Басты жаңалықтар

Байғанинде жан басына шаққанда екі ірі қарадан келеді

Бұл —  аудан үшін төмен көрсеткіш

Бұған дейін облыстың  барлық өңіріне барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарын Байғанин ауданында қортындылады.

Алдымен республикалық маңызы бар күре жолдың жайымен танысқан ол жол салып жатқан компания мердігерлерімен кездесті. Ақтөбе-Астрахань жолының бойында жатқан ауданға осы жолдың 125 шақырымы тиесілі. Түріктің қос компаниясы салып жатқан жолдары II дәрежелі жолға жатады. Сондықтан оның барлық құрылысы талапқа сай болуы керек. Облыс әкімі жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мән беріп, жолды уақытында, сапалы аяқтауды тапсырды. «Akkord lndustry Construction lnvestment Corporation»  компаниясы 40 шақырым жол құрылысына 119 жергілікті тұрғынды жұмысқа алуды жоспарлап отыр. Ал «Todini Costruzioni Generali SPA» компаниясының мердігері Мехмет Мустафа Будан әзірге жергілікті жерден 50 адамды қамтып отырғанын, жаздың басында жұмысшы санын екі есеге көбейтетінін айтты.

Біздегі жұмысшылардың жалақысы қызметіне қарай әртүрлі. Арнайы мамандар 200 мыңнан жоғары алады. Жұмысшылардың айлығы 100-250 мың аралығында. Құрылыс материалдарын Мұғалжар ауданынан алып отырмыз. Бәрі талапқа сай. Ешқандай мәселе жоқ, — дейді мердігерлер. «Todini Costruzioni Generali SPA» компаниясы салып жатқан 55 шақырымдық жолдың құны 11 070 517 348, 06 теңге болса, наурыз айына игерілгені 4 560 762 301, 94 теңге. Қалған қаржыны жылдың аяғына дейін игереміз дейді олар.

Одан кейін облыс әкімі Байғанин ауданының тұрғындарымен кездесті.

Аудан әкімі Асқар Шериязданов жасалуы тиіс негізгі шаруаларға тоқталып, ауданның ахуалымен таныстырды.

Байғанинде кәсіпкерлік саласы, шағын және орта бизнесті қолдау тым баяу дамып жатыр. Оны өз баяндамасында аудан әкімі де жасырмады.

Бұдан бір ай бұрын ауданның әлеуметтік-экономикалық есебін тыңдаған  облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы көрсеткіштің төмен екенін айтып, біраз сын-ескертпелер жасаған болатын.  Бірқатар нақты тапсырмалар берді. Біз осы уақыт ішінде барлығын сараптап анықтадық. 18 саланы белгіледік. Қазір орындау үстіндеміз, — деді.

Аудан әкімінің деректеріне сүйенсек, 23 мыңға жуық халқы бар ауданның өрісінде 36 870 ірі қара бар. Әрбір үйге 8 бастан, жан басына шаққанда 2 сиырдан келеді екен.  527 адам жұмыссыз, оның 406-сының мамандығы бар. Орташа жалақы — 137 мың теңге. Ауданда 13,801 жылқы, 3,318 түйе және 120 мыңға тарта қой бар. Шопан атаның тұқымын асылдандыру мақсатында құйрықты қылшық жүнді 4 мың бас қой сатып алып, қой санын 140 мыңға жеткізу көзделіп отыр.

Соңғы он жылдың ішінде жас мамандарға 110 тұрғын үй берілген. Биыл 16 пәтерлік үйлер салынып, болашақта жастарға арналған мөлтек аудан пайда болмақ. Ауданда 549 мүгедек, 1290 көпбалалы ана бар. Оларға жағдайына қарай атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, мүмкіндігі шектеулі жандарды ортаға бейімдеу жұмыстары ұдайы күн тәртібінде тұр.

Аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірқатар

сын көтермейтін мәселелерге тоқталды.

Екі ірі қара адам басына шаққанда көп емес. Байғанин ауданы үшін бұл төмен көрсеткіш. Олай болса даланы малға толтыру керек. Шағын және орта бизнес дұрыс жолға қойылмаған. Орташа жалақы — 137 мың. Бұл статистика ғой, мұнай компанияларында жасайтындар көп алады. Бірақ олар аз. Ал ауданда жалақыны аз алатындар көп немесе алмайтындар бар. Ауылда тұрмысы төмен отбасылар жетерлік. Көбі кәсібін аша алмай жүр, не болмаса жұмыссыз. Мен істеліп жатқан жұмыстарды жоққа шығармаймын. Дей тұрғанмен, Президенттің  тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында берген тапсырмаларды орындауымыз —керек. Біз қай нәрсені де ашық айтуымыз керек. Атаулы әлеуметтік көмек ол — тек көмек. Негізгі табыс — еңбекпен келетін нәрсе. Ата-ана өзі еңбектенбей, жастар табыс таппайды. Әке-шеше жұмыс істемесе, бала да ештеңе істемейді. Ауылдың баласы қалаға кеткісі келеді, қызы Астанада қалғысы келеді. Бірсыпыра адам күндіз-түні тынбай еңбек етеді, ал басқа адамдар көмек күтіп отырады.Үкімет тарапынан газ, су, жол секілді проблемалар шешіліп жатса, тұрғындар өзі үшін, ұрпағы үшін табыс табумен айналысуы қажет. Ал атқарушы орган бұған кедергі жасамауы керек, — деген облыс әкімі мұндай жағдай облыстың барлық аудандарында кездесіп отырғанын айтты.

