Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Ақтөбе жеңісті қалай қарсы алды?

 1945 жылғы 9 мамыр…

«Жеңіс! Ертеңгілік ертемен көптен күткен бұл хабарды Ақтөбеге Левитанның дауысы таратты. Жеңіс хабары қалаға лезде, қас қағым сәтте-ақ тарады. Алыста жүріп жатқан шайқастардағы талай жеңілістердің уайымын арқалап, талай жеңістерге де қуана жүріп, бітпестей көрінген, аса ауыр төрт жыл бойы біз осы бір хабарға іштей қанша дайындалғанымызбен, бәрібір ол күтпеген сәтте келгендей болды, сірә, көптен күткен бақыттың бәрі де нақ осылай ойда жоқта сап ете түскендей болатын шығар?!

Таңғы тыныштықты есіктер мен терезелердің сарт-сарт ашылған үні бұзды. Қатты толқыған адамдар үйлерінен жүгіре шығып, бірін-бірі құттықтап жатты. Телеграфта ұзын-шұбақ кезектер пайда бола кетті. Мыңдаған адамдар өздерінің туғандарын, жақындары мен достарын Жеңіс күнімен құттықтауға асықты».

Қайта оралған бақыт

Ақтөбенің Жеңіс хабарын қалай қарсы алғаны жөніндегі репортаж мәтіні осылай басталыпты. Ю. Корсуковтың «Бүкілхалықтық салтанат» аталған бұл репортажы «Актюбинская правда» газетінің (қазіргі «Актюбинский вестник» — ред.) 1945 жылғы 12 мамыр күнгі санында жарық көрген екен.

Автор жазып қалдырғандай, сағат ертеңгілік 8-дің кезінде көшелер халыққа толы болған.

«Танитыны бар, танымайтыны бар, әйтеуір, кезіккен жандар бір-бірінің қолын алып, құттықтап жатыр. Қаншама жан елжіретерлік көріністер десеңізші! Міне,

60-65 жастағы қарт ана келеді. Ол — үш бірдей майдангердің анасы Евдокия Степановна Соколова.

Ана өзіне қарсы кезіккен әскери орден-медальдар тағынған аға сержантты дірілдеген қолдарымен құшақтай алып:

— Рақмет, рақмет саған, ұлым, — деп, жылап жіберді.

Оның қуанышты көз жастары жауынгердің омырауындағы орден-медальдарға тамып-тамып кетті. Өзіне бейтаныс болғанмен, шайқас даласындағы осы күнді жақындатқан ерліктеріне ортақ майдандас жауынгерлердің бірінің анасын кезіктіргенін түсіне қойған сарбаз:

— Саған рақмет, ана. Мен әйтеуір жұрт қатарлы соғыстым ғой, — деп, күлімсіреп жауап беріп жатыр».

Ал келесі сағатта Ленин атындағы теміржолшылар клубы лық толған. Осы жерде Жеңіс құрметіне орай жиын ұйымдастырылыпты. Дегенмен, өз қуаныштарын бөлісу үшін жан-жақтан үсті-үстіне ағылған жұрт клуб ішіне сыймаған. Сондықтан жиынды сыртта жалғастыруға тура келген…

«Ал кешкілік біз Сталиннің дауысын есіттік. Бұл — біз үшін Жеңіс салтанатының үні еді. Ол бізді Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуымен, фашистік Германияның талқандалуымен және бейбіт, жасампаз еңбек дәуірінің басталуымен құттықтады…

Жеңіс келді! Жеңіспен бірге біздің үйлерімізге қуаныш пен бақыт та қайта оралды», — деп аяқталады репортаж.

Жеңіске сый

Жеңіс күні қалада өткен жиында Ақтөбе темірқорытпа зауытының еңбеккерлері алдағы күндері жұмыс қарқынын күшейтіп, айлық жоспарларын ерте орындап шығуға уәде берген.

Атап айтқанда, жұртшылық алдында бұл уәдені зауыттың №1 балқыту цехының бастығы Лешке:

— Жеңіс хабарын біз жақсы жетістікпен қарсы алып отырмыз. Біз темір балқытудың жарты айлық жоспарын орындадық. Ал енді бейбіт күнде бұрынғыдан да қарқынды жұмыс істейтін боламыз. Біз бір айлық жоспарды мерзімінен бұрын 20 мамырға дейін орындап шығамыз, — деп жария етіпті.

«Актюбинская правда» газетінің 22 мамыр күнгі санында былай деп жазылыпты: «Ақтөбелік балқытушылар өз уәделерін абыроймен орындап шықты. 21 мамырға дейін олар осы айдың жоспарын толық орындап, енді жоспардағыдан артық металл беруге көшті. Әсіресе, әр ауысымдағы жоспарды әлдеқайда артығымен орындайтын Подколзин жолдас жетекшілік ететін балқытушылар бригадасы еңбекте жоғары табыстарға жетіп отыр».

Подколзиннің бригадасы мамыр айының жоспарын 19-ына дейін-ақ 109 пайызға орындап шыққан. Ал Даунский басқарған комсомол-жастар бригадасы мамыр айының жоспарын 132, 8 пайызға орындаған.

