Басты жаңалықтарӘлеумет

Жол мен жолаушы немесе такси қызметінің бағасы мен сапасы қандай?

Осыдан 10 жыл бұрын Ырғыздан ертемен шыққан автобус  облыс орталығына бірнеше сағаттан соң жететін. Жолаушыға жұмсалатын уақыттың ұзақтығынан гөрі ойдым-ойдым жолдың азабы көбірек бататын. Оның  үстіне Ырғыздан күніне  бір  рет қатынайтын автобусқа ертерек  билет алып қоймасаң, міне де алмайсың.  Қазір Батыс Европа, Батыс Қытай тас жолы салынып, ол аудан арқылы өтіп жатыр. Автобус жаңарды, бұрынғы жол азабы артта қалды.  Ендігі кезекте  жолаушы талғамы  жеңіл көлікке ауысты.  Бүгінде Ақтөбеден  аудан орталығына  4 сағатта-ақ  жетіп барасың.

 

Ерте тұрған таксистің…

Алайда көлік таңдау да өзгеріске ұшырады. Жолаушы  діттеген жеріне  жылдам әрі  тез жүретін  жеңіл көлікті таңдайтын болды. Бұл, екінші жағынан, жолаушы өмірінің қауіпсіздігі мен жол ережесін  сақтау мәселесін бірінші орынға шығарды.  Осы жағдайларды байқап, көзімізді жеткізу үшін облыс орталығынан 430 шақырым жердегі Ырғыз ауданына барып қайттық.

Әдетте аудандарға жүретін көліктер теміржол вокзалы, автовокзал және Орталық базар төңірегінде тұрады. Бірақ осы үш нүктені сүзіп шыққан мен Ырғызға баратын автобус түгілі, бірде бір жеңіл көлік кездестірмедім.

Артынан білдім. Ырғызға бару үшін көлік іздеп сандалудың қажеті жоқ екен. Тек Ырғызда орналасқан 4-5 диспетчердің бірінің ұялы телефонын тауып алып,  тапсырыс беріп, жолға шығар уақыт пен мекенжайыңды хабарласаң, таксистердің өздері келіп алып кетеді. Белгіленген кестеге сай көлік таңғы сағат 5.00 мен 10.00-де жүреді.

Егер ерте барғыңыз келсе, ұйықтап қалып, таңдағы көліктен қалып қоямын деп уайымдау да бекер екен. Ырғыздың таксистері өзіңді әуелі қоңырау шалып оятып алады. Содан кейін мекенжайыңа жақын қалғанын білдіріп тағы хабарласады. Сөйтіп айтылған уақытта жолаушылар түгелденгеннен кейін күн шықпай жүріп кетеді.

Негізінде сағат беске жетпей шығып кетсек күнге ұрынбаймыз. Біз он-он бес минут кешігіп келеміз. Себебі қарсы алдыңнан шыққан күн шағылысып кедергі болады. Жылдамдықты амалсыз азайтасың. Ал, менен бұрын кеткен такси ендігі Қарабұтаққа жетіп алды. Ол кезде күн жаныңнан түседі, — дейді таксист жігіт.

Оның бұл кәсіп түрімен айналысқанына бір жылдан асыпты.

Басты мақсатым осы болғаннан кейін менің қойған сұрақтарыма іркілмей жауап беріп келеді.

Оның айтуынша түнгі сағат үште тұрады екен. Өйткені қаланың әр жерінен адам жинаймын дегенше екі сағат уақыт кетеді.

