Басты жаңалықтарДенсаулық

Аритмия инсультке шалдықтырады

Қазіргі таңда жүрек-қан тамыр, қан қысымы  ауруларына шалдығушылар өте  көп. Инсульт алып кенеттен көз жұмып жатқандар қаншама. Көпшілігі ауруын асқындырып алғанын білмейді. Ал инсультке соқтырар жолдың бірі — жүрек ырғағының бұзылуы, яғни аритмия. Бұл аурумен сырқаттанғандардың 30 пайызы инсульт алады. Өкініштісі, науқастардың көпшілігі аритмияға шалдыққанын дер кезінде сезбейді.

Фибрилляция қауіпті белгі

Жүрек-қан тамыр, артериалды қан қысымы аурулары — бір жүйе, бір, бірімен тығыз байланысты. Егер жүректің қызметі, ырғағы бұзылса, қан қысымы көтеріліп немесе төмендеуі мүмкін.

Адамның  жүрегі қуысты бұлшық еттен тұрады. Ол тұтас вертикаль перде арқылы оң және сол жақ  бөлікке бөлінеді. Ал горизонталь бағытта өтетін екінші перде жүректі төрт қуысқа бөледі. Олар — жоғарғы қуыстар, яғни жүрекшелер, төменгі қуыс — қарыншалар. Ірі тіндер жүректі қанмен қамтамасыз етеді.

Ақтөбе медициналық орталығының интервенционды кардиолог дәрігері  Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша, аритмияның түрі көп. Соның бірі — жүрекше фибрилляциясы, яғни жүректің жыбырлауы.

Қазіргі күні бұл ауруға көп адам мән бермейді. Себебі аурудың белгісі кейбіреуде  білінеді, ал енді бірі  сезбейді. Жүрек қалыпты түрде жиырылған кезде алдымен жүрекше, сосын қарынша, яғни осылай қайталанып жиырылып тұрады. Жүрекше фибрилляциясы кезінде жүрек пен қарынша арасындағы қан айлалым бұзылады. Ал жүрек қалыпты деңгейде жиырылмағандықтан жүрекше  үлкейе береді.  Уақыт өте өкпеге салмақ түседі. Осы кезде адамда ентігеді. Жүректің кіші  қан айдау қызметінде іркіліс пайда болады. Жүрек ішінде, әсіресе сол жақ құлақшасында  тромб түзіледі. Ал бұның соңы инсультке шалдықтырады. Фибрилляцияның қауіптісі — осы.  Өкініштісі, адамдардың көпшілігі ауруын асқындырып барып келеді,  — дейді дәрігер.

Жүрек ырғағының негізгі себебі — жүрек импульсінің нашарлауы. Қалыпты жағдайда адамның жүрегі минутына 60-80 рет соғады. Ал аритмияға шалдыққанда жүректің ырғағы бұзылады. Медицинада жүректің тым тез соғуын — тахикардия, ал баяу соғуын брадикардия деп атайды.

Аудандардан келетін науқастар көп

Аритмология — облыс медицинасындағы кеш дамыған сала. Алғашқы емдік шара Астана қаласындағы ғылыми кардиохирургия орталығының аритмология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Аян Әбдірахманов бастаған дәрігерлердің қатысуымен 2015 жылы Ақтөбе медициналық орталығында жүргізілді. Өкініштісі, науқас саны көп болғанымен орталықта әлі күнге дейін өз алдына бөлім жоқ. Аритмияға шалдыққан науқастарға кардиология бөлімінен екі-ақ кереует бөлінген. Дәрігерлер соған қарамастан келген адамның барлығына көмек көрсетеді. Дегенмен, аритмия өз алдына бөлім болып ашылса, науқастар үшін өте қолайлы болар еді.

Қазір медициналық орталықта аталған ауруға шалдыққан науқастарға кардиолог дәрігер Болат Хамидулла мен интервенционды кардиолог  Жамбыл Жайлыбаев ота жасайды. Биылғы бес айда отыз адамның жүрегіне кардиостимулятор қойылған. Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша, ауру жас талғамайды. Кейінгі жылдары ауданнан келетін науқастар көбейген.

—  Оның ішінде экологиялық жағдайдың нашарлығы болуы мүмкін, Шалқар ауданынан келетіндер көп, — дейді дәрігер.

Ауруын асқындырып келетіндердің де дені ауданнан болып отыр.

Жамбыл Жайлыбаев егер қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған  көлік  берсе, ауыл-аймақтарды түгел аралауға әзір екенін айтады.

