Құқық

Бірінші тоқсан: 112 адам сот төрағасының қабылдауында болды

Баспасөз мәслихаты

Жыл басынан бері облыста 460 қылмыстық іс қаралды. Оның 283-іне қатысты үкім шығып, 307 адам сотталды, 8 адам ақталды.

Бұл туралы облыстық соттың  төрағасы Сәкен Абдолла, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы Қайырбек Елемесов, азаматтық істер бойынша сот алқасының төрағасы Ермек Қанапиев, Ақтөбе облысы бойынша Соттар әкімшісінің жетекшісі Еркебұлан Сағынғановтардың қатысуымен бірінші тоқсанды қорытындылаған баспасөз мәслихатында айтылды.

Сот төрағасы журналистер алдында сот органдарының жұмысын баяндады.

Тәуелсіз еліміздің басты бағыттарының бірі — дамыған құқықтық және демократиялық елдің жоғары стандартына лайықты сот жүйесін құру. Сот жүйесінің басты мақсаты — заңдылықтың үстемдігін қамтамасыз ету, тиімді сот жүйесін қалыптастыру және халықтың сеніміне ие болу. Сот жүйесі қызметін жетілдірудің мәселелері әрқашан Мемлекет басшысының ерекше назарында тұрады. Елбасы айқындап берген міндеттер шегінде еліміздегі сот-құқықтық реформасы өз ретімен іске асырылып жатыр. Осы реформа аясында ең озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, егемен Қазақстан дамудың құқықтық жолын айқындау үстінде, — деп баспасөз мәслихатын ашқан сөзінен кейін сот төрағасы аймақта сот жүйесінде бірінші тоқсанда атқарылған негізгі және сот практикасына қатысты басқа да мәселелерге тоқталып өтті.

Сәкен Абдолланың айтуынша, жыл басынан бері облыста 460 қылмыстық іс қаралған. Оның 283-іне қатысты үкім шығып, 307 адам сотталып, 8 адам ақталыпты.

Баспасөз мәслихатында облыстық соттың төрағасы қоғамды алаңдатуы тиіс мәселелер турасында да айтты. Ол өз сөзінде Ақтөбеде әкесі туған қызына, ағасы туған қарындасына сексуалдық зорлық көрсеткен қылмыстық істерді мысалға келтіріп, қоғам назарын аударды.

Жалғыз біз ғана емес, қоғам назарын аударуы тиіс мәселелер бар. Мәселен, Ақтөбеде екі қылмыстық іске қатысты үкім шығып, заңды күшіне енді. Соның бірі — туған әкесі 12-13 жас шамасындағы өзінің туған қызын 2-3 жыл бойы зорлаған. Бұл — өте жаман белгі.  Екінші қылмыстық істе туған ағасы 13 жас шамасындағы туған қарындасына 2-3 жыл бойы сексуалдық зорлық жасағаны анықталды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, балалар негізінен өздерінің жақындарына ғана сенеді. Міне, осындай оқиға орын алды. Бұл жағдай қыз баланың жүктілігі кезінде анықталды. Орта мектептегі мұғалімі жағдайды біліп, содан кейін ғана дерек анықталып, қылмыстық  іс қозғалды. Меніңше, мұндай жағдайға қоғам бейжай қарамай, ойлануы керек, нақты шара қабылдауымыз қажет, — деді облыстық соттың төрағасы Сәкен Абдолла.

С.Абдолла өз сөзінде бала тәрбиесіне қатысты да мәселені қозғады. Бұл істе ата-ананың мұқият болуын, баламен барлық тақырыпта еркін сөйлесіп, ашық әңгіме айтуға кеңес берді.

Баспасөз мәслихатының жұмысы сұрақ-жауаптарға негізделіп жүргізілді.

С.Абдоланың айтуынша, сот жүйесіне халықтың сенімін нығайту — басты мақсат. Осыған сәйкес, облыстық соттың төрағасы аптасына екі рет, яғни сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 17.00 мен 18.00 аралығында  азаматтарға жеке қабылдау жүргізеді, әрбір адам өзін толғандырып жүрген сауалдарға нақты жауап ала алады. Есепті мерзім ішінде сот төрағасы 112 адамды қабылдапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76 адамға көп.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button