Жаңалықтар

Әділет министрі есеп берді

14 маусымда Қазмедиа орталығында Әділет министрі  Марат Бекетаевтың өңірлермен бейнеконференциялық байланыс  арқылы халық алдында есеп беру кездесуі өтті.  Өткен жылы  жеке және заңды тұлғалардың меншік құқығы, адвокаттық және  нотариустық қызмет, сот актілерін орындау, интеллектуалдық меншікке қатысты заңдарға өзгертулер енгені мәлім Биыл министрлік әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін   санкцияны жеңілдету, сот және мемлекеттік органдар арасында  өкілеттіліктерді бөлу, әкімшілік құқықбұзушылық  туралы істерді  сандық форматқа көшірумен айналыспақшы. Нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу  мерзімі 15 күннен 5 күнге қысқарды.

Ендігі жерде мемлекет мұқтаждығы үшін жер  телімі қайтарылып алынғанда өтелетін  сома мөлшері  жер учаскесінің нарықтық бағамы негізінде анықталады. Борышкер  кепілдікке қойған мүлкін үш ай ішінде өзі сата алады.  Борышкердің есепшотынан берешегі үшін алынатын   сома балаға төленетін алимент шотынан  өндірілмейді. Сонымен қатар борышкердің банк шотында ең төменгі күнкөріс шегіне тең қаражат қалуы тиіс.

Қорғаушылардың Адвокаттар коллегиясына тікелей бағыныштылығын туғызып жүрген  екі жағдай — мүшелік жарна мен адвокаттық ордер алу. «Жаңа заңнан осы екі талап алынып тасталған жарты жылдан  бері адвокаттар саны 400-ге артты. Соңғы 4 жылда  елдегі адвокаттар саны  300-ге ғана көбейген еді. Бүгінде  елімізде 5000 адвокат бар», —деді министр. Ендігі жерде адвокаттар қаржылық қызметі туралы есепті  интернет-ресурстарда жариялайды. Республикалық адвокаттар коллегиясының мүшелері бір мерзімнен артық сайланбайды.

2020  жылғы 1 қаңтардан бастап адвокат пен заң кеңесінің«кәсіби жауаптылығын сақтандыру институты» енгізіледі. Осы бойынша  сапасыз  қызмет көрсетілген адвокаттық қызмет үшіназаматтар өтемақысын ала алады.  Келесі жылдан бастап әлеуметтік және қаржылай жағдайы қиын азаматтар алимент өндіру, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, босқын немесе оралман  мәртебесін алу  сұрақтарымен  тегін заң кеңесін, тегін адвокат алу құқығына ие  болады.  Ендігі жерде жалақы қарызы, коммуналдық берешек, жалға алу төлемдерін өндіріп алу мәселелерін нотариустар шешеді. Сөйтіп, соттардың жұмысы біраз  жеңілдетілді.  Сот актілерін орындау сандық форматқа көшіріліп,  сот орындаушылар 52 мемлекеттік органның мәліметтер базасына кіріп, атқарушылық құжатқа қол жеткізеді. Сөйтіп, борышкердің жағдайын осылай бақылайды.

Жеке сот  орындаушыларының  республикалық палатасының жұмысына да  өзгерістер енгізілген. Палатаның есеп қызметі аутсорсингке көшіріліп, бақылау құқы  ең ірі аудиторлық компанияға берілді.Жеке сот орындаушыларының  рейтингі жобасы Ақмола облысында іске асырылуда. Бұл жерде борышын өтеушілер жеке сот орындаушылардың  рейтингіне қарап, тапсырыс бере алады. Бұрын ол құпия ақпарат болған.

Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 190 мемлекеттің арасында 28-орында. Министрдің мәлімдеуінше, бұл қағазбастылықтан арылып, «мемлекеттік қызметті электронды реттеудің арқасында» мүмкін болды. Мәселен, қазірде  жылжымайтын мүлікті тіркеу 15 күннен 3 күнге дейін қысқарды, әрі оған 2 ғана құжат керек. Бұрынғыдай техқұжат талап етілмейді. Өткен жылы шілдеден    электронды үкімет порталында кәсіпкерлік нысанды тіркеу, банк шотын ашу,  сақтандыру шартын жасау, салыққа қосымша құн салығын есептеу  бір мезгілде жасалатын болды. Заңды тұлғадан мөр талап ету  алып тасталды. Коммерциялық ұйымды тіркеу де Азаматтарға арналған үкіметке  берілді.

Өткен жылы қабылданған интеллектуалдық меншікті қорғау туралы  заң бойынша  интеллектуалды меншіктің бұзылуына өтемақы төлеу, авторлық құқықты электронды тіркеу ережесі бекітілді. Соның нәтижесінде  қызылордалық мектеп оқушысы Евгений Демиденконың Boeing-757 ұшағының техникалық және дизайнерлік  безендірілуі қазақстандық интеллектуалдық меншік ретінде патенттелді.

Министр баяндамасын қорытындылай келе, 2003-2018 жылдар арасында 18 миллиард АҚШ доллары сомасына мемлекет мүддесі қорғалғанын, сонымен қатар  Bank of New YorkMellon банкіндегі Ұлттық Банк шотына 21,5 млрд АҚШ доллары сомасына  салынған заңсыз тыйым алынғанын айтып өтті. Келтірілген залалды  өтеу жұмыстары жүргізілуде.

Министрдің баяндамасынан кейін облыстар онлайн режимінде сауалдарын қойды. Ақтөбе облысы заңгер-консультациялық палатасының мүшесі Әділет Ізбасаровтыңминистрлік сайтындағы адвокаттық қызмет тізбесін көбейту жөнінде  ұсыныс жасап, тест сұрақтарын қайда тапсыру керектігі туралы сұрағына Марат Бекетаев:

— Ендігі жерде Әділет министрлігі  тестілеу сұрақтарын дайындамайды, ол  республикалық Адвокаттар коллегиясы құзырына жатады. Болашақта адвокаттық қызметке өту үшін компьютерлік тест тапсыруды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің жанындағы тестілеу орталығына беру жоспарлануда, — деді.

Әділет министріне басқа өңірлердің азаматтары да сауалдарын қойды. Әділет министрінің есебіне Ақтөбе облысы әкімдігімен облыстық мәслихат депутаттары, «Атамекен» палатасы, іскер әйелдер қауымдастығының, саяси партиялар және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Баян СӘРСЕМБИНА.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button