Аритмология саласында он жылдан аса тәжірибесі бар білікті кардиолог Болат Хамидулланың айтуынша, алғашқы жылдары аритмияның бір-екі түріне ота жасаған. Ал қазір ондаған түрін емдеуге жол ашылды. Қажетті аппараттар мен құрал-жабдықтардың да қатары толыққан. Тек қана кардиостимулятор емес, жүрек ырғағы бұзылған науқасқа  радиотолқынды күйдіру, яғни абляция жасалады. Мәселен, адам жүрегінің тінінде  әртүрлі себептерден туындаған немесе туабітті қалыптан тыс өткізгіш жолдар болады. Жүректегі бұндай ақау оның ырғағын бұзады. Ілгеріде бұндай артық өткізгіш жолдарды  кеуде қуысын ашып, ашық ота жасау арқылы алатын болған. Ал қазір ота денені кеспей жасалады. Ұзын сым тәрізді электродты құрал арқылы тамырға өтіп, жүрекке жетіп, тіндегі тыртық күйдіріледі. Бұндай отадан кейін ертеңіне-ақ адам тұрып жүре береді.

Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша, кейінгі кезде диагностиканың сапасы артқандықтан  науқастың да саны артып отыр.  Көрші облыстардан да келетіндер бар. Сондықтан осы бағытқа көңіл бөліп, жасалынатын ота санын көбейту керек. Егер мемлекет тарапынан сәл  қолдау болса, ақтөбелік дәрігерлердің бұл саланы жандандырарына толық мүмкіндігі бар. Қажетті аппараттар жеткілікті. Тек қана дәрігерлердің біліктілігін арттыруға, яғни сырт елде тәжірибе шыңдауға мүмкіндік жасаса болғаны.

Жүректің соғу ырғағы қалай бұзылады?

Жүрек өздігінен үнемі электрлі импульс шығарып тұратын, яғни, қарапайым тілмен айтқанда, электр қуатын  шығаратын ерекше мүше. Жүрек бұлшық еті импульс арқылы жиырылады. Электрлі импульс оң жақ жүрекшеде синоатриалдық — синустық ( СА) түйіннен шығады, яғни жүректің қалыпты  соғуы осы түйінге тікелей байланысты. Осы жерден шыққан импульс  өткізгіш жасушалар арқылы жүректің қалған бөліктеріне таралады. Бұл түйін — жүректің табиғи кардиостимуляторы. Егер жүрек импульсі, медицинада бұны «автоматизм» деп атайды, осы автоматизм күшейсе, тахикардия азайса, брадикардияға соқтырады. Жалпы жүректе негізгі синустық түйіннен өзге қосымша екі түйін бар. Негізгі түйін жұмыс істеп тұрғанда бұл екі түйін іске қосылмайды, бірақ импульс шығаруға дайын болады. Егер бірінші түйін істен шықса, екіншісі бірден жұмысын бастайды. Бірақ бұл түйіннің импульс күші біріншіге қарағанда әлсіз. Жүрекке минутына 40-60 импульс береді. Ал бұның жұмысы нашарласа, үшінші түйін іске қосылады. Бұның күші алдыңғы екі түйінге қарағанда төмен. Жүрек өте жай, минутына 20-30 рет соғады. Негізгі түйін импульс шығармай, қызметін тоқтатса да ол жерге қан барады. Бірақ электр тогы бармағандықтан жүректің қызметі, ырғағы өзгереді. Жүрек ырғағы бұзылған кезде кардиостимулятор қойылады. Өйткені негізгі түйін импульс шығармағандықтан оған дәрі-дәрмек әсер етпейді. Науқас жан-жақты тексерулерден өтіп, нақты диагноз анықталған соң оған кардиостимулятор аппараты қойылады.

Ал  кардиостимулятор дегеніміз не? Ол  — жүрек ырғағы қалыпты соғуына ықпал ететін, яғни ырғақ бұзылған кезде электрод арқылы жүрекке импульс жіберетін медициналық құрал. Кардиостимулятор науқас кеудесінің сол жақ бұғанасына, терінің астына қойылады. Ал оның электродтары тамыр арқылы жүрекке кіріп тұрады. Егер науқас арық адам болса, аппарат бұлшық етке енгізіліп, тігіледі. Аппаратқа арнайы бағдарлама енгізіледі. Сол бойынша аппарат жүректің белсенділігін сезіп, ырғақты қалыпты ұстайды.

Электрокардиостимулятордың түрі көп және бағасы да арзан емес. Кейінгі жылдары заманауи жетілген, яғни чип тәрізді түрлері шығып жатыр. Оның құны қымбат. Әзірге бұл Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықта қолданылады.  Ал  Ақтөбе медициналық орталығында қолданылатын бір стимулятордың құны 1 миллион теңгеден басталып, 3,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Мәселен, заманауи, жоғары технологиялық аппараттың бірі — «CRT-D» үш камералы кардиостимуляторы. Аппарат  үш электродтан тұратындықтан кезекпен жүректің үш аймағын стимуляциялайды. Сондықтан аса ауыр жүрек аритмиясы бар, кенет жүрек тоқтап қалу қаупі бар  науқастарға қойылады. Егер жүрек соғысы баяуласа ток ұрғызып, қалпына келтіреді. Кардиостимулятордың қызметі импульс шығаруға байланысты бес жылдан он бес жылға дейін жалғасады. Науқас үнемі дәрігердің бақылауында болады. Егер стимулятор энергияны көп шығарса, аппарат ауыстырылады. Бұл үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button