Басты жаңалықтарМәселе

Баспана алудың жолдары

Елімізде тұрғындардың баспаналы болуы үшін бірнеше бағдарлама қарастырылған. Олардың талаптары әртүрлі. Бірақ түпкі мақсат бір — әр отбасының жеке баспаналы болуын қамтамасыз ету. Былтыр ел тұрғындарының баспаналы болу мүмкіндіктерін арттыру үшін «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы ұсынылды. Биыл ақпан айында аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 40 мыңнан астам жалға берілетін баспана құрылысын салу туралы шешім қабылданды. Ол үшін алдағы 7 жылда қосымша 50 миллиард теңге бөлінбек. Жыл сайын. Оған қоса көпбалалы, толық емес, мүгедек балалар бағып отырған отбасылар үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 2 пайызбен тұрғын үй несиесін алуға қатысты арнайы жеңілдетілген механизм жасалатын болды. Бұл мақсатта «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» жыл сайын 50 миллиард теңге бөлінеді.

Осылайша елімізде тұрғындардың әр санаты үшін барынша жеңілдетілген механизм бойынша баспаналы болуға мүмкіндік беріліп отыр. Осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталатын болсақ…

Жалдамалы пәтер және «Бақытты отбасы» бағдарламасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында еліміздегі республикалық БАҚ-тарға берген сұхбатында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер беру жұмысына әкімдердің мамыр айынан бастап кірісетінін айтты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, жеті жылдың ішінде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың барлығы баспаналы болады. Министр жыл сайын елімізде 6 мың жалдамалы пәтер салынатынын, 2025 жылға дейін кезекте тұрған барлық көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі толығымен шешілетінін айтты. Дерек бойынша елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар, бірақ олардың барлығы бірдей баспанаға зәру емес. Айта кету керек, мұндай баспанаға ие болғыңыз келсе, сіз әкімдіктердегі тұрғын үй кезегінде болуыңыз керек. Пәтер берер кезде осындай деректер ескерілетін болады.

Алайда, жалдамалы пәтер жекеменшікке берілмейді. Ал көпбалалы отбасылардың ішінде жеке пәтерлі болғысы келетіндері кездесері анық. Сондықтан үкімет көпбалалы, толық емес және мүгедек бала бағып отырған отбасыларға пайызы аз несие беруді қолға алмақ. Бұл санаттағы азаматтар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» 2 пайызбен ипотека ала алады.

— Көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанаман қамтамасыз ету үшін биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүзеге асырылады. Оны жүзеге асыру үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» алдағы үш жылда 150 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Бағдарлама шарты бойынша, тұрғын үйдің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы керек. Бастапқы жарна — 10 пайыз. Жылдық 2 пайызбен тұрғын үй заемы беріледі. Бұл жағдайда үміткер жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін тұрғын үй сертификатын пайдалана алады. Бағдарламаға 4 және одан да көпбалалы отбасылар, мүгедек бала бағып отырған және кәмелет жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылар қатыса алады. Олардың атында баспана тіркелмеген болуы шарт. Бір ескерте кететініні — бұл бағдарламаға қатысушыларды жергілікті атқарушы билік анықтайды, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы  бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Балғожиев.

Мұндай отбасылардың айлық табысына байланысты да талап бар: отбасының табысы әр мүшесіне шаққанда ең төменгі айлық көрсеткіштен аз болуы тиіс. Несие 18 жылға беріледі. Мәселен, пәтер құны 10 миллион теңге тұратын болса, жылдық 2 пайызбен несие алу үшін бастапқы 10 пайызын төлеу керек, содан соң алғашқы 8 жыл бойы отбасы ай сайын 52,3 мың теңге, содан кейін 11 жыл бойы 36,0 мың теңге көлемінде несие төлейтін болады. Мысалы, 10 миллион теңгеге Ақтөбеден 3 бөлмелі пәтер алуға болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өкілінің айтуынша, биыл облыста 1000-ға жуық отбасына осындай жеңілдетілген механизм бойынша заем беріледі.

«7-20-25»: кім ала алады?

