Басты жаңалықтарДенсаулық

Көкөністің сапасы санитарлық талапқа сай ма?

Сауда

Мамыр айының соңғы аптасынан бастап қала базарларында көкөністің түрі  көбейді. Сауда орындарындағы бұндай өнімнің бірі жергілікті жылыжайдан алынса, енді бірі еліміздің оңтүстік өңірлері мен көрші Ресей және Өзбекстаннан әкелінген. Сондай-ақ қазір Ораза айы болғандықтан шетелден кептірілген құрманың түрі келіп жатыр. Көпшілік сырттан тасымалданатын өнімнің сапасына күдікпен қарайды. Ал бұл өнімдер санитарлық талапқа сай ма? Мамандар не дейді?

Баға мен сапа

Қала базарларына еліміздің оңтүстігінен қияр мен қызанақ молынан әкеліне бастады. Себебі бұл аймақта бір маусымда екі-үш рет өнім алынады. Алғашқы піскен өнімнен ақтөбеліктер де ауыз тиіп жатыр. Қазір қала базарларында қиярдың бағасы 250 теңгеден басталып, 400 теңгеге дейін жетеді. Ал қызанақтың бағасы 400-600 теңге аралығында.  Орталық базарда көкөніс пен жеміс-жидектің түр-түрін сатып тұрған Марат есімді сатушы, әр өнімнің сапасы мен бағасын тәпіштеп айтып  берді. Келісі 400 теңге тұратын қызанақ Ташкенттен әкелініпті. Ал жергілікті жердегі жылыжай қызанағының құны — 500 теңге. Көбірек алсаң 450 теңгеден береді. Екеуінің де сапасы жақсы екенін, алайда жергілікті өнімнің ерекше екенін айтқан сатушы қызанақтың бір түйірін иіскетіп көрді. Жылыжайдан әкелінген өнімнің  иісі мұрын жарады. Сырты таза, бұтақтарымен бірге сатылып жатыр.

—  Тұрғындар ең алдымен өнімнің тазалығына, сапасына қарайды. Сондықтан санитарлық талапты сақтауға тырысамыз. Өнімдерді 41-разъездегі көтерме базардан әкелемін. Соғылып, бүлінген көкөністі сатпаймын, — дейді Марат.

Орталық базарға келіп көкөніс алушылардың бірі сапаға мән берсе, екіншісі бағасына қарайды. Өзін Маржан деп таныстырған апай сәл қымбат болса да жергілікті өнімді алатынын айтты.

Базарда саудасы қызып тұрғандардың бірі — кептірілген жеміс сатушылар. Әсіресе құрманы алушылар көп. Түріне байланысты бағасы да әртүрлі. Ираннан әкелінген құрманың бағасы 350 теңгеден басталады. Сатушылар өнімнің сапасына шағымданғандардың болмағанын айтты.

Жалпы мамандар ерте піскен өнімдерді абайлап пайдаланған жөн екенін ескертеді. Себебі өндірушілер өнім тез пісуі үшін нитрат қосындылары бар тыңайтқыштарды пайдаланады. Ал бұндай тыңайтқыштардың көп мөлшерде болуы адам денсаулығына кері әсерін тигізіп, тіпті улануға душар етуі мүмкін. Сондықтан көкөністі жабық базарлар мен арнайы дүкендерден сатып алған жөн. Себебі бұл жерлерді қадағалау органдары үнемі тексеріп отырады. Ал көше бойынан өнім алмаған дұрыс.

Тұрғындар  тағамның  сапасына қатысты шағымданғысы келсе, 55-77-83 номеріне хабарласуына болады.

170 адам ішек инфекциясын жұқтырған

Ақтөбе қалалық қоғамдық денсаулық сақтау  басқармасы басшысының орынбасары Айсәуле Оралбаеваның айтуынша, өнімдердің қауіпсіздігін қадағалау мақсатында сауда орындарына  мониторинг жүргізіледі. Соңғы бес айда 18 жеміс-жидек пен көкөністен сынама алынған. Оның ішінде пияз, сәбіз, картоп, құрма, алма, алмұрт, банан, апельсин, қияр, қызанақ, сарымсақ өнімдері зертханалық тексерулерден өткен.

— Өнімдердің құрамындағы нитраттардың, пестицидтердің мөлшері анықталды. Нәтижесінде барлығы да санитарлық талапқа сай келді. Жалпы тұрғындардан көкөністің және құрманың санитарлық тазалығына қатысты арыз-шағым түскен жоқ. Дегенмен қазір күн ыссы, тұрғындардың сақ болғаны жөн. Себебі жаз мезгілінде жұқпалы жедел ішек аурулары жиі кездеседі. Сондықтан көкөністер мен жеміс-жидектерді жылы суға мұқият жуып жеу керек. Балаларға да осылай тазалауды үйреткен дұрыс.  Тағы бір ескеретін нәрсе, кез келген жерден, оның ішінде қолдан өнім сатып алмаған жөн. Егер тұтынушы өнімді сатып алар кезде күмәнданса, оның сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын құжат талап етуі керек. Өнімнің сыртқы түріне, иісіне және сақтау мерзіміне мұқият назар аударған жөн, — дейді Айсәуле Оралбаева.

Соңғы төрт айда Ақтөбеде жедел жұқпалы  ішек ауруына шалдыққан 170 адам тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны — 167. Аурудың ең негізгі себебі — үйде дайындалған, ұзақ тұрып бұзылған, сақтау мерзімі өтіп кеткен тағамдарды пайдалану. Сырқаттанғандардың көпшілігі көшеден тағам сатып алған.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, жедел ішек инфекциясын жұқтырған балалардың аналары баланы емізу, тамақтандыру кезінде жеке бастың гигиенасын сақтамаған. Сондай-ақ  сүттен жасалған тағамдарды әзірлеу кезінде мерзімі өтіп кеткен өнімді пайдаланған.

Ауру жұқтырмаудың жолы —  тазалықтың қарапайым ережесін сақтау. Жеке бас және үй гигиенасын сақтап, дәретханадан, көшеден және үй жануарларын серуендетіп келгеннен кейін  қолды сабынмен жуу керек.  Сондай-ақ балалар тағамының қоспасын дайындаған кезде сапалы ауызсу пайдаланған жөн. Тез бұзылатын өнімдерді және дайын тамақты 2-6 °С температурада сақтау керек.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button