Жиында облыс әкіміне қойған тұрғындардың сауалдары көпке ортақ, шешімін күткен шаруалар жайында болды.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ұлықпан Қадіров ауданішілік жолдардың күйін айтты. Ауданда 47 көше бар. Биыл жеті көше жөнделеді.

Орталықтан алыс Дияр, Оймауыт, Миялы елді мекендеріне ұялы байланыс керек. Және де бұл өңір малды ауыл саналады. Аудан малының 40 пайызы сол жерлерде шоғырланған. Тұрғындар малдарын бір табан жақын Атырау облысының Құлсары қаласына өткізеді. Керек-жарағын сол жақтан алады. «Біздің базарымыз — Құлсары» — дейді осындай мәселелерді айтқан Миялы ауылының тұрғыны Құрманғали Мәнібаев.

Шалғай ауылдарға, әрине, ұялы байланыс міндетті түрде керек. Ал жолдың жайына келсек, Ақтөбе облысы жол бойынша төменгі сатыда тұр. Республикалық маңызы бар жолдар салынып жатыр. Ауданаралық жолдарды дұрыстауымыз керек. Жолдың жайын жақсы білемін. Барлық аудандарды аралап, өз көзіммен көріп, өз құлағыммен естиін деген сапарымның мақсаты да сол. Мен сіздер көтерген ұялы байланыс, жол, тағы басқа өзекті мәселелер жөнінде тиісті орындармен сөйлесіп, өз бақылауыма аламын, — деді облыс басшысы.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ибрагим Ермекбаев облыс әкіміне Жем-Сағыз өңірінің мәдени, рухани құндылықтарын тарихи жерлерді қорғап, ескерткіштерді сақтау керектігін айтты.

Облыс әкіміне бұл ұсыныс ұнады.

Бұл — ерекше маңызы бар дүние. Рухани азығымызды ұмытпауымыз керек. Байғанин — тарихи құндылықтарға бай аудан.  Күннің демалысына қарамай жиынға келіп осындай өзекті мәселелерді көтеріп, орынды пікір айтқан бәріңізге ризашылығымды білдіремін, — деді.

Жиыннан соң жеке қабылдау өткізген облыс әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті жерде шешілуі тиіс шаруаларды аудан әкіміне тапсырды. Біраз мәселенің түйіні сол жерде шешілді.

Солардың бірі — қолдағы бірді-екілі малы сарып ауруына шалдығып, өзінің де денсаулығы сыр бергенде қос сала дәрігерлерінің жұмысына көңілі толмаған Гүлсім Тоқсанбаеваның өтініші қаралатын болды. Оның үйіне ауызсу кіргізіп беру аудан әкіміне жүктелді.

Одан кейін облыс әкімі ауданда жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандарды аралады. Ауданның 30 пайызын жастар құрайды. Байғанинде жастарға арналған игі істер қолға алына бастады. Аудандық жастар ресурстық орталығы үйіне барған облыс әкімі ондағы «Коворкинг орталығының» жұмысымен танысып, жастармен кездесті. «Жас прожект» жобасымен 1 миллион теңгенің грантын ұтып алып, жұмысын бастап жатқан жас кәсіпкерлердің қай-қайсысы да сұранысқа сай кәсіпті таңдаған. Аяқ киім жөндеу шеберханасы, шағын жиһаз жасайтын орын мен тігін цехы бар. Сонымен қатар массаж салоны, сүт өнімдерін дайындап тұтынушыға ұсынатын және балалардың қабілетін дамытатын орындар бар.

Жастардың айтуынша, барлығы дерлік өз қызметтерін тапсырыс бойынша жасайды.

Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Сая  Тоқтардың айтуынша, жастар белсенді. Діни ахуал тұрақты. Сонымен қатар екі теолог маман жұмыс жасайды. Жеке ғимараты, оның ішінде сегіз қырлы бір сырлы жастары, теолог мамандары, жүйелі жоспарлары бар  орталық басқа аудандарда жоқ. Жастардың талпынысына сәттілік тілеген облыс әкімі өзге аудандардың осы жерге келіп тәжірибе алмасу керектігін айтты.

Аудандық оңалту орталығы логопед, дефектолог, психолог секілді қат мамандарымен қамтылған. Астана қаласының 20 жылдығы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналып салынған Шығармашылық орталығы да талапқа сай жұмыс істеп тұр. Мұнда оқушылар бос уақытында ерекше қабілеттерімен көптеген туындылар жасайды. Шығармашылық, лобаратория, робототехника, телескоп, би класы, тігін класы бөлмелері бар. Биыл ашылған спорт алаңы жастардың жиі жиналатын жері мен балалардың ойнайтын «Толағайдың» ауласы тұрғындардың көп келетін демалыс орнына айналыпты. Бір-біріне жақын орналасқан сәні мен келбеті келіскен ғимараттар көшенің көркін келтіріп тұр. 300 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Жанында 100 орындық интернаты бар. Аудан әкімі Асқар Шерияздановтың айтуынша дарынды балаларды тәрбиелейтін гимназия  болмақ. Облыс әкімі құрылыс компаниясының мердігерлеріне биыл мектептің пайдалануға берілуін тапсырып, бірінші қыркүйекке дейін қабылдау керектігін айтты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button