 

19 тағам қамтылған ас мәзірі

Әне-міне дегенше екі арадағы орталыққа — Қарабұтаққа келдік. Сол жердегі бірнеше жанармай, газ құю бекеттерінің біріне тоқтадық.  Жолақыны сол кезде берсең болады. Билет құны — 2500 мың теңге. Ырғыз бен екі ортада «ұшқанда қарға жоқ» деген сөз қазір айтылмайды. Халықаралық жол болғаннан кейін әр 30-40 шақырым сайын шайхана, қонақүйлер салына бастапты. 3-4 жерде жанармай, газ құю бекеттері бар. Тегіс жолдың бойында көлік ағылып жатыр. Жол бойындағы барлық ауылдар мен елді мекендер, облыс орталықтары мен аудандардың бағыты, қанша шақырым қалғанын білдіретін жол белгілері анық көрсетілген. Ұзын жолдың бойымен солға қарай Ырғыз ауданының орталығына  25 шақырым жүресің. Оңға бұрылсаң, Шалқар қаласының қашықтығы 135 шақырым. Айырықта орналасқан шайханалардың бірін ырғыздық кәсіпкер Жанна Есболғанова бұдан бірнеше жыл бұрын салған. Кейін талапқа сай заманауи етіп жөндеді. Онда жолаушыларға барлық жағдай қарастырылған. Ас мәзірінің 19 түрі бар. Бағалары да қымбат емес. Тұрақты. Кең бөлмеде жүргіншілер үстелде немесе арнайы тапшанда отырып тамақтанады. Екі теледидар күндіз-түні қосылып тұрады. Төрт адамдық үш қонақ  бөлмесі бар.

Күніне қанша адам келіп, қанша көлік тоқтайтынын санамаппыз. Әр кезде әртүрлі. Жазға қарай адам көп болмайды. Бұл жерде 70 адам бір мезгілде тамақтана алады. Халықаралық жол болғаннан кейін туристер де жиі келеді. Біздің басты проблемамыз — газ бен ауызсу. Егер құбыр тартылса, үлкен жеңілдік болар еді. Ұңғы қазғанымызбен суы ащы болып шықты. Ауызсуды аудан орталығынан тасып отырмыз. Ал қыста электр тогы арқылы жылытылатын болғандықтан айына 400 мың теңгеге дейін төлейміз, — деген кәсіпкер шайхананың жанынан дөңгелек жөндеу, автоқосалқы бөлшектер сататын шағын дүкен ашқанын да айтты.

Бұл жерге әлеуметтік инфрақұрылымдар жүру үшін, әрине, алдымен  халық қоныстанып, елді мекен пайда болуы керек. Болашақта бұл жердің ауылға айналуы да ғажап емес.

 

Бәсекелестіктің басы — сенімге ие болу

Ырғыздың орталық көшелерінде жол белгілері толық қамтылған. Жаяу жүргіншілер өтетін жолақтар бірнеше жерде бар. Селоның ішінде екі маршрут ұйымдастырылған. Жүру бағасы — 50 теңге. Одан бөлек ауылішілік таксилер тұрғындарға 100 теңгеден қызмет етеді.

Такси жүргізушілердің дені жастар. Бәрі де нәпақа тапқысы келеді. Бос жүрген біреуін көрмейсің. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Ауызбіршілігімізбен көптеген шараларды бірге өткіземіз. Көліктен көмек керек болса, сөзіңді жерге тастамайды. Қазір көлік жүргізген жастар жылдамдықты арттырады деп қорқудың қажеті жоқ. Қай-қайсысы да көптің көңілінен шығуға тырысады. Сенімді, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Марс Сейілханов.

Ертеңіне сондай жастардың бірімен кейін қайттым. Мен тапсырыс берген 30 жастағы таксист Жасұлан Амангелдіұлы 20 жасынан бастап жолаушыларды тасып келеді екен.

Он жылдық тәжірибесі бар жігіт ағасы  жылдамдықты шамадан тыс арттырмай 4 сағатта қалаға кіргізді.

Ырғызда такси қызметі 4-5 жерде бар.  Бұл жерде байқағаным — олардың ұстанымдары пайдадан гөрі адамды көздеген жеріне аман-сау жеткізу. Көптің ризашылығы мен сеніміне ие болу. Ақша табу ғана емес, басты бәсекелестік — осы.

