Басты жаңалықтарМәселе

Ақтөбенің іргесіндегі екі ауылда мектеп мүлде жоқ. Неге?

Екі жыл бұрын Шилісай мен Рауанда мектептер салу мақсатында басталған жобалар мен құрылыс аяқсыз қалды

Ақтөбе қаласының іргесіндегі екі ауылда  — Шилісай мен Рауанда әлі күнге дейін мектеп пен балабақша жоқ. Шаһардың бас жоспарына сәйкес, екі елді мекеннің әрқайсысында 2025 жылға қарай тұрғындар саны 3500 адамнан кем болмайды деп есептелген. Қазірдің өзінде бұл ауылдарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Мысалы, Рауанда 327 түтін бар. Бүгінде мұнда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 380 жер телімі берілген. Қосымша 518 адам жер кезегінде тұр. Коммуналдық жүйелердің бәрі тартылған. 300 орындық мектеп құрылысын салу үшін де жер телімі дайын тұр. Мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан да өткен. Дегенмен, мектеп жоқ. Неге?

Қала маңындағы мектебі жоқ ауылдардың бірі — Шилісай. Іргелес жатқан аталған ауыл Шилісай және Шилісай-2 деп екіге бөлінеді. Тура бір жыл бұрын бұл ауылда 600 орындық зәулім мектептің құрылысы басталып, өкінішке қарай, аяқталмай қалды. Жоспар бойынша, білім беру ғимараты 18 айда еңсе көтеріп, биыл жыл аяғында тапсырылуы тиіс-тін. Жалпы құны 1 миллиард 521,9 миллион теңгеге бағаланған мектепті салуға қаражат бөлінбей қалыпты.

Ал екі ауылдың тұрғындары: «Мектеп керек» деп отыр. Біз  тұрғындармен және бұл мәселеге жауапты құзырлы органдардың бірі — облыстық білім басқармасының қызметкерімен сөйлескен едік. Сонымен…

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?

6 ЖАСАР БАЛАЛАР НЕГЕ ӘУРЕГЕ ТҮСЕДІ?

Айгүл:

— Біздің ауылдың балалары жақын маңдағы Пригородный және №54 мектептерге қатынап оқиды. Оларды мектеп автобусы тасымалдайды. Балам мектепалды даярлық сыныбында оқып жатыр. Сағат таңғы 7.30-да жоғары сыныптың балаларымен бірге мектепке барады. Бірақ оған сабақ сағат 9.00-де басталады. Амал жоқ, ұйқылы-ояу сабақтың басталғанын күтіп отырады. Сабақтары біткеннен кейін тағы да күтулеріне тура келеді. Сөйтіп, үйге түскі сағат 14.00-ге таман шаршап-шалдығып әзер жетеді. 6-7 сағат бойы әуреге түсу балапандарға қиын емес пе? Ұйқысы қанбаған, сонша уақыт сарылып сабақтың басталуын күткен бала оқу бағдарламасын қалай қабылдап, сабақта қалай белсенділік танытады? Күн сайын сол бір тірлік қайталана береді. Күтуден шаршаған балалардың білім алуға деген ынта-ықыластары да болмай, сабақ оқуға құлықсыздық танытады.

Ал мектеп автобусындағы кішкентай балалардың көлік ойлы-қырлы жерлерде жүрген кезде әр жерлерін автобустың орындықтарына, жақтауларға соғып, жылап алатындары бөлек әңгіме.

ОҚУШЫЛАР ҚОҒАМДЫҚ ШАРАЛАРҒА ҚАТЫСА АЛМАЙДЫ

Роза БЕГІМБАЕВА:

— 6  немерем бар. Оның 4-еуі мектепте оқиды. Бір немерем 1-сыныпқа барады. Бірақ 1-сыныптың оқушыларына сабақ ерте бітеді. Дегенмен, олардың да жоғары сыныптың балаларын күтулеріне тура келеді. Келесі оқу жылында бір немерем мектепалды даярлық  сыныбына баруы керек. Бастауыштың оқушылары таңнан түс ауғанға дейін созылатын әуреден әбден шаршайды.

Балаларды балабақшаға да бере алмай отырмыз. Өйткені, ауылда балабақша да жоқ.

Біздің ауылдың балалары мектепішілік түрлі шараларға қатыса алмайды. Өйткені, мектеп автобусы тек қана сабаққа апарады. Қоғамдық шараларға тасымалдамайды.

ҮЛКЕН ҚОРҚЫНЫШЫМЫЗ — БАЛАЛАРДЫ ИТТЕР ҚАУЫП АЛМАЙ МА?

Камила КЕНЖЕБАЕВА:

— Төрт балам бар. Үшеуі мектепке барады. Кейбір тұрғындар иттерін байламайды. Ең қиын тиетіні — сол. Өйткені, автобус көшелерді аралап жүрмейді. Ауылдың шетіне тоқтайды. Оған балаларымыз жеткенше, үйге келгенше «ит қауып алмас па екен» деп маза жоқ.

