Суға түсу маусымы
Суға түсу кезінде қауіпсіздік ережесін сақта!
Жаз мезгілінде өзен, көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы ғой. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға болады. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек етеді және жұмысқа қабілетіңді арттырады. Алайда суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтамасақ, бақытсыз жағдайларға тап болуымыз мүмкін. Суға түсу кезінде көбінесе балалар, ішімдік ішкен адамдар ғана емес, денсаулығы мықты жүзу білетін адамдар да қайғылы жағдайға тап болады. Ал мұндай жағдайда дер кезінде, тез және дұрыс шешім қабылдай білу керек.
Жағымсыз статистика. Ағымдағы жылдың өзінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің көрсеткіші бойынша облыс көлеміндегі суда 26 адам қаза болды. ( Ырғыз ауданында 1 адам Тоңқатай көлінен атпен өту кезінде, Алға ауданында 2 адам Тамды өзенінде балық аулау кезінде, Мұғалжар ауданында 1 адам Елек өзенінен атпен өту кезінде, Ақтөбе қаласында 11 адам Елек өзенінің суға түсуге болмайтын, яғни тыйым салынған жерге шомылу барысында, Хромтау ауданында карердегі суға шомыламын деп 3 бала қайтыс болды, т.б.)
Сараптаулар көрсеткендей, мұндай қайғылы жағдайларға адамдар көбінесе суға түсуге болмайтын жерге түсу, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды суға түсу кезінде қараусыз қалдыру, суға мас күйінде түсу кезінде ұшырап жатады.
Әрине, ауа температурасы 35-37 градустан жоғары болғанда адам өзен жағасында шомылмауы мүмкін емес, бірақ аз ғана шомылып салқындап аламын деп ойлап, жағажайдағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытып кетіп жатады. Суда болған төтенше жағдайда адамның әрбір минуты қымбат. Егер сіз жақсы дайындықта болып, құтқарушының тәсілдерін, өз-өзіңізді құтқаруды, барлық қауіпсіздік ережелерін білсеңіз, онда өзіңіз тез әрі нақты шешім қабылдай аласыз.
Суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтай біліңіз:
1. Суға шомылатын арнайы орынды дұрыс таңдай біліңіз.
2. Суға түсуге болмайтын белгіден аспаңыз, тыйым салынған жерлерге шомылмаңыз және суда жүрген моторлы кемелерге жақын жүзбеңіз. Бұл сіздің өміріңізге өте қауіпті.
3. Ата-аналар балаларға қамқорлық жасап, суға шомылу кезінде балаларды қараусыз қалдырмау керек!
4.Ішімдік ішкен жағдайда суға түсуге болмайды!
Тыйым салынады:
– Жүрек ауруымен ауыратын адамдарға суға түсуге, өйткені суға түсу кезінде қосымша қорқыныштар пайда болады;
– Қатты толқын кезінде суға түсу;
– Үлкендердің қарауынсыз балаларды суға шомылуға жібермеу;
– Камерадан басқа талапқа сай келмейтін құралдармен суға түспеу;
– Салқын суда ұзақ болмау, суда ұзақ болу денені салқындатады;
– Қауіпті жағдай туралы хабар естігенде суда болмау;
– Дәрігердің шешімінсіз су астына сүңгумен айналыспау.
Суда балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары
Үлкендер білуі керек:
- Суға шомылу кезінде балаларды қараусыз қалдырмау;
- Суға түсуге болмайтын жерлерге шомылмау.
Демалатын жерлерде мына талаптар орындалу керек:
Балалар шомылатын су жағажайларының топырақты болуы. Су қоймасының түбі бірте-бірте еңіс тартып, 1,5 метр тереңдікте су түбі тастардан, басқа да заттардан таза болуы. Суға түсуді үйреніп жүрген мектепке дейінгі балалар үшін арнайы орын бөлініп (тереңдігі 0,7 метрден аспау керек), қауіпті жерлер арнайы тростармен белгіленуі керек. Су жағажайларының тереңдігі 1,5 метрге дейін болғанда 12 жас және одан үлкен жақсы жүзе алатын балаларды жіберуге болады. Балалардың қасында міндетті түрде суда жақсы жүзе алатын үлкендер болу керек.
Барлық балалар ережелерді есте сақтау керек:
- Суға тек арнайы жерлерде түсу;
- Суға түсу кезінде кемелерге, басқа да жүзу құралдарына жақын бармау;
- Камерамен, тақтайлармен, басқа да жүзуге болмайтын құралдармен суға шомылуға болмайды, ескерту белгілері берілген кезде судан дер кезінде шығу;
- Таныс емес жерлерге, жағалауларға суға сүңгімеу;
- Су температурасы 18 градустан төмен боғанда суға түсуге болмайды.
- Суға сынған банкілерді, әйнектерді лақтыруға болмайды, олар суға түсушілерге қауіпті болады;
- Суда қолдан жасалған жүзу құралдарын пайдаланбау;
- Суға тек қасыңда үлкен адамдар болғанда ғана шомылу керек.
Ақтөбе облысы ТЖД ТЖ алдын алу бөлімі.