Күніне бір рет барып келсек, табысымыз ойдағыдай болғаны. Сондықтан асығудың қажеті жоқ. Ал, кейбір жақын аудандардың таксистері күніне бірнеше рет қатынау үшін жанталасып жүреді. Төрт орындық көліктің өзінен бару-келуі арқылы 20 мың теңге түседі. Оның жол шығыны, жанармайын алып тастағанда, көлігің бұзылмаса таза пайда 13 мыңдай қалады. Бұл кәсіппен байып та кетпейміз, бірақ көштен де қалмаймыз. Алғаш такси қызметі ашылғаннан бастап отбасымды осы темір тұлпардың күшімен бағып келемін. Бірақ жұрт ойлағандай ақшаның астында қалмаймыз. Жолда не болмайды. Көлік бұзылады, ауа райы кедергі келтіреді. Қателіктер де жоқ емес. Соқтығысып та көрдім, жол үстінде мұздан тайып екі айналып жолдан шығып кеткен кездерім де болды. Қазір қателіктерден сабақ алып, барынша сақ болуға тырысамын. Бұл кәсіптің де өз машақаты бар. Халықпен тікелей жұмыс істегеннен кейін бәрінің бабын табу мүмкін емес. Кейде тапсырыс берген жастар таңғы ұйқысын қимай бармай қалады. Кейде үш, тіпті екі адаммен қайтатын кездер болады. Тұрғындарды тасығаннан кейін оларды жолда қалдырмау керек. Сол үшін көлігіңді алдын ала сайлап, үнемі ұзақ жолға дайындап жүресің. Ақауларын дер кезінде жөндеймін.

Жасыратыны жоқ, қыс мезгілінде санаулы ғана көлік қаламыз. Өйткені көбінің көлігі жарамай қалады және жолдың бейнетінен қашады. Бұл менің 4-көлігім. Алыс жолға қандай көлік болса да 3 жылдан кейін шыдас бермейді. Сондықтан көлігімді жаңалап отырамын. Егер көлігім жолда бұзылып қалса, бірден диспетчерге хабарлаймыз. Ол қай жақ жақын, сол жақтан екінші такси жібереді. Немесе жол бойындағы көліктерді тоқтатып, бір-бірлеп мінгізіп жіберуге тырысамын. Әйтеуір далада өзіміз қалсақ та жолаушыларды қалдырмаймыз. Қазір такси қызметі реттелді. Мен адам іздемеймін. Немесе  адам үшін, кезек үшін таласпаймыз. Бәрін диспетчер өзі ұйымдастырады. Бізге жүретін уақытын айтады. Жолаушылардың телефон нөмірін береді. Сол бойынша екі сағат бұрын адам жинауға кірісемін де уақытында шығып кетеміз, —дейді таксист Жасұлан.

Он жыл бойы екі ортада жүрген ол жолдың сырын әбден жаттап алған. Тіпті қандай көліктердің көп жүретінін, МАИ қызметкерлерінің қызмет уақытына дейін біледі. Және бір айтарлығы, қаладағы жолаушылардың мекенжайын, көшесін, үйін тез табады.  Өйткені ол талай жолаушыны  әкетіп, әкеліп тастаған.

 

Автобус пен ұшақ мәселесі

Ырғызда жолақыны төмендету үшін тұрғындардың талабымен бірнеше рет автобус шығарылды. Тіпті ұшақ та ұшырып көрді.  Бірақ одан нәтиже шықпапты. Жолаушылар ыңғайына  қарай жеңіл көлікке біржола тоқтапты.

Шұбарқұдық пен Ырғыз бағытына  автобус рейстері жоқ. Біздің тарапымыздан  бірнеше рет ол жаққа автобус рейстерін жібергіміз келсе де, нәтиже болмады. Тіпті өткен жылдың күзінде ақтөбелік кәсіпкер  оншақты рет Ырғызға  автобус ұйымдастырып, жолақысын ырғыздық таксистерден екі есе арзан етіп қойды.  Оншақты рет  рейске шықты. Алайда автобус салонының 10 пайызы да толмағандықтан, көп кешікпей бұл жоспарынан бас тартты, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқармасындағылар.

