Басты жаңалықтарДенсаулық

Аллергия неден пайда болады?

Бүгінгі күні елімізде әрбір үшінші адам аллергиялық аурулардан зардап шегеді екен. Дәрігерлер бұл экологиялық жағдай мен тағам сапасының нашарлығы және дәрі-дәрмекті дәрігердің нұсқаулығынсыз өз бетінше пайдаланғанның салдары екендігін айтады. Ал шын мәнінде аллергия қалай пайда болады? Оның қандай түрлері бар? Бұл аурудан қалай айығуға болады? Біз осы сауалдарға жауап алу үшін аллергологпен тілдескен едік.

Басты сақтық — алдын алу

Облыстың бас штаттан тыс аллергологі, медицина ғылымдарының кандидаты Замза Хайруллинаның айтуынша, аллергия ауруы кішкене баладан бастап, қарияға дейін кез келген жаста кездесуі мүмкін. Кейбір адамдар суық тиіп, жөтеліп, көзі жасаурай бастағанда аллергия деп дәріханадан дәрі-дәрмек алып, өз бетінше ем қолдана бастайды. Бұл әрекет ауруды асқындырып жіберуі мүмкін.

—  Қазіргі көктем маусымында барлық өңірлерлерде аллергия ауруының өршуі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Өкінішке қарай, аллергиямен ауыратындардың саны күн санап өсіп барады. Біздің стационарға күніне 10-ға жуық адам қабылданады. Әсіресе, қолқа демікпесі диагнозымен келетіндер қатары көп. Бұл қазіргі экологиялық ахуалдың салдарынан туындауда. Себебі қыс мезгілінен кейін жұтып отырған ауамыз күрт өзгереді. Былтырдан қалған қоқыс-қалдықтар шаң-тозаң арқылы ауаға өтеді. Мәселен, біздің Ақтөбе қаласының өзінде түрлі өндіріс орындары бар. Мұның барлығы қоршаған ортаны ластайды. Мұнымен тиісті құзыретті органдар айналысып жатқанымен, ауа жеткілікті деңгейде тазартылмайды, — дейді Замза Хайруллина.

Ағаштар бүршік жара бастайтын көктем мезгілінде аллергиямен ауыратындар қатары көбейе түседі. Адам ағзасында иммундық жүйесі төмен болса, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен ауру пайда болады.

— Әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі кездеседі. Көктемде түрлі шөптер мен ағаштар гүлдеп, жаз айларында дәнді дақылдар өседі. Біздің өңірде арамшөптің 7 түрі кездеседі. Көп жағдайда адамдар далалыққа шыққанда, аллергияның белгілері басталып жатады. Осындай жағдайда бірден аллерголог маманға қаралған дұрыс.

Қазақстанда тұрғындардың 28 пайызы аллергиялық аурулардан зардап шегеді екен. Мәселен, жүрек, онкологиялық аурулар уақыт өте келе, ересектер арасында кездессе, ал аллергия кез келген жаста пайда болуы мүмкін.  Уақытында қаралмаса, бұл 4-5 жылдан кейін ауыр қолқа демікпесі, аллергиялық дерматит сияқты қауіпті ауруларға ұласуы әбден мүмкін.

Дәрі-дәрмектен болатын аллергияның ауыр түрі — лайелла синдромы. Алдымен теріде бөртпе түрінде басталады. Ресми деректерге сүйенесек, бұл ауруға шалдыққан адамдардың 15 пайызы өлімге душар болады.

Біз Батыс Еуропа елдеріне тәжірибе алмасуға жиі іссапармен шығамыз. Мәселен, Лондондағы дәріханаларда кез келген дәрі арнайы дәрігердің нұсқаулығынсыз берілмейді. Тұрғындар көп жағдайда әркімнен естігенін немесе жарнамадан көрген дәрілерін ала береді. Бұл дұрыс емес, ол дәрілердің әсері уақытша ғана болуы мүмкін, — дейді бас дәрігер.

