Басты жаңалықтарӘлеумет

Жеке құрылыс бригадасындағы  жұмыссыз жұмысшылар

Кеңес Нокин даңғылы бойымен жүргенде, қысы-жазы төрт- бесеуден  топталып тұрған адамдарды көресің. Олар — жалдамалы жұмысшылар. Құрылыстың қарқынды жүретін  жаз мезгілінде бұлардың қарасы тіпті көбейе түседі. Сондай-ақ қала тірлігінің тынымсыз тасымалына қажет  жүкшілері де осы жерден табылады. Бұл жерде 18 жастан бастап 60 жастан асқан  да ер адамдар кездеседі.

 «Құл базары» деуге бола ма?

 Әрине, болмайды. Сыртынан қарасаң, қыста  бүрсеңдеп, жазда ыстықтан көлеңкені саялап тұрғандарды аяп кетесің. Алайда жақын барып сөйлессең, жаңағы ойыңнан  бас тартасың. Өйткені олар сен ойлағандай бейшара халде емес. Күніне 10 мың теңге берсеңіз де артыңыздан жүгіріп кетпейді. Жұмыстың түрін таңдайды, сосын жақсылап саудаласады. Қара жұмысқа  қай уақытта да сұраныс көп. Таңертеңнен қара кешке дейін осы жерде тұрғандардың барлығы да  ауылдан келгендер.  Арасында студенттер, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар және бір күн істеп екі күн демалатын күзетшілер бар. Олар неге осы жерге үйір? Тұрақты жұмысқа неге кірмейді? Мұның себебі, аттарын айтпауды өтінген  осы жердегі жігіттердің айтуынша, кәсіби біліктілігі, жұмыс тәжірибесі жоқ жастарға  қаладан жақсы жұмыс табу өте қиын. Қол күшін қажет ететін қара жұмысқа үйреніп қалған олар сосын  басқа мамандықты игеруге   аса құлшыныс танытпайды.

Көшіп жатқан адам  осы жерден жүкші жалдайды. Вагоннан зат түсіруге де жүкшілер қажет. Жалдамалы жұмысшыларға ақы сағатына қарап төленетін болғандықтан, олар  келесі жұмысқа үлгеруге тырысады. Бір күнде екі немесе үш тапсырыс түседі. Егер үйіңізге жиһаз немесе мұздатқыш алсаңыз, екі адам жалдайсыз.  Жоғары қабатта тұратын болсаңыз, ақшаңызды көбірек қамдайсыз. Себебі,  үйдің қабаты жоғарылаған сайын бағасы да  өсе береді. Үй салып жатсаңыз көмекшілікке бір адам жалдауыңыз мүмкін. Тас қалаушы, сылақшы, ағаш шебері, тағы басқа құрылыс маманы ол жерден тез табылады. Кешке дейін жұмысын бітірсе, 10 мың теңгеден кем емес ақша төлейсіз. Қара базардағы жалдамалы жұмысшылар — әр адымын есептеп, күшін бұлдайтын, жұмыс бағасын өздері қоятын адамдар.

 Бір күнде 30 мың теңге тапқан

«Пятакқа»  жалдамалы жұмысшы болып 10 жылдан аса жүрген 48 жастағы Аманғос Сандыбаев отбасын қара күшімен асырап келеді. Ауылда жұмыс таппай қалаға келген ол біраз уақыт жұмыссыз қалды. Таныстар арқылы осы жерге келіп күніне екі-үш мың теңгелеп қаржы тауып жүрді. Үйренісе келе ерінбеген жанға ақшаны осы жерде жақсы табуға болатынын білді. Қазір бір жерге күзетші болып орналасты. Қалған екі күн демалысында «пятакқа» келеді.

