Құқық

Жалған автокөлік нөмірлері анықталып жатыр

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті өңірлік коммуникациялар қызметінде бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша брифинг өткізді.

Осы жылдың бірінші тоқсанында облыста 1 миллион 545 мың 689 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызмет көрсету сапасына 22 рет ішкібақылау, рейдтер жүргізіп 59 заңбұзушылықты анықтаған. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркамал Шамишеваның айтуынша, облыста қызметтердің 81%-ы электронды түрде жүргізілген.
Ішкі бақылау бойынша жасырын рейд кезінде Мәртөк, Қобда, Шалқар ауданындағы кейбір қызметкерлердің этиканы өрескел түрде бұзғаны анықталды. Халыққа қызмет көрсету орталығына келген тұрғынмен дұрыс сөйлеспей, сауалына дер кезінде жауап бермеген қызметкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Алмаз Гильманов облыста мемлекеттік жалған автокөлік нөмірін пайдаланудың 3 дерегі анықталғанын хабарлады. Жалған автокөлік нөмірлерін сатушылар OLX-ке жарнама беру арқылы өз қызметтерін
ашықтан-ашық ұсынады. Жүргізушілер жол ережесін бұзып,көшедегі бейнекамераға түсіп қалғанда, айыппұл төлемеу үшін жалған нөмір сатушылар қызметіне жүгінеді. Көліктің артқы және алдыңғы нөмірлерінің бағасы — 7 мың теңге. Бұлардың сырт көзге мемлекеттік нөмірден айырмашылығы жоқ,
жол ережесі бұзылғанда, МАИ қызметкерлері мәліметтер базасынан тексерген кезде анықталып жатыр. Қазір Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жалған мемлекеттік нөмір жасаушыларды анықтауға полиция департаментіне арыз түсірді.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button