Мұндай жағдай Ойыл ауданында да қайталанды. Қазір облыс орталығына жақын орналасқан Хромтау, Алға аудандарына ғана автобус жүреді.

Ұшақ болған кезде бағасы қымбаттау болды. Оның үстіне  әуежайдан үйге дейін тағы такси ұстайсың. Бұл тек мал шаруашылығымен отырған аудан тұрғындары үшін қымбатқа түсті.

Ал, автобуста да сондай. Күні бұрын билет алып, бір барған жерге екі барасың. Бағасы арзан болғанымен автовокзалдан үйіңе жеткенше кемінде 500-800 теңгеге такси жалдайсың. Бәрібір сол ақша шығады. Одан да үйден алып кетіп, қаланың кез келген жеріне апарып тастайтын такси әлдеқайда тиімді, — дейді атын атамауды өтінген жолаушылардың бірі.

Біз олармен күресе алмаймыз. Себебі таксистердің қолында  жолаушылар тасымалына  рұқсат етілген арнайы лицензиясы бар,  сонымен бірге салық төлейді. Екінші жағынан, еш жерде тіркелмеген және жеке тасымалға рұқсаты  жоқ, жария емес жағдайда жолаушылар тасымалымен  айналысатындарға қатысты шара қолданылып жатыр. Біздер, жергілікті полиция қызметі,  көлікті бақылау  инспекциясымен бірлесе жабайы тұрақ орындарына тұрақты рейд жүргіземіз. Бұлар, негізінен, базар маңы, теміржол және автовокзал айналасы. Жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға рұқсат етілетін құжаттардың болуын талап етеміз. Бұлар – жол белгілерін айыру, жолсапар қағазы, такси қызметінде тіркелуі, автокөліктің техникалық  бақылаудан өткізгендігін дәлелдейтін  және жүргізушінің медициналық тексерістен өтуі жөніндегі құжат. Сонымен бірге,  жеке жүргізушінің  жолға  шығар кезде көлік пен жолаушыларға сақтандыру құжаты болуы  тиіс. Рейдтер барысында міндетті түрде жолаушылар тасымалымен заңсыз айналысып жүргендерді ұстаймыз. Оларға бес айлық есептік  көрсеткіш көлемінде болып белгіленген айыппұлдар  салынады, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  басқармасының бөлім басшысы Есбол Базарғалиев.

Өзге аудандармен такси бағасын салыстырып қарағанда Ырғыздың жолақысы арзандау.

Қазір Ырғызға бару үшін еш қиындық жоқ. Жолдың қашықтығы да сөз емес. Сенімді жүргізуші, арзан баға, тегіс жол. Тұрғындардың тілегі де осы…

 

P.S. Аудан орталықтарына дейінгі жолдардың мәселесі шешілді. Енді ауылдарды жалғайтын жолдар аз-аздан болса да жасалып жатыр. Шалғай аудандардан облыс орталығына жету немесе кейін қайту үшін жолдың нашарлығы басты проблема болғанымен мәселе жалғыз онда емес.  Ескірген жолдар жөнделу үстінде. Қатынастың қиындығы құбылмалы жолақы бағасы, такси қызметінің сапасына да байланысты. Жол ережелерін сақтамай, жылдамдықты шектен тыс асырған жүргізушілердің кесірінен қаншама адам оқыс оқиғаға душар болады. Апаттың салдарынан жол бойында жолаушылардың межелі жеріне жете алмай, өмірлері орта жолдан үзілгендері үлкен өкініш… Ал, темір тұлпарды тақымдаған әрбір көлік жүргізушісі халықтың қауіпсіздігіне жауапты дегіміз келеді.

 

Самат НАРЕГЕЕВ,

Ақтөбе — Ырғыз — Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button