Басты жаңалықтарМәдениет

Бас жүлде иегері — солтүстікқазақстандық театр

Жексенбі күні Ақтөбе қаласында халықаралық «Balausa» экспериментальды спектакльдер фестивалінің марапаттау рәсімі болды. Салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, өнер сүйер қауым, журналистер қатысты.

Осымен төртінші рет шымылдығын түрген экспериментальды спектакльдер фестивалі Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналды. Өнер мерекесінде биыл 10 труппа бақ пен бабын ортаға салды. Ал олардың өнерін Қазақстанның халық артисі, режиссер Есмұхан Обаев, Қырғыз Республикасының халық артисі, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Бузурман Одуракаев, Қазан қаласындағы Г.Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театры әдебиет бөлімінің жетекшісі Нияз Игламов, Санкт-Петербург қаласындағы Ресей мемлекеттік сахналық өнер институтының аға оқытушысы Татьяна Джурова және Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының режиссері Елтай Кемал бағалады.

Өз кезегінде ақтөбелік көрермендердің назарына әртүрлі жанрдағы спектакльдер ұсынылды. Атап айтсақ, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры У.Шекспирдің әлемдік классикаға айналған «Гамлет», Жамбыл облыстық қазақ драма театры Б.Жандарбековтің «Томирис», Көкшетау қаласының «Ел» жастар театры А.Баймұхаметовтің «Армандар кемесі», Татарстан мемлекеттік театры Р.Зайдулланың «Абага», Өзбекстан мемлекеттік қуыршақтар театры Д.Юлдашеваның «Ох, уж этот Ходжа Насреддин», Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Қырғызстанның А.Жайнақов атындағы Баткен облыстық музыкалық драма театры Ш.Айтматовтың «Жәмилә», Алматы қаласының «Laboratory 316» театры Ф.Дюрренматтың «B.O.Q.» («Геркулес и Авгиевы конюшни»), Арменияның Антреприз театры Э.Ионесконың «Манипуляция» («Бред вдвоем»), Алматы қаласының Асанәлі Әшімов театры Н.Гогольдің «Вий» қойылымдарын сахналады.

6 күнге созылған мәдени шараның ұйымдастыру жұмыстарына облыстық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінгенін айта кету керек.

— Театр — адамның мәдениетін қалыптастыруда, қоғамды тәрбиелеуде ерекше рөл атқаратын өнер саласы. Биыл төртінші рет өткізіліп жатқан халықаралық «Balausa» экспериментальды спектакльдер фестивалінің Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Жастар жылы аясында өтіп отырғаны өте қуантарлық жағдай. Әрі бұл ақтөбелік көрермендерге үлкен сый деп ойлаймын.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында рухани мәселелер бірінші орында тұруы тиіс екендігі атап айтылған. Менің ойымша, бұл жерде ұтқан — біздің ақтөбелік көрермендер. Аталған шараға Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстанның өнер ұжымдарының келуі бүгінгі шараның беделін көрсетіп отырғандай. Бәріңізге осынау ортақ мереке құтты болсын! — деген Оңдасын Сейілұлы «Balausa» фестивалінің Гран-приін — диплом мен 300 мың теңге ақшалай сыйлықты М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» спектаклі үшін Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрына табыстады. «Ең үздік режиссура» номинациясын Алматы қаласының «Laboratory 316» театры Ф.Дюрренматтың «B.O.Q.» қойылымы үшін иеленсе, «Ең үздік ер адам рөліне» жерлес актер Бағдат Телеуғалиев, ал «Ең үздік әйел рөліне» татарстандық актриса Гүлзада Камартдинова лайық деп танылды. Өзге де труппалар фестивальдің арнайы сыйлықтарымен марапатталды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button