Біз тұрған жерде  құм, қиыршық тас, кірпіш, тағы басқа құрылыс  заттарын  тасымалдайтын ауыр жүк көліктері, «Газель» тұрады. Оларға көбіне жүкші, жұмысшылар керек. Жалдаушылармен ілесіп, осы көліктерге  құрылыс заттарын тиейміз. Бір көлікті толтыруға  2000 теңге аламыз. Өткенде бір  көлік құмды бес қабатты үйдің алдына төктік. Сатып алушы бесінші қабатқа шығаратын адам іздеді. Мен жалғыз өзім қаптап түп-түгел шығарып бердім. Кешке дейін бітірдім. Үй иесі келіскен 30 мың теңгемді санап берді. Сөйтіп, бір күнде 32 мың теңге таптым. Тек ерінбеу керек. Қазір жаппай құрылыс жүріп жатқандықтан, жұмыс  түрі көп. Кей жігіттер жұмыс таңдап бармай қалады да, кешкісін үйге  бос қайтады.

Әр мезгілдің өз жұмысы бар. Қысқа қарай соғым маусымы басталғанда, жылқы, ірі қараны союға  20 мың теңге сұраймыз. Ораза айт, Құрбан айт кезінде  бір қойды 6-8 мың теңгеге соямыз. Жалғыз өзім күніне он қойды жайратып тастаймын. Сөйтіп, кешкісін бір айлық ақшамды алып қайтамын. Мұнда бастық жоқ, қожайын жоқ, өз еркім өзімде, — дейді ол. Оның айтуынша, бір көлік құмның бағасы 13-14 мың теңге, қиыршық тас – 30 мың теңге.

Жол бойындағы «жұмыссыз жұмысшыларға» облыстық халықты жұмыспен қамту орталығының  мамандары келіп тұрақты жұмыс ұсынады. Бірақ ешқайсысы бармайды. Өйткені олардың айына берілетін 42 мың теңгенсін екі-үш күннің ішінде табады. Қазір ондағы жұмысшылар жеке бригада құрып, құрылыста жүр. Ал тұрақты жұмысқа кіргендердің көбі вахтада немесе зауыттарға орналасқан.

Бұл жерден күніне жақсы табасың. Бір қиыны, оны жинай білу керек. Тапқан ақшаны оңды-солды жұмсап қоямыз. Қыста қиын. Ондай кезде уақытша жұмысқа тұрып, жазда осы жерге қайта келеміз, — дейді «пятакта» тұрған жігіттердің бірі.

Өзбек пен қазақ жұмысшысы

Көп жерлерде  өзбек ағайындарды арзан жұмысшы ретінде пайдаланады. Бірақ оған екінің бірінің қолы жете бермейді. Оныңда заңдылықтары бар. Көші-қон полициясында белгілі бір уақытқа тіркеуде тұрады. Рас, еңбекқор халық. Төзімді, қазақтардай бап талғамайды, салғыласпайды, талап қоймайды. Жұмыс берушіге бұл, әрине, майдай жағады. Оның үстіне он мың теңге олар үшін көп ақша. Өзбек жұмысшылары «пятакта» тұрмайды. Біздікілер бағаны түсіресіңдер деп тұрғызбайды да. Күніне 10 мың теңгеге бір қазақ жігітін көндіргенше сол ақшаның жартысына бірнеше өзбек жалдап алуыңыз әбден мүмкін. Дегенмен қай жұмысты да  қазақ жігіттері сапалы жасайды. Өйткені олар толық үйренбей қолынан келмейтін іске бармайды. Қазір жер-жерде құрылыстың қарқынды маусымы басталды. Бір үйдің сыртқы жұмысы бірнеше миллионға жасалады. Ал жұмысшы бригадасын жалдасаңыз кем дегенде үш-төрт миллион теңге төлейсіз. Онда да ішкі жұмыстары бөлек есептеледі. Ол да сондай бағамен парапар. Үй салушылар жалдамалы жұмысшылардың қолы қымбат екенін айтса, олар ауыр бейнетін алға тартады.

Табыстың қайда екенін біліп, ақшаның дәмін татқандар жыл сайын үй салуға тапсырыс қабылдап жатады. 4-5 адамнан тұратын құрылысшы бригадалары көбейді. Олар облыстың қай жері болса да тартынбайды. Тек бағасына келіссеңіз болды.

