Жаңалықтар

Қалдық суларда зиянды зат мөлшері көп

Ақтөбе қаласындағы ауа сапасының нашарлығы, жағымсыз иіс, қаланың кәріз желілеріне  ағын сулар тазартылмай құйылатындығы  — Экология департаменті, «Ақбұлақ» АҚ мамандары мен  қаладағы өндірістік  нысандар басшыларымен ортақ басқосуда талқыланды.

Соңғы кезде қалада жағымсыз иіс тағы шықты. Оның үстіне, «Қазгидромет» мекемесінің  автоматтандырылған  бекеттері 3 рет  ауадағы күкіртті сутегінің көбейіп кеткенін  тіркеді. Ауадағы күкіртті сутегінің қалыпты деңгейі 0,8 милиграмм болса, 3 рет рұқсат етілген нормадан 10 есе артып кеткен жағдай тіркелді.

–– Негізгі ластаушы көздердің бірі  — қаламыздағы кәріз жүйесі, — дейді Экология департаментінің бөлім басшысы  Жібек Тайжанова. — Экологтар ағынды суларды жиі ағызатын мекемелерді анықтау үшін жоспарлы тексеріс өткізді. Нәтижесінде лас суды ағызудың нормативтік ережелерін сақтамайтын мекемелер анықталды. Ақтөбедегі кәріз жүйесіне  3800-ден астам  абонент су ағызады. Олардың 317-сі өндірістік мекемелер, 156-сы қоғамдық тамақтандыру орындары, ал  152-сі өндірістік нысандар.

Соның ішінде спиртті ішімдіктер шығаратын мекемелер мен  газдалған сусындар шығаратын  орындар лас суды ең көп ағызатындар қатарында. 2018 жылы аталмыш мекемелерге ағынды  сулардағы ластаушы заттардың  концентраттарын азайтатын препараттар қосу ұсынылды. Біздің  қайта-қайта ескертуімізді қабылдамаған  бір кәсіпорынды  экономикалық сотқа бердік. Егер жағдай өзгермесе, қалдық суларды  шектік қалыптан тыс ағызып,  оларды зарарсыздандыруды қажет деп таппайтын  тағы да 16  өндірістік нысанды сотқа дайындап жатырмыз.

Жыл басынан бері «Ақбұлақ» АҚ мамандары қалдық сулардағы зиянды заттар құрамы мен мөлшерін анықтау мақсатында 203 рет сынама алған. Нәтижесінде  100 мекеменің қалдық суларынан зиянды заттар мөлшері өте көп табылды. «Ақбұлақ» АҚ вице-президенті  Тимур Бабанаев оларға биопрепараттар не май тұтқыш қондырғылар орнату арқылы зиянды қалдық мөлшерін азайтуды талап еткендерін хабарлады.  Жиналысқа келген кәсіпорын басшыларына  талап-ескертпелерді орындамағандықтары себепті, олардың үстінен  Экология департаментіне шағымданатындарын хабарлады.

                                                                              Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button