2013 жылы Өзбекстаннан көшіп келдік. Пәтер жалдап, тірлік кешіп жатырмыз. Тағы бір қиыны — келесі оқу жылында 10-сыныпқа көшетін қызымды мектепте оқыту мен үшін үлкен мәселе болып отыр. Өйткені, қызым оқитын  №54 мектеп — негізгі мектеп. Өзіміз сырттан келген соң балаларымызды үйден ұзатып шығарып көрмедік. Мектепке барып-келген құрлы алаңдаумен боламыз. Ал орта мектеп жақын маңда Пригородныйда ғана бар. Қызымды онда жіберуге қорқамын. Өзі тұйық баланың басқа ортаға сіңісіп кетуі қиын тиеді. Тезірек, ауылда мектеп салынса екен…

САЗ БАЛШЫҚҚА БЫЛҒАНЫП БАРАДЫ…

Әсем ОЙЫЛБАЕВА:

— 2007 жылы Рауан ауылына қайынағам көшіп келгенде айналада небары 3-ақ үй еді. Кейін біз қоныстандық. Қазір ауылда мың жарымға жуық тұрғын бар. Бірақ мектеп те, балабақша да жоқ.

6 балам бар. №55 мектепте 3 балам оқиды. Оларды мектеп автобусы тасымалдайды. Бәрінен бұрын күз бен көктем мезгілдерінде қиын. Өйткені, автобус тоқтайтын жерге жеткенше балаларымыз саз балшыққа былғанып әзер барады.

 

ТАСЫМАЛДЫҢ ӘЛЕГІ

 Гүлфира ҚАУҚАНОВА:

— Қызымды «Нұр Ақтөбедегі» аралас мектепке апарып жүрмін. Ондағы мектепке балаларды апару үшін көлік тасымалы ұйымдастырылмаған. Қызымды екі автобуспен апарамын. Такси құны бір бағыттың өзіне 700 теңге.

Балам үш ауысымды мектепте оқиды. Сабақ 11.30-да басталып, 15.00-ден кете аяқталады. Оны сонша уақыт мектепте күтіп отыруыма тура келеді. Бұл мектептегі 3-сыныптың оқушылары 3-кезеңде оқиды. Сонда келесі оқу жылынан бастап сабақтан сағат кешкі 18.00-19.00 шамасында шығатын боламыз. Ол уақытта бұдан да қиындау тиеді. Ал жаңа оқу жылында егіз балаларым 1-сыныпқа барады. Сонда оларды тасымалдау тіптен қиын болмақ.

Ауылда балабақша болмағандықтан, амал жоқ, әкесі егіздерді Қарғалыдағы балабақшаға тасиды.

ОБЛЫС ӘКІМДІГІ МИНИСТРЛІККЕ БЮДЖЕТТІК ӨТІНІМ ЖОЛДАДЫ

Біз бұл мәселеге қатысты мәселенің мән-жайын білмек ниетпен облыстық білім басқармасына барғанбыз. Шилісайда басталған құрылыс неліктен аяқсыз қалды? Рауанда мектеп салу үшін жер дайын, ал құрылыс неге басталмады? Аталған  басқарманың бөлім басшысы Алмагүл Толыбаева былай деп жауап берді:

— Бұдан екі жыл бұрын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Рауан, Шилісай ауылдарында екі мектептің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген болатын. Шилісайдағы 600 орындық мектептің жобалық құны 1 миллиард 521,9 миллион теңге болса, Рауандағы мектептің құны 967,1 миллион теңгеге бағаланып отыр. Былтыр құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін конкурсқа хабарлама берілген. Дегенмен, Рауандағы құрылыс жұмыстары үшін мердігер анықталған жоқ. Ал  Шилісайдағы құрылыстың бас мердігері — «НСК-Строй Баланс» ЖШС.

Ақтөбе агломерациясын дамыту жоспарына сәйкес жақын болашақта бұл екі елді мекенде халқы саны өте көп болады. Сол себепті, былтыр үлкен мектептер салу үшін Ақтөбе қаласының әкімдігі ҚР Білім және ғылым министрлігіне бюджеттік өтінім жолдады. Алайда министрлік тарапынан өтінім қолдау тапқан жоқ.

Сәуір айында облыс әкімдігі аталған екі мектептің құрылысына қаржы бөлу жөнінде министрлікке бюджеттік өтінім жолдады.

P.S:

Бет қатталып жатқанда облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің бастамасымен ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберілген бюджеттік өтінімнің қолдау тапқанын білдік. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Толыбаеваның айтуынша, Шилісай мен Рауандағы мектеп құрылыстары республикалық бюджеттен қаржыландырылатын құрылыстар тізіміне енген.  

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button