Үйдің іргетасын құйып, төрт қабырғасын көтеріп, төбесін шатырлап бергенді құрылыс тілінде «Черный» дейді. Ауылдан келген құрылысшы бригадалар көбіне осылай келіседі. Ал оның ішкі жұмыстарын қалалықтар соңғы үлгімен жасайды.

Құрылысшы — ауыл көркі

Ойыл ауданы Көптоғай селолық округіне қарасты 100 үйден тұратын Амангелді ауылы бұл кәсіпті өзгелерден ерте бастады. Ауылда 1995 жылдан бастау алған осы кәсіп кейін жанданып, сол амангелділіктердің күнкөріс көзіне айналды. Қазір Амангелді ауылында 6-7 құрылыс бригадасы бар. Жаз басталысымен тапсырыс алып, облыс аудандарына, көрші облыстарға дейін барады. Үйренген. 4 адам бір үйді бір айға жеткізбей тұрғызып болады. Әрқайсысы 250-300 мың теңгеден алып келеді.

Жыл сайын мектеп бітірісімен жастар сол бригадаларға қосылып құрылысты үйренеді әрі табыс табады. Сондықтан ауданның өзге ауылдарына қарағанда тұрмысы жақсы, халқы тұрақты. Екі үйдің бірінде бір құрылысшыдан болғандықтан ауылдың түгелге дерлік шатырлары мен қақпалары жаңартылды. Әркім тапқан табысының жартысын үйлерін дұрыстауға жұмсайды. Бір ерекшелігі, бос жүрген жастар әкімшіліктен жұмыс сұрай бермейді. Табысы мол құрылысқа кетеді.

Әкелеріміздің, ағаларымыздың қасында жүріп үйрендік. Бір жазда 1 миллион теңгеден астам ақша табамыз. Оны он екі айға бөлгенде 80-90 мыңнан келеді. Бұл — ауылда әжетпәуір табыс. Айына осындай табыс келгеннен кейін қолдағы азын-аулақ малың да өсе береді. Қыста соны қарап жатамыз. Осы кәсіппен ауыл тұрмысын түзеп, қызын оқытып, ұлын үйлендіріп жатыр. Әрбір екінші үй сайын бір көліктен бар. Техника көбейген сайын жылқы малы да бұрынғыдай мінілмей, жегілмей тұрақты өсіп тұр. Әрбір үшінші үйде үйір жылқыдан бар. Оның бәрі осы құрылыстың арқасы. Ауылда өзін-өзі жұмыспен қамту жоғары деңгейде. Одан бөлек шаруақожалықтар, кәсіпкерлер маусымдық жұмыстарына адам алады. Қазір  қыстаудағы малшының үйлерін жаңартып, мал тұратын қораларын салдыратындар көп. Алысқа бармай-ақ ауыл айналасынан осындай жұмыстарды жасаймыз. Ал ауылдан ұзап шыққан жастар әр жерден құрылыстың үлгісін үйреніп келіп, өз үйлерін әрлеуге тырысады. Бір қуанарлығы, аудан орталығында мемлекеттік бағдарламамен жыл сайын салынатын үйлерге де барамыз. Ең бастысы, демалысың көп, жеке шаруаларымызға еш кедергі жоқ. Тек ерінбесең, аяғың мен қолыңның қимылдағаны ақша, — дейді ауыл тұрғыны Бауыржан Нығметов. Ол бұл кәсіппен 15 жылдан бері айналысып келеді. Студент екі ұлын қасына ертіп, еңбекке үйретті.

Қазір ауылдық жерлерде құрылыстың бәрі Ақтаудан әкелінетін ұлутастардан салынғанымен, саман тасқа деген сұраныс әлі түскен жоқ.

Тапсырыспен тас соғатын жалғыз адамның өзі күніне шамамен 200-дей тас шығарады. Бір тастың бағасы 60-70 теңге.

Ауылдан келіп «Пятакта» тұрғанымен бүгінгі күннің сұранысына ие болып отырған жалдамалы жұмысшыларды жұмыссыз деп те айтуға болмайды. Олар да өз нәпақасын осылай тауып жүр…

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button