінде қайырымдылық жасаудан қашқан емес. Мектеп пен балабақшаға демеуші болып тұрады. Құбайдолла да бұндай игі істен бас тартпайды. Мүмкіндігі келгенше жәрдем етеді.

Құдық және субсидия

Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, құдық қазу бойынша арнайы бағдарлама бар. Ал соңғы жылдары бұл тарапта  сұраныс көбейген. Былтыр ауданда 20 құдық қазылса, биыл 8 құдық қазу жоспарланып отыр.

Бұл жұмыспен Ақтөбеден келген арнайы мекеме айналысады.  Былтыр әр метрін 50 мың теңгеден қазып берген. Мәселен,  20 метрден су шықса, қожалық басшысы 1 миллион теңге төлейді. Сондай-ақ мекеме сорғы, су жинайтын қазаншұңқыр орнатып береді. Егер қазғаннан кейін су шықпаса, мекеме ақшасын қайтарады. Бұның барлығы келсімшартта көрсетіледі.

Ал су шыққан құдыққа ие болған қожалық  басшысы барлық құжатын алып, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне барады. Бұл жердегі мамандар құжатты облыстық мекемеге жібереді. Осылайша мемлекет шығынның 80 пайызын субсидия ретінде қайтарып береді.

 

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button