Басты жаңалықтарӘлеумет

Қоғамдық қабылдаулар: мұқтаж отбасылардың мәселелері шешіліп жатыр

Ақтөбелік Зәмзәгүл Жоламанова — төрт баланың анасы. Оның екеуі — мүгедек. Биыл ақпанда Ашық есік күні қоғамдық қабылдауға келген ол жергілікті атқарушы органдарға тұрмыстық жағдайын айтып, шағымданған еді. Көпбалалы ананың басында баспана да болмады. Жақында Зәмзәгүлдің қолына екі бөлмелі жаңа пәтердің кілті табысталды.

Төрт баланың қуанышы

Бұған дейін Ақтөбе қаласындағы Бұтақ бау-бақша ұжымындағы жеке үйлердің бірін жалға алып, ол үшін ай сайын 70 мың теңге көлемінде пәтерақы төлеп келген Жоламановтар отбасы жақында екі бөлмелі жаңа пәтерге ие болды. Жалпы ауданы 77 шаршы метр пәтердің қазір құжаттары рәсімделіп жатыр.

Балаларымның алды 14-те, кішісі бір жаста. Тұңғышымыз жүрек ауруына шалдығып, екі рет ота жасалды. Бүгінде жүрек қағысы оның бойына бекітілген аппаратқа тәуелді. Бес-жеті жыл сайын стимулятордың батарейкасы алмастырылады. Сол үшін балам үйден оқытылады. Кенже қызымыздың аяғындағы туабітті ақауға байланысты, оған да мүгедектік тағайындалды. Жақын күндері оны Нұр-Сұлтан қаласына ота жасатуға апарамыз.

Жолдасым жалдамалы жұмысшы, жүк көлігін жүргізеді.  Ал өзім бұған дейін қаладағы мейрамханалардың бірінде әкімші болдым, қазір  бала күтімімен үйде отырмын, — дейді Зәмзәгүл.

Жоламановтар отбасы шаңырақ көтерген 2004 жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Көпбалалы отбасылар үшін қалада пәтер жалдау өте қиын, көпшілігі келіспейтін көрінеді. Сол үшін оларға жеке үйлерден жалдауға тура келеді. Алайда жеке үйдің ай сайынғы коммуналдық төлемақысы да пәтер жалдаушылардың қалтасынан төленіп отырды. «Біз екі баланың мүгедектігі үшін тағайындалған жәрдемақы мен жолдасымның ай сайынғы 100 мың теңге көлеміндегі табысымен ғана күнелтіп отырмыз. Сол қаражатты үнемдеп жұмсауға тырысамыз. Көпбалалы отбасы ретінде атаулы әлеуметтік жәрдемақыға ілікпедік. Пәтер кезегіне 2015 жылдан бері тұрамын. Басымдағы жағдайды айтып, жергілікті әкімдікке жиі бардым. Әр аптаның сейсенбі күні қала әкімі  орынбасарының қабылдауында да бірнеше рет болдым. Биыл қыста Ашық есік күнінде қоғамдық қабылдауда да мұң-мұқтажымды айтып, шағымданған едім. Қалалық әкімдіктегілер менің отбасыма қолдау танытып, баспана мәселесін шешіп беруге ықпал етті. Сол үшін үлкен алғысымды білдеремін», — дейді көпбалалы ана қуаныштан көз жасын сүртіп.

Зәмзәгүлге кейін сатып алу жолымен «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №15 үйден екі бөлмелі пәтер жалдамалы түрде беріліпті. Комиссияның шешімімен Жеңіс күнінде әкімдіктегілер пәтер кілтін қолына ұстатқанда, оның қуаныштан төбесі көкке жетуге сәл-ақ қалған.

