Әлеумет

Қадір түні мың айдан да қайырлы

 Жылына бір рет келетін Рамазан айындағы Қадір түнінің рухани салмағы, маңызы өте зор. Биыл Қадір түні мамырдың 31-інен маусымның 1-іне қараған түнге сәйкес келіп тұр.

Құранның «Қадір» сүресінде: «Анығында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады», — делінген. Есептеп қарасақ, мың ай дегеніңіз — 83 жыл 4 айға жуық уақыт екен. Демек, Қадір түнін құлшылықпен өткерген адам бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелмек.

Жалпы, Рамазан айының соңғы онкүндігі құлшылықты ерекше күшейтетін уақыт болып саналады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде:«Рамазан айының әуелгі бөлігі — мейірімділік, ортасы — кешірім, соңы — тозақтан қалқан», — делінген.

Хадис бойынша, Қадір түні Рамазан айының соңғы он күндігінің тақ түндерінің біріне жасырылған. Бұл — Рамазан айының 21-ші, 23-ші, 25-ші, 27-ші немесе 29-шы түндері. Көпшілік ғалымдардың пікіріне сүйеніп, біз Қадір түнін Рамазанның 27-түнінде қарсы алып жүрміз.

Қадір түніндегі құлшылықтарға келсек, бұл ғибадаттар — намаз оқу (парыз намаздан қарызы болса, алдымен бес уақыт намаздың қазасын өтейді), Құран оқу, өткен күнәлар үшін өкініш білдіріп, кешірім тілеу, алдағы күндер үшін тілек тілеу. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Кімде-кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі», —  деп сүйіншілеген. Ал Суфиян Сәури есімді ғалым: «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу — ең жарасымдысы», деген.

Қадір түнін мешітте өткізген жағдайда, тыныштық сақтап, көпшіліктің мазасын алмауды ойлаңыз.

Рамазанда жасаған құлшылықтарыңыз, қайырымды істеріңіз бен игі тілектеріңіз қабыл болғай!

 Діни әдебиеттер бойынша әзірлеген Бекбол МАЙЛИШОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button