Жаңалықтар

«Таза бейсенбі» акциясына белсенділік қажет

30 наурыз бен 1 маусым аралығында Ақтөбеде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына арналған екі айлық науқан жарияланғаны белгілі.

Науқан аясында ұйымдастырылған сенбіліктерге бүгінге дейін 9,5 мың адам қатысқан. Сондай-ақ, осы жұмыстарға 20 техника бөлінген. Науқан барысында «Таза бейсенбі» акциясын өткізу де дәстүрге айналды.

Дегенмен, қалада тазалық шаралары, негізінен, мекемелер мен кәсіпорындардың қолға алуымен өтіп жатыр. Ал көп қабатты тұрғын үй аулалары мен жеке үйлер маңындағы жұмыстарға келгенде көпшіліктің құлшынысы көңілдегідей емес.

Бұл жөнінде кеше қала әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

— Қала тұрғындары аулалар мен үйлер маңындағы тазалық жұмыстарын көп жағдайда қоқыс жинаумен шектейді. Ал ағаштарды әктеу, қоршауларды сырлау, басқа да осы секілді жұмыстар істелмей қалады, — деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, жиналған қоқысты арнайы қоқыс төгетін орындарға емес, су жағасына, ағаш егілген алқаптарға тастап кеткен оқиғалар да тіркелген. Ұшқын Мыңбаев мұндай жағдайларда заң арқылы шара қолданылатынын ескертті.

— Біз қала тұрғындарын «Таза бейсенбі» акциясына белсенді түрде атсалысуға шақырамыз. Сонымен бірге рұқсат етілмеген орындарға қоқыс төгілгеніне куә болған жағдайда бізге хабар беріңіздер. Қала тазалығы — баршаға ортақ іс, — деді ол.

«Таза бейсенбі» акциясы аясында ең таза аула, ең таза үй маңы аумағы, ең үздік басқарушы орган (ПИК, кондоминимум) секілді конкурстар ұйымдастырылып отыр. Конкурс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button