Ай сайынғы үйге кіретін табысымыздан жырып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотымызға қаражат аударып отырған едік, сол қаржы пәтердің алғашқы жарнасына жетті. Қазіргі күні екі бірдей мүгедек баламен пәтер алу кезегінде тұрғанымыз бар, көмекке мұқтаж отбасы ретіндегі санаттарымыз ескеріліп, жалдамалы үй алу тәртібімен құжаттарымыз рәсімделіп жатыр. Егер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген несиемен осы пәтерімізді сатып алуға мүмкіндік жасалса, онда сол бағдарламаға да қатысамыз. Бұл жағын да әкімдіктегілер бізге жан-жақты түсіндірді, — дейді Зәмзәгүл.

90 отбасы комиссиядан өтті

Ақтөбеде Ашық есік күндері кезінде қоғамдық қабылдауға келгендердің мәселесі бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінде Ақтөбе қаласы әкімдігінде құрамында қоғамдық кеңес мүшелері мен депутаттар, мемлекеттік қызметкерлерден құралған комиссия осындай жұмыстардың нәтижесінде көмекке аса мұқтаж отбасы мүшелерін жеке қабылдап, олардың басындағы мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастырып жатыр. Қазіргі таңда баспана мәселесі бойынша 70 адам комиссиядан өтіп, олардың тең жартысы кейін сатып алу жолымен жалдамалы пәтерге қол жеткізді.

Биыл ақпан айында ұйымдастырылған Ашық есік күндері қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылып, олар зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізген болатын. Оның ішінде баспанаға мұқтаж жандардың жай-күйі зерттеліп, тексерілді. Тұрмыстық жағдайы өте нашар деп қорытынды берілгендердің арызы бойынша қалалық әкімдік жанынан құрылған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, жер бөлу және өзге де әлеуметтік мәселелермен айналысатын комиссия оларды жеке-жеке шақырып, жағдайды оңтайландырудың тиісті тетіктерін қарастырып жатыр. Бүгінгі таңда осы комиссиядан тұрғын үй мәселесі бойынша 70 адам өтті. Бұдан бөлек тағы 20 адам комиссия қабылдауына шақыртылып, тұрмыстық мәселелері шешілетін болды.  Олардың қатарында тұрмыстық жағдайы әртүрлі, яғни отбасында мүгедек бала асырып отырған, көпбалалы отбасылар мен жетімдер де бар. Бүгінгі күні комиссиядан өткендердің тең жартысына кейін сатып алу жолымен жалға берілетін пәтер кілттері табысталды. Әрине, олардың барлығы — баспана алу кезегінде тұрған адамдар.  Бұдан бөлек комиссия алдында әлі 400-ге жуық адамның тұрмыстық жағдайы қаралады, — дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов.

Бағдарламаға қатысудың мол мүмкіндігі

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 пайыздық ипотека беру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Ерлан Рамазановтың айтуынша, бұл несие көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасыларға беріледі. «Бақытты отбасы» аталатын бағдарлама «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жүзеге асырылады.

— Бүгінгі күні осы бағдарламаға қатысуға ниетті мұқтаж  отбасылар үшін кірісіне атаулы әлеуметтік жәрдемақыны қосу мәселесі де қарастырылып жатыр. Себебі, баспанаға мұқтаждардың арасында емізулі баласы бар жалғызбасты әйелдер де бар. Себебі олардың жұмыс жасауға мүмкіндігі жоқ. Осындай азаматшалардың да арзан пайызбен үй алуына жағдай жасау үшін бұл мәселе жан-жақты зерделеніп жатыр. Алайда «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске асырылғанша, біз көмекке аса мұқтаж отбасыларға уақытша баспана ұсынып жатырмыз. Яғни пәтерді кейін сатып алу арқылы жалға беру жағы ойластырылды. Бұл бағытта комиссиядан өткендерге бір бөлмелі пәтерлер «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында тұрғызылған үйлерден беріліп жатыр.

— Баспананы кейін сатып алу арқылы жалға беріліп жатқан бір бөлмелі пәтердің көпбалалы отбасылар үшін тарлық ететіні белгілі ғой.

