Басты жаңалықтарМереке

Ынтымағы жарасқан          

Бірлік бар жерде — тірлік бар

Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасында атауына сәйкес бірыңғай жастар еңбек етпейді. Мұнда тәжірибелі тәлімгерлер де, қайрат-күші бойына сыймай, тасыған жас жігіттер де бар. Сондай-ақ олардың арасында бірнеше ұлт өкілдері де кездеседі. Оларды біріктіретін, алға қойылған мақсатты орындауға жігерлендіретін — мүдде бірлігі, ілгеріден қалыптасқан дәстүр сабақтастығы.

— Жалпы алғанда сексен жылдан астам тарихы бар Дөң тау-кен байыту комбинатында қаншама ұлт өкілдері еңбек етеді, бұл жағына ешкім оншалықты мән бермейді. Өйткені, олардың арасындағы ауызбіршілік, достық қарым-қатынас бәрінен биік тұрады,— деді біз әңгімелескен комбинаттың «Молодежная» шахтасының басшысы Аманкелді Сүйінтаев.

Дегенмен, біз үлкен кәсіпорынның бастауында Иван Щербаков, Василий Загурдаев, Дмитрий Товстоновский секілді ілгері буын өкілдері еңбек еткенін білдік. Олардың қатарында қазақтан шыққан геологиялық барлау саласындағы алғашқы кен қазушылардың бірі Керей Қалиев есімі құрметпен аталады.

Комбинатта қырық бес жыл еңбек еткен Нина Стояноваға қатысты мына бір жай қазірге дейін сүйіспеншілікпен айтылады. Бірде қазақтың жас жігіті ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, оған жедел қан құю қажет болады. Сол кезде ол ойланбастан өз қанын ұсынып, оны ажалдан арашалап қалуға септігін тигізеді. Бірақ, бір өтінішін білдіреді. «Бұл жөнінде оның ата-анасына айтпасаңыздар екен. Қазақтар — өте жылы жүректі адамдар, олар жақсылықты жүз есе қайтарғысы келеді, оған мен ыңғайсызданамын» дейді.

Сонау Башқұртстаннның Бөрібай деп аталатын поселкесінде кенші болып жүрген Рафхат Рахметұлының да Қазақстанға келуінің өзінің тарихы бар. Өз туған жерінде пәтер алудың қиындығын бастан кешкен ол білікті маман ретінде Хромтаудан шақырту алады. Кеңестік кезеңде бәрі бір Одақтың аясында болған шақ еді ғой ол. Содан бері қанша жыл өтті. Ол өз бақытын қазақ жерінен тапты. Осында Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды, бірқатар медальдарды және алды. «Шахтер даңқы» белгісіне бірнеше мәрте ие болды. Қазіргі уақытта оның балалары да осында еңбек етуде.

Тағы бір башқұрт елінің азаматы Рамиль Юсуповтың да бүкіл тағдыры Дөң комбинатымен сабақтас. Осында қырық жылдан астам уақыт бойы көлік жүргізуші болып еңбек етті. Ол Картамак атты башқұрт поселкесінде өскен. Ал әскери борышын өтеп жүргенде хромтаулық досы Эрих Рабе оны Қазақстанға шақырған. Осылайша Рамиль үшін Хромтау екінші туған жеріне айналды.

«Бірлік бар жерде — тірлік бар» деген осы. Хромтаудағы комбинатта бас қосқан сан ұлт өкілдерінің бірлігі кейінгі буынға үлгі.

Кенші Сәлімгерей

Шахтада отыз жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан Сәлімгерей Жұмағалиев ауысымға келіп, жер астына түскенде бойына ерекше күш-қуат енгендей болатынын айтады. Шынында да, үңгуші мамандығы өте қауіпті, бір жағынан асқан жауапкершілікті, сақтықты қажет етеді.

— Бізде жігері әлсіз адамдар жұмыс істей алмайды, ондайлар болса шамалы күннен кейін-ақ беті қайтып қалады. Мен қазір үңгушілер бригадасына жетекшілік етемін, сондықтан да қарамағымдағы адамдардың қауіпсіздігін сақтау — бірінші міндетім,— дейді байырғы кенші.

Сәлімгерей 1988 жылы мұнда жұмысшы болып қабылданған. Содан бергі отыз бір жыл ғұмыры осында өтіп келеді. Оның бригадасында он адам еңбек етеді. Солардың көпшілігінің екінші мамандығы және бар. Өйткені, өндіріс барысында олардың кез-келгені қажет болып жатса, дәнекерлеуші де бола салады, жарғыш болып та шыға келеді. Яғни, шетінен бесаспап.

— Менің өзім Ресей жерінде туып-өстім. Қазақстанға он бес жасымда көшіп келдім. Ресейдегі бала кезгі достарымды ұмытқаным жоқ. Дұрысын айтсақ, адам ұлтына қарап емес, ниетіне қарап жақындасады. Елімізде халық бірлігі күнінің аталып өтуін қолдаймын. Бәріміз тату болсақ, береке де, байлық та содан туындамайды ма?! — дейді Сәлімгерей.

Сәлімгерей өзінің қанаттас жұмыс істеп келе жатқан жігіттерін бір-бірінен бөліп қарай алмайды. Мәселен, жарушылар бригадасының бригадирі Юрий Сахаров пен тәжірибелі жарушы Айтқали Есмағамбетов жүрген жерде қандай да жұмыстың тиянақты атқарылатынына күмәндануға болмайды. Бұлардың ізінен еріп келе жатқан жас буын және бар.