Жамал Омарованың концерті

Жеңіс хабарынан кейінгі күндері тұрмысы әлі тым жүдеу халықтың рухын көтеруге өнер адамдары да өз үлестерін қосқан. Мамырдың 15-іне қарай Ақтөбеге Қазақ КСР халық артисі, белгілі әнші Жамал Омарова келген. Ол облыс орталығында, сондай-ақ аудандарда бірнеше концерттер беруді жоспарлаған.

Ақтөбеде ол Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ансамблі артистерінің қатысуымен екі күн қатарынан концерт қойған. Концертте әнші Жамал қазақ, орыс, өзбек, тәжік, белорус және украин әндерін орындапты. Ал әнші Нұғыман Әбішев домбырамен қазақ әндерін шырқаған. Қобызшы Мықтыбаев «Аққу» күйі және орыстың «Стенька Разин» әнін орындап, көрермендер ықыласына бөленіпті.

Ол кезде қазағы аздау қаланы Жамал Омарова бастаған әншілер осылайша бір сергітіп кетсе, ал маусымда облыстық өнер істері жөніндегі бөлімінің ұйымдастыруымен Ақтөбеде облыстық ақындар айтысын өткізу жоспарланыпты.

Бір жағынан, айтыс Қазақ республикасының 25 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Жангелдиннің сапары

Бұл қуанышты күндері Ақтөбеге арнайы сапармен Әліби Жангелдин де келіпті. Сол тұста Коммунистік партия үшін қазақтар арасындағы ең беделді тұлға болған Әліби Жангелдин, «Актюбинская правда» газетінің жазуынша, біздің облысқа КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының тапсырмасы бойынша келген екен. Ол 14 мамырда өткен салтанатты жиынға қатысып, мемлекеттік қауіпсіздік, құқық қорғау саласының қызметкерлеріне, т.б. тыл еңбеккерлеріне орден-медальдар табыстаған.

5 адамға — Қызыл Ту ордені, 8 адамға — «Қызыл жұлдыз» ордені, 18 адамға «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі табысталған, марапатталғандардың көпшілігі  — төменгі шендегі милиция қызметкерлері. Сондай-ақ, облыстық сауда бөлімінің аспазы Ахтырская, Жеңіске, яғни Қызыл армияға азық-түлік жеткізу ісіне қосқан үлесі үшін «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Осы күні түстен кейін Әліби Жангелдин әрқайсысы 11 бала тәрбиелеп өсірген аналар — Фиона Ситник пен Дарья Фурсоваға «Батыр Ана» орденін табыстаған. Оларға КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Батыр Ана» атағын беру туралы грамотасы қоса табысталыпты.

«Әліби Жангелдин өңіріне орденді қадаған сәтте Фиона Михаиловна бақыттан жылап тұрды», — деп жазылыпты «Актюбинская правда» газеті бетінде қалған шағын ақпаратта…

Сәлем, білім ордасы!

Жеңістен кейін соғыс жылдарында мектептегі, техникумдар мен жоғары оқу орындарындағы оқуларын тастап кеткен жастарға білім алуға қайтадан мүмкіндік беру туралы бастама көтеріліпті. Кәсіпорындар мен колхоздар басшыларын осы бастаманы қолдауға шақырған.

Ақтөбе темірқорытпа зауыты директорының орынбасары Грабилиннің «Актюбинская правда» газетіне хабарлағанындай, бір ай ішінде зауыттың 10 жас жұмысшысына оқуға түсу, сондай-ақ бұрынғы оқуларын жалғастыру мақсатында құжаттарын реттеу үшін еңбек демалысы берілген. «Олардың арасында жұмыс істей жүріп, кешкі мектепте оқып, оны алтын және күміс медальдармен бітірген үш жас бар», — дейді зауыт басшыларының бірі. Бұл кәсіпорын сол тұста тіпті жастар үшін ағылшын тілін үйрететін үйірме де ашқан.

 Қаланы көркейту — өмірлік қажеттілік

 Жеңіс хабарынан соң іле-шала көтерілген бастамалардың бірі — қала келбетін әсемдеу, тазалық жұмыстарын жүргізу.

Осыған байланысты облыстық басылымдарда берілген үндеуде: «Ақтөбе жау бомбасының астында қалған жоқ. Оны неміс артиллериясы да атқылаған жоқ. Бірақ соғыс біздің қаламызда да өз ізін қалдырды. Соғыс жылдарында қаланы көркейту жұмыстары ұмытылып, қолға алынбай қалды. Енді біз қала келбетін соғыс жылдарындағы олқылықтардан арылтып, оны бұрынғыдан да мәдениетті, көрікті етуге күш салуымыз керек… Қаланы көркейту — өмірлік қажеттілік», — деп жазылған.

Бастапқыда өткізілген бірнеше жексенбілікте қаланы тазалау, ағаш егу жұмыстары жүргізілген. Кейін әр ұжым үшін кесте жасалып, қай көшеде жұмыс істейтіндері нақты белгіленіпті. Сонымен бірге қала ішінде газет сөрелері мен радио хабарларын тарататын нүктелер орнату көзделіпті.

 

Облыстық мемлекеттік архив материалдары бойынша әзірлеген  И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button