— Әрине, солай. Бірақ бұл жерде мынаны түсіну керек. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың арасында тұрмыстық жағдайы өте нашар, баспанаға мұқтаждары бар. Комиссияда мұндай отбасы мүшелерінің алдына бағдарламаның іске асырылу мерзімін күту болмаса кейін сатып алу арқылы жалға берілетін пәтерлерде тұруға таңдау беріледі. Осыған дейін кейін сатып алу арқылы жалға берілетін баспананың ішінде 1 үш бөлмелі, 20 екі бөлмелі пәтер де болды. Көлемі үлкен мұндай пәтерлер де әлеуметтік топтағы отбасыларға үлестірілді. Заманауи үлгіде салынып жатқан пәтерлердің ауданы үлкен. Мәселен, жалға беріліп жатқан бір бөлмелі пәтерлердің ауданы 40-52 шаршы метр аралығында болса, екі бөлмелі пәтерлердің жалпы ауданы 57-79 шаршы метр аралығында.

— Комиссиядан өткен көмекке аса мұқтаж отбасылардың бәрінің бірдей «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін баспананың алғашқы жарнасын төлеуге мүмкіндіктері жете ме?— Бүгінгі күні комиссиядан өткендердің 15-іне демеушілердің көмегімен баспананың алғашқы жарнасы төленді. Бұл істе ақтөбелік кәсіпкерлер белсенділік танытып жатыр. Солардың қатарында кәсіпкер Марал Итеғұлов бір емес, бірнеше мұқтаж отбасыға қаржылай қолдау көрсетті. Ол үшін кәсіпкер көп көлемдегі қаражатты «Қолғанат-Ақтөбе» қайырымдылық қорының есепшотына аударды. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында кейін сатып алу арқылы жалға беріліп жатқан бір бөлмелі пәтерлердің алғашқы жарнасы — 350 мың теңге. «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін мұқтаж отбасыларға  жергілікті бюджеттен тұрғын үй сертификаттарын беру үшін 200 миллион теңге қарастырылып отыр.

Бағдарлама маусымда жүзеге асырылады 

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе филиалының бірінші санатты маманы Мақсат Заитовтың айтуынша, «Бақытты отбасы» — «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты ретінде жұмыс істейді.

Аталған бағдарлама маусым айында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Бұл бағдарламаға аз қамтылған көпбалалы отбасылар, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі және кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар қатысады. Олардың атында үй тіркелмеген болуы шарт және үміткерлер жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұруы керек.  Бастапқы жарна пәтер құнының 10 пайызына тең болуы тиіс. Несие 2 пайызбен 20 жылға беріледі. Бағдарламаға қатысушылар Ақтөбеде бағасы 10 миллион теңгеге дейінгі үйлерді алуына болады. Ең бастысы — отбасы аз қамтылған болуы тиіс, яғни айлық жалақысы бір адамға шаққанда ең төменгі айлық көрсеткіштен аз болуы тиіс. Бұл бір адамға есептегенде 42500 теңгеден артық болмауы керек, — дейді М.Заитов.

Банк өкілдерінің айтуынша, бұл — өте тиімді бағдарлама. Үміткерлер  мемлекеттік бағдарлама бойынша жергілікті әкімдіктер арқылы несиелік тұрғын үйлерді, бірінші және екінші нарықтағы дайын және  жеке тұрғын үйлерді ала алады.

Биыл 370 адам жалдамалы пәтер алады

Ерлан Рамазановтың айтуынша, қазір Ақтөбе қаласында 22 мың адам пәтер алу кезігінде тұр. Соның 5 мыңға жуығы жалғызбасты, 1400-ге тарта көпбалалы аналар болса, пәтер кезегіндегі 1200-ге жуық адамның отбасында мүгедек бала тәрбиеленіп жатыр.

Биыл 2007 жылы кезекте тұрғандарға пәтер беріледі. Соның ішінде 370-ке жуық адам жалдамалы пәтер кілтіне ие болмақ. Оларға «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында салынып жатқан үйлерден пәтер берілмек. Пәтер берудің алғашқы кезеңі қыркүйекте, екінші кезең желтоқсанда жүзеге асырылады, — дейді ол.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button