Елімізде былтырдан бастап қалың көпшілікке тұрғын үй ипотекасының жаппай қолжетімділігін арттыру мақсатындағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынған болатын. Бұл бағдарламаға жұмыс істейтін әрбір адам қатыса алады.

Дерек бойынша, Ақтөбе облысында 606 адам осы бағдарламаға қатысуға өтініш берген. Оның ішінде 317 адамға 2 млрд 800 млн теңгеге жуық несие беру мақұлданған. Бұл — 317 отбасы «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болды деген сөз. Аталған бағдарламаның операторы — «Баспана» АҚ.

— Бұл бағдарлама бойынша еліміздегі сегіз банк несие беріп жатыр. Олар —  «Қазақстан Халық Банкі», «ЦентркредитБанк», «Сбербанк»,  «ЦеснаБанк», «АТФ Банкі», «Forte Бank», «Bank RBK», «Еуразиялық Банк» банктері. Осы банктердің барлығы Ақтөбе облысында тұрғындарды қабылдауға дайын. Бағдарлама бойынша тек пайдаланылуға берілген бірінші нарықтағы, яғни жаңадан салынған үйлерді ғана алуға болады, — дейді «Баспана» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Гүлнар Дабылова.

Биыл жыл басынан бастап «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар «Нұрлы жер» бойынша салынған тұрғын үйлерді сатып алуға мүмкіндік алды. Бұрын бұл үйлер тек әкімдіктер мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары арасында ғана беріліп келген болатын. Бұл үйлердің бір артықшылығы — бағасының төмендігінде. «7-20-25» бағдарламасына қатысушы ақтөбеліктер «Нұрлы жер» бойынша «Нұр Ақтөбеде» салынған жаңа үйлерден пәтер ала алады.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алу үшін сіздің қолыңызда үй құнының 20 пайызына тең қаражат болуы шарт. Және арыз беретін кезде меншік құқыңызда пәтеріңіз және өтелмеген ипотекалық кредиттеріңіз болмауы тиіс. Үшінші талап — төлем қабілетіңізді растай алуыңыз қажет. Несие жылдық 7 пайыз мөлшерлемемен 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Баспана-хит»

«7-20-25» бағдарламасы бойынша тек жаңадан салынған үйлер үшін ғана банктерден несие рәсімдеуге болатын болса, «Баспана-хит» бағдарламасы арқылы ескі нарықтағы үйлерді сатып алуға болады. Егер «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу кезінде меншік құқығыңызда ешқандай пәтер тіркелмеуі талап етілсе, «Баспана-хит» бойынша өз атыңызда қанша үй болса да, ипотека рәсімдей аласыз. «Баспана хит» бойынша да кредиттерді «Қазақстан Халық Банкі», «ЦентркредитБанк», «Сбербанк»,  «ЦеснаБанк», «АТФ Банкі», «Forte Бank», «Bank RBK», «Еуразиялық Банк» АҚ секілді сегіз банктен алуға болады.

«Баспана-хит» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие жылдық 11 пайызбен 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Тұрғын үй құрлыс жинақ банкі» арқылы

Елімізде баспана алудың ең тиімді тетігі — «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы алу. Несиенің ең төменгі пайызын әзірге ұсынып отырған осы банк. Ресми дерек бойынша, еліміздегі ипотекалық несиелердің 70 пайызы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы беріледі. Мәселен, аталған банк филиалы арқылы Ақтөбе облысында бүгінге дейін 16 329 салымшыға баспана алу үшін 90,2 млрд. теңге берілген. Соның ішінде өткен жылы 3857 адам баспаналы болған.

Аталған банк ипотекалық несиелеудің бірнеше жолын ұсынады:

«Нұрлы жер»: Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер алғыңыз келсе, сіздің депозитіңізде үй құнының 20 пайызына тең қаражат болуы тиіс. Жылдық мөлшерлеме 5 пайыздан басталады. «Нұрлы жер» бойынша бастапқы нарықтағы, яғни жаңа үйлерді ғана сатып алуға болады.

