Басты жаңалықтарМәдениет

Мәдина СӘДУАҚАСОВА: Алғашқы әнсапарымды Ақтөбеден бастадым

Ақтөбеге гастрольдік сапармен келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, танымал әнші Мәдина Сәдуақасова музыкада кімді үлгі тұтатынын, алғашқы концертін неліктен біздің облыста ұйымдастырғанын, т.б. туралы айтып берді.

— Үлкен сахнада жүргеніңізге бірталай уақыт болса да, жеке ән кешіңізбен Ақтөбеге алғаш рет келіп отырсыз… Неліктен? 

— Біріншіден, биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдығы екенін ескере отырып, Қазақстандағы ең үлкен концерттік турнемді осы өңірден бастауды жөн көрдім. Әрі еліміздің батысындағы ірі облыс болғандықтан, бұл әбден орынды деп санаймын. Екіншіден, Ақтөбе — қазақтың ән өнерінде орны ерек, өзім үлгі тұтатын Ахмет, Ғазиза Жұбановтар сынды біртуар тұлғалардың туған жері. Батыр қыз — Әлия Молдағұлова осы өңірдің перзенті. Сондықтан ұлы адамдарға тағзым етіп, гастрольдік сапарымды осы өлкеден бастауды ұйғардым. Ырымшыл қазақпыз, солардың рухы қолдасын деген ой ғой. Әрі ақтөбеліктердің өнерді жоғары бағалайтынын білеміз.

Жалпы, Ақтөбедегі мерекелік кештерге, той-томалаққа талай жолымыз түсті. Ал жеке шығармашылық концертіммен тұңғыш рет келіп отырмын. «Сайра, әнім» деп аталатын кешімнің басты ерекшелігі де сол. Шыны керек, мұндай ауқымды гастроль менде бірінші рет болғалы тұр. Екі айға отбасы-ошақ қасынан ұзап, жер-жердегі тыңдармандарыммен жүздеспекпін.  Ауыл-аудандарды аралаймын. Бұрын-соңды өңірлерге осылай шықпадым демеймін, бірақ ұзақ уақытқа үйімнен алыстап отырғаным алғашқы рет. Аздап қобалжу да бар.

— Ақтөбе жұртшылығы өнерді ерекше қадірлейді дедіңіз ғой, концерттен қандай әсер алдыңыз?

— Сөзбен айтып жеткізе алмаймын… Керемет! Әлгінде осы гастрольдік сапарды қатты күттім деп айттым ғой, содан ба екен, концертке 2-3 күн қалғанда тіптен дегбірім қашып, ерекше күй кештім… Қызық болғанда көмекшім ұшаққа билет алып, бәрі алдын ала жоспарланып қойылғанына қарамастан, аяқастынан Ақтөбеге ертерек барғанымыз дұрыс деп шештім. Сөйтіп, билетті қайта ауыстырып, белгіленген мерзімнен бір күн бұрын сіздің өңірге келіп қалдық. Құдайдың сездіргені ме, әлде бір тылсым күштің әсері ме, ең қызығы — ертерек қимылдағанымыздың дұрыс болғанын кейін білдік. Әу баста жоспарланған күнімізде Алматыда қатты жауын болып, ешқандай ұшақ әуеге көтерілмепті… Осыдан кейін бойымда ерекше қасиетім бар ма деп қалдым (күлді). Әйтеуір, басында тым қатты мазасызданғаныма тосырқаған көмекшім екеуміз бір-бірімізге риза болдық.

Ақтөбе қаласында ғана емес, Қобда, Мәртөк, Шалқар аудандарында да концертім жалғасын тапты. Барлығы да тамаша өтті. Енді Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына жол жүрмекпін.

— Біздің өңірден шыққан әншілер де аз емес. Өзіңіз туып-өскен Қызылорда Ақтөбемен көршілес аймақ екенін ескере келе, іш тартып, дуэт айтуды армандап жүрген замандасыңыз бар ма?

— Шынымды айтсам, егер дауысы ұнаса, сосын жақсы ән болса, кез келген әншімен бірігіп өнер көрсетуге дайынмын. Мен үшін әншінің бәрі бірдей, ешкімді бөліп-жармаймын. Жақында жерлестеріңіз Нұрболат Абдуллинмен «Сезім бал» деген әнді қос дауыста орындадық. Лирикалық жаңа ән көпшілікке ұнайды деп ойлаймын. Ғаламторға жүктелді, тыңдасаңыздар болады…

— Ғаламтор демекші, қазақ әншілері ресми сайтын ашуға келгенде аса белсенділік танытпайды…

— Әндерім мен бейнеклиптерім, сапалы суреттерім, шығармашылықтағы соңғы жаңалықтарым қамтылатын жеке сайтымды ашу ойда бар. Бірақ ол үлкен ізденісті, сапалы техникалық қолдауды қажет ететін жұмыс. Сондықтан бұны үлкен дайындықпен іске асырсам деймін. Қазір әлеуметтік желілердің заманы ғой, сол арқылы да жаңалықтарым мен жоспарларымды бөлісіп тұрамын. Әсіресе, көпшілік инстаграмда отырады, солардың ішінде өзім де бармын (күліп).

— Ал газет-журнал оқуға қалайсыз?

— Өте жақсы. Күнде болмаса да, жол жүргенде, әуежайда отырғанда оқимын. Қанша жаһандану заманы болса да, газет-журналдар халықтың сұранысынан қалмайды деп есептеймін. Өйткені кітап, баспасөзді қолыңа алып, иісін сезініп оқу басқа да, смартфонның дисплейінен шолып шығу мүлде бөлек нәрсе.

«Өз басым танымалдылықтың тек оң тұстарын ғана көргім келеді. Және ылғи соны айтып жүремін. Өмірдің көңілсіз тұстары, бас шайқайтын көріністер онсыз да көп емес пе? Меніңше, бұл сенің тыңдармандарыңа да, өзіңе де жақсы әсер қалдырады, алға жылжуыңа сеп болады.

Адамның ықыласынан артық ештеңе жоқ. Оны ешнәрсеге сатып та ала алмайсың. Мәселен, концертте, күнделікті өмірде кездесіп қалғанда, қолындағы білезік, жүзігін шешіп беріп, «өнер адамысың» деп құрмет көрсеткенінің өзі, сенімен суретке түсуге ниетті болғаны керемет емес пе? Яғни саған жақсылық тілеп тұрады, іштей тілеулес болады, барлығының жақсы болғанын қалайды. Ал бұл дүниеде адамның ықылас-пейіліне тең келер ештеңе жоқ екені даусыз. Мұндай көріністер жүрегімізге жылу сыйлап, мерейімізді асырады. Сондықтан «танымал болудан шаршадым, ешкім суретке түсейік демесе екен» деп айтудан аулақпын. Қайта халықтың мұндай пейіліне мәз боламын. Мүмкіндігінше назарсыз қалдырмауға тырысамын. Өйткені, «Кісі көңілінің де киесі бар» дегенге сенемін…»

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button