Кеншілер қатарына кейінгі тұста қосылған Асқар Қайырлиев қазірдің өзінде көп нәрсеге үйреніп қалды. Тіпті күрделі деген шаруалардың өзін дербес атқара алатын деңгейге жетті.

Сәлімгерейдің зайыбы Нәйла сауда орталығында жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Өз шаруасы басынан асып жығылатындығына қарамастан, ауыр жұмыста жүрген азаматының ас-суын уақытында әзірлеп, үйдің ішін шуақтандырып отырады.

Үйдің үлкені Анар да өз еңбек жолын әкесі жұмыс істейтін комбинат тіршілігімен байланыстырды. Қазір электр цехында белгілі бір кәсіп иесі. Әлиясы мемлекеттік қызметкер болғанымен, оның жолдасы Арман — рудникте экскаватор жүргізушінің көмекшісі. Кенжесі Диас биыл мектеп бітіреді. Бәлкім, ол да әке жолын қуатын шығар, бірақ әзірге түйінді сөз айтыла қойған жоқ.

Қалай дегенде де, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Еңбек сіңірген қызметкері» Сәлімгерей Жұмағалиевтің жұмыстағы да, отбасындағы да тәлім-тәрбиесі түзу жолға бастайтыны анық.

Үздік тәлімгер

Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасында Николай Карповты осында еңбек ететіндердің барлығы да жақсы біледі. Оны қалың көпшілікке танытқан — жұмысқа деген жауапкершілігі, өз ісін жетік білетін кәсібилігі, сондай-ақ қасындағы жолдастарына деген жанашырлығы.

Мұнда жұмыс істейтін кеншілер бел шешіп шаруаға кірісіп кеткен кездерінде өздерін бейне майдандағы жауынгерлерше сезінеді. Қасыңдағы әріптесің сенімді болса, өзің де белді бекем буып қимылдайсың. Сондайда әсіресе, жастарға жігер беріп, алға жетелеп отыратын аға буын өкілдерінің бірі — осы Николай Павлович.

— Біздер осында жұмыс істеуге сонау сексенінші жылдардың басында қатар келгенбіз, — дейді шахтаның басшысы Аманкелді Сүйінтаев. — Ол жұмысшы болып еңбек жолын бастады. Арада жыл өткенде бригадирлік тізгінді қолға ұстады. Қазір кеудесінде «Кенші даңқы» төсбелгісінің үш дәрежесі бар. 2015 жылы оған «Құрметті кенші» атағы берілді.

Николай Павловичтің өзі көпшілік мақтағандай ісіне бекем, жұмысына мығым болғанымен, сөзге көп араласа бермейді. Бірақ, шым-шымдап отырып сыр тартсаң, біраз жайды алдыңа жайып салатын да түрі байқалып қалды.

Ол 2012-2013 жылдардың өзі үшін ерекше бір жемісті кезең болғанын айтады. Сол тұста шахтадағы тазалау жұмыстары бригадасына жетекшілік ететін кенші бір жылда жоспардағы 198 500 тонна орнына 217 мың тонна руданы қолдарынан өткізіп, көздеген межеден әлдеқайда жоғары деңгейден көрінгендерін айтады.

Бір кездері оны жаңадан ашылып, енді қалыптаса бастаған «Қазақстанның Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасына уақытша көмектесуге, мамандарға тәжірибесін үйретуге жібергені бар. Ондағылар уақытша мерзімі аяқталған соң білікті маманды босатқысы келмейді. Алайда ол ешқандай үгіт-насихатқа көнбей, өзінің сүйікті бригадасына қайтып оралады.

Николай Карпов қазіргі уақытта ысырмалы жүкшығырдың машинисі болып еңбек етеді. Бұл жұмысты да кез-келген адам атқара алмайды. Ол үшін мол тәжірибе, біліктілік керек. Ең бастысы, кеншіге тән қайсарлық, қандай күрделі жағдай кездессе де салқынқандылық, сабырлылық қасиеттері бойда қалыптасқан болуы тиіс. Ал соның бәрі Николайдың бойында бұрыннан бекіген.

Оны әріптестері үздік тәлімгер деп бағалайды. Оған осындай атақтың ресми берілуінде де белгілі бір заңдылық бар. Өйткені, шахтаның қай бөлігіне бас сұқсаңыз да, Карповтың қол астынан шыққан кеншілер көзге көрінбей қалмайды.

Николайдың отбасында Дмитрий және Павел атты екі ұл өсті. Олар қазіргі уақытта Ресейде тұрып, еңбек етіп жатқанымен Қазақстанды Отаны санайды, ал туған қалалары Хромтауға деген сүйіспеншілігі тіпті айрықша.

— Николай Павлович еңбекқор адам, көздеген мақсатына жетпей қоймайды, ал тәлімгер ретінде талапшыл әрі қатаң. Ең бірінші кезекте қауіпсіз жұмыс істеуге көңіл бөледі. Оның ақыл-кеңесін бәрі де тыңдайды. Еңбек адамдарымен тіл табысу, бірге жұмыс істей білу дағдысын мен осы кісіден үйренгенмін, — дейді бригадир Саламат Медетов.

* * *

Біз әңгімелеп отырған Дөң тау-кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасының басшысы Аманкелді Сүйінтаев — «Қазхром ТҰК» АҚ-ның еңбек сіңірген жұмысшысы», «Кенші даңқы» орденінің толық кавалері, «Еңбек даңқы» төсбелгісі және Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл қарсаңындағы мерейтойлық төсбелгінің иегері. Ол сан ұлттың басын біріктірген үлкен ұжымның тізгінін берік ұстап келеді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Хромтау қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button