Орталық тегін қызмет көрсетеді

Биыл қаңтар айында Ақтөбе медицина орталығының жанынан тегін аллергология орталығы ашылды.  Енді науқастар осы жерден білікті мамандардың жәрдеміне жүгіне алады.  Орталықта 3 құрылымдық бөлімше бар.

Облыстық ауруханадағы ересектерге арналған стационарда 4 дәрігер-аллерголог жұмыс істейді. Олар тұрғындарға тексеру жүргізіп, аллергиядан туындаған барлық сауалдарға жауап береді. Тыныс жолдарының демікпесі,  тері аллергосынамасына зерттеу жүргізеді.

Облыстық балалар ауруханасындағы бөлімде 3 аллерголог маман 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Бүгінде стационарда 32 кереует орын бар.

Ақтөбе қаласындағы әуеқалашық ауданында орналасқан кеңес беру-диагностикалық орталығы балалар мен ересектерді қабылдайды.

Бұл бөлімшелерге тексерілу үшін жеке куәлігіңіз бен тұрғылықты жеріңіздегі дәрігердің жолдамасы болуы керек. Шұғыл жағдайларда жолдамасыз қаралуға да болады.

Қандай тамақ жейсіз?

Сондай-ақ аллергия ауруы күнделікті жейтін тағамдарға да  тікелей байланысты. Бұл ретте дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Бүгінде тағамдардың барлығына дерлік түрлі консерванттар мен қосымша бояғыш құралдар пайдаланылады. Сонымен қатар жарамдылық мерзімі де ұзартылады. Бұл тағамдар адамның организміне түскеннен кейін аллергиялық ауру туындатуы мүмкін.

Дәрігер аллергиясы бар адамдарға түрлі жаңғақтар, дәнді дақылдар, шоколадтар, бал мен цитрусты жемістерді жеуге шектеу қояды.

Сонымен қатар иммунитет әлсіреп, күйзеліс пайда болғаннан, вирустық инфекциялардан, үйдегі тұрмыстық химиялық заттардан, әйелдер қауымы түрлі косметиканы пайдаланғанда да аллергия пайда болады.

Ауырған адам әлсіреп, оған дәрумендер де жетіспеуі мүмкін. Сол себепті күніне бір грамм С дәруменін қабылдау, яғни тағам құрамында ақуыз, май, көмірсутегі жеткілікті болуы шарт; бөлмені желдетіп, ауасын жиі тазартып тұрған дұрыс; науқас жататын бөлмеде кілем, жұмсақ ойыншықтар мен ортақ заттардың болмағаны жөн.

Ересек адамдарда аллергия әртүрлі себептермен пайда болуы мүмкін. Кейбір адамдарда жеке бір тағамдық қоспаларға аллергиялық реакция болады. Мұндай заттар өнімдердің дәмін, түсі мен хош иісін жақсартуға, сондай-ақ өнімдерінің жарамдылық мерзімін ұзартуға арналған. Консерванттар арасында әсіресе натрий глютаматы мен салицилаттар ерекшеленеді. Тағамдық аллергиядан зардап шегетін адамдарда қоспаларға реакция 5-7 пайыз жағдайларда байқалады, ал сау адамдар арасында 1000 адамнан 1-2 адамда ғана байқалады.

Мәселен, сиыр сүті — ең белгілі аллергендердің бірі. Сүттің құрамында шамамен 20 түрлі ақуыз бар, олардың әрқайсысы аллергия туғызуға қабілетті. Тауық жұмыртқасы да кең таралған аллерген. Медициналық тәжірибеде бір ғана тауық жұмыртқасын тұтыну анафилактикалық шокқа және басқа да ауыр зардаптарға әкелген жағдайлар бар. Ақуыз бен сары уыз түрлі антигендік қасиеттерге ие, сондықтан кейбір адамдар ақуызды оңай тұтынып, сары уызын тұтынғанда аллергияға шалдығуы мүмкін.

Егер өзіңізден аллергияның бегілерін аңғарсаңыз, дереу дәрігерге көрінгеніңіз абзал. Аллергия немесе басқа да аурулардың алдын алған жөн.

А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button