— 2018 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалы арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1717 адам баспаналы болды. Сондай-ақ былтыр жергілікті атқарушы органмен бірге тұрғындардың баспаналы болуының екі тиімді тетігін жүзеге асырдық: жастар мен әскери қызметшілер үшін үй құнының 10 пайызына тең тұрғын үй сертификаттары берілді. Яғни баспаналы болғысы келетін үміткерлердің бағдарлама талабы бойынша үй құнының 20 пайызына тең қаражаты болуы тиіс болса, оның 10 пайызы жергілікті билік тарапынан берілген сертификат арқылы төлесе, қалғанын өздері төледі. Берілген қаражатты ешқандай пайызсыз, сегіз жылдың ішінде қайтарып береді. Бұл жағдайда да үміткерлерді жергілікті атқарушы билік анықтайды. Егер алдағы уақытта тағы да осындай тәжірибе болатын болса, ресми түрде хабарлаймыз,дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалы  бизнесті дамыту бөлімінің бірінші санаттағы маманы Мақсат Заитов.

«Өз үйім»:  бұл бағдарлама — тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеке бағдарламасы. Бұл арқылы банк салымшылары бірегей шарттармен жаңа үйлерден пәтер сатып ала алады. Салымшының атында басқа үйдің бар-жоқтығы және қанша үй сатып алайын деп жатқаны маңызды емес.  Үйді еліміздің кез келген қаласынан сатып алуға болады.

Ол үшін депозитіңізде үй құнының 20 пайызына тең қаражатыңыз болуы керек. Займдар бойынша ең төменгі мөлшерлеме – 3,5%, ең жоғарғы мөлшерлеме — 7%. Яғни қаражатыңыз үй құнының 50 пайызына жеткен кезде жылдық пайыздық мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендейді.

Егер депозитіңізде үй құнының 50 пайызына тең қаражатыңыз болса, алайда  депозиттің ашылғанына үш жылға жетпейтін уақыт болса, аралық заем ала аласыз. Аралық заемды алдымен 7 пайызбен аласыз, кейін ол 5 пайызға төмендейді.

Ал депозитіңізді кем дегенде үш жыл бұрын ашқан болсаңыз, ондағы жиналған қаражат үй құнының 50 пайызынан кем болмаса, бағалау көрсеткіші 16-ға жетсе, жылдық 3,5-5 пайызбен тұрғын үй заемын ала аласыз. Бұл — әзірге еліміздегі ең төмен пайызбен беріліп отырған ипотекалық несие. Оны 6 жылдан 25 жылға дейін алуға болады.

Биыл сәуір айында «Нұр Ақтөбе» тұрғын массивіндегі 2, 4-ықшам аудандарындағы жалпы ауданы  22 мың шаршы метр болатын 315 пәтерлі №14,17 кредиттік тұрғын  үйдің құрылысы пайдаланылуға беріледі. Бұдан өзге жыл соңына дейін 1-аудандағы 1341 пәтерлі кредиттік тұрғын үйлер де берілмек.

Былтыр республикалық бюджет есебінен басталған «Нұр Ақтөбенің» 4-ауданындағы 265 пәтерлі №19 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысын биыл шілдеде аяқтау жоспарланып отыр.

«Орда» бағдарламасы

Өткен жылдың аяғында «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» АҚ ипотекалық несиелендірудің «Орда» атты жаңа бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама бойынша меншігінде үй бар-жоғына қарамастан еліміздің 21-ге толған барлық азаматтары бастапқы және қайталама нарықтан пәтер сатып ала алады.

Несиелендіру екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда «Орда» ипотекасын «Цеснабанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Kassa Nova» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, сондай-ақ BI Group ипотека орталықтары арқылы рәсімдеуге болады.

Төлем қабілеттілігін толық растаған кезде, қарыз алушылар үшін ипотекалық қарыз мөлшерлемесі жылдық 12%-бен, кірісті ішінара растаған кезде жылдық 14%-бен беріледі. Тұрғындар 1 миллион теңгеден бастап 65 миллион теңгеге дейін қарыз ала алады. Бұл жерде Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тұрғын үй сатып алуға берілетін ең жоғары қарыз сомасы 65 млн теңге болса, басқа өңірлер үшін — 40 млн теңге. Бастапқы жарна — 30-50 пайыз.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button