Құқық

Ақтөбеде жол-көлік оқиғалары азаймай тұр

Ақтөбе облысында, әсіресе, ауданаралық жолдарда жол-көлік оқиғалары саны азаймай тұр. Үлкен трассаларда көлік жүргізушілерінің жолдың қарама-қарсы бетіне өтуі, жылдамдықты асыра жүргізуі, қалашілік жолдарда жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілердің жол тәртібі ережелерінің сақтамауы салдарынан жол апаттары жиі тіркеледі.

Облыстық полиция департаментінің анықтама басқармасының бастығы полиция подполковнигі Құралбек Шарбақовтың айтуынша, облыста, өкінішке қарай, жол-көлік апаттары деректерінің өсуі байқалады. Бұған өңірдің географиялық орналасуы, автокөліктердің санының артуы мен транзиттік ағымның артуы да ықпал етіп отыр. Облыстық полиция департаментінің анықтама басқармасында өткен жылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және орын алған апаттарға қатысты зерттеулер жүргізілді. Облыста  былтыр 219 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 109  апат кезінде жолаушылар ауыр  дене жарақаттарын алған. Сонымен қатар 110 жол-көлік оқиғасы салдарынан адам өлімі тіркелген. 219 істің 83,5 пайызы толығымен сарапталып, 57-сіне қатысты  іс сотқа жіберілді. Өкнішке қарай, көлікті ішімдік ішіп, жүргізу, жоғары жылдамдықпен басқару деректері жиі тіркеліп отыр.  Жол-көлік апаттарының дені жүргізушілердің кінәсінен орын алғаны анықталып, әр үшінші оқиға жүргізушілердің қозғалыс шапшаңдығы режимін сақтамауынан болып отыр, — дейді Қ.Шарбақов.

Басқарма бастығының айтуынша, ауданаралық жолдарда жөл-көлік оқиғаларының артуы, әсіресе, заңсыз такси тасымалымен айналысатындар тарапынан жиі тркеледі. «Салондарын жолаушыларға толтырып алып, жылдамдықты шамадан асырады, көбіне қарсы бағытқа шығып кетіп жатады. Қара жолда орын алатын жүздеген адамның отбасын қара жамылдырған осындай апаттардың себептерін анықтап, тергеушіге тергеу істерін жүргізу үлкен жауапкершілік жүктейді», — дейді ол.

Қ.Шарбақов жол-көлік апаттарына қатысты істі сараптайтын мамандардың білімі мен кәсіби біліктіліктерін нығайтуға баса көңіл бөлініп отырғанын айтады.  

— Жақында «Жол жүрісі туралы» жаңа заң қабылданып, заңнамаға жаңа талаптар мен түзетулер енгізілді. Ол негізінен жол апаттары деңгейін төмендетіп, жол-көлік кешенінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Ақтөбе өңірінде облыс орталығына аудандардан қатынайтын таксилердің жұмысын қадағалайтын құзырлы мекеме керек. Жол қауіпсіздігі — өміріміздің қауіпсіздігі, ондағы жауапкершілікті сезіну өте маңызды, — дейді Қ.Шарбақов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button