Мәдениет

Театр қайта түлеп тұр

Қаламыздағы Т. Ахтанов атындағы драма театрының  жабылғанына бір жыл болды. Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың  мамыр айында басталыпты. Содан бері қызу жұмыс жүруде. Өнерсүйер қауым адам танымастай болып өзгерген жаңа театрымен қыркүйек айында қайта қауышпақ.

Драма театрдың күрделі жөндеу көрмегеніне қырық жылдан астам уақыт болыпты. Жылда театрға келген көрермендер де, қызметкерлері де қыстан тоңып шығатын. Бұйырса, биыл бұл мәселе де шешілмек. Театр жанынан дербес жылыту жүйесі салынып жатыр.

Драма театрдың іші-сырты  түбегейлі өзгермек. Қазір ішкі сылақ жұмыстары аяқталып қалыпты. Жиһаздар, жылжымалы сахна, көрермендер  отырғыштары, ашық залдағы  жұмсақ жиһаздар, терезежапқыш пен еден жамылғылары, ілмелі шамдар барлығы дерлік жаңарады. Жиһаздар мен басқа  да қажетті құралдар Сауд Әмірлігінен, Түркиядан және Мәскеуден әкелініп жатыр.

Кіре берістегі баспалдақтар керама-гранитпен қапталыпты. Бұрын  ол мрамордан болған еді.

—  Ауыздағы баспалдақтың жоғарғы жағын алып тастадық. Орнына үлкен шам ілінеді.  Бұл театрға  кіріп келгенде кең әрі биік етіп көрсетеді.  Ішкі жұмыстар  қарқынды жүріп жатыр. Театрдың сыртқы келбеті де мүлдем өзгереді. Бір қуантарлығы, жылу жүйеміз жөнделіп жатыр. Осыған дейін қалалық жылу орталығына қарап келдік, театрдың іші суық болды. Қалалық әкімшілік ғимараты, перзентхана, мектептегі  жылу жүйесімен бір болғандықтан, насос қосып жылуды үдетейік десек, олардан су кетіп қалады. Сөйтіп, қиыншылық туындайтын. Енді жақсы болды, — дейді облыстық драма театрдың директоры Жеңісбек Қалқабеков.

Еден жамылғылары да жаңарып, жаюлар мен терезежапқыштар да шет елдерден алынбақ. Жөндеу жұмыстарын «Оксибилд» компаниясы жасап жатыр. Мұнда барлығы 70-ке жуық адам жұмыс істейді.

Қойылымды кафеде де тамашалауға болады

Ал театрдың дизайнын  жобалаған «Арт-Лайн Групп» ЖШС-ы. Сыртқы келбеті Мәскеудегі, Санк-Петербургтегі театрларға ұқсас болып келеді. Жалпы Еуропадағы классикалық үлгі. Алдындағы алты колоннаның екі жағында  керамикадан жасалған  мүсіндер  қойылмақ. Театрдың жоғарғы жағы сарғыш, төменгі бөлігі жапырақ түстес тастармен қапталады.

Облыстық драма театрдың жөнделуіне бюджеттен 400 миллион теңгеге жуық қаржы  бөлінген. Оның 150 миллионы — республикалық бюджеттен. Қалғаны —жергілікті жердің қаржысы.

Театрдың сызбалық жобасы өзгере қоймайды. Барлық бөлмелері бұрынғысынша қалады. Тек осыған дейін қойма болып келген  бірінші қабаттағы дербес  бөлмені кафе қылып қайта жабдықтамақшы. Директордың айтуынша, болашақта театр кафесінде кішігірім қойылымдар, телевизиялық үлгідегі бағдарламалар түсірілетін болады.

— Қазір  театрдың шығармашылық тобы  «Достық» үйін жалға алып, сонда жұмыс істеп жатыр. Екі үлкен спектакль шығардық. Болашақта  театрдың кафесінде «Қымызхана» секілді бағдарлама түсіру  ойымызда бар.  Біздің қызметкерлер бюджетке қарайтын болғандықтан, жалақылары  көп емес, сондықтан, қосымша жұмыс жасап, табыс табуға тура келеді.

Қазір театрда  барлығы 150 адам жұмыс істейді. Оның 80-і шығармашылық топ, — дейді Жеңісбек Қалқабеков.

Жаңа театр жобада бар

Театрдағы кадр мәселесі біраз шешімін тапқан секілді. Театр жанынан ашылған студиядан  үйреніп шығып жатқандар бар. Сонымен қатар, мұндағы әртістердің көбі Екатеринбург, Мәскеу қалаларындағы  жоғарғы  өнер институттарында білімдерін сырттай шыңдап жатыр екен. Алдыңғы жылдары Алматы қаласынан алып келген  жеті маман қазір жақсы жұмыс істеп жатыр. Олар жатақханамен қамтылған.

— Осыдан он жыл бұрын қазақ труппасының құрамы әлсіздеу болатын. Қазір жақсы. Көптеген  қойылымдар шығарып жатырмыз. Қазақ тіліндегі спектакльге сұраныс жоғары. Ал орыс труппасында бұрыннан келе жатқан ардагерлер жұмыс істейді. Жастар тұрақтамайды, кетіп жатыр.

— Екі труппа бөлініп, жеке-жеке театр болмақ деген сыбыс шығып еді?

Осыдан екі-үш жыл бұрын қаланың бас жоспарына жаңа қазақ  драма театрының жобасы енгізілгенін естігенбіз. Бұйырса, қазақ театры бөлек кететін шығар деп ойлаймын.  Негізінде бұл театрда алғашқы кездері тек орыс труппасы ғана жұмыс істеген. Қазір орыс труппасының  45-кезеңі  болып жатса, қазақтарда — 18-кезең.

Осы орайда театр директоры  өздерін толғандырып жүрген мәселесін де айтып қалуға тырысты.

— Бізде  шаруашылық алаңы жоқ.  Және әртістерімізге мемлекет тарапынан қолдау жасап,  қызметтік баспана берсе екен дейміз, — дейді ол.

Р.S. Облысымыздағы  жалғыз драма театр адам танымастай болып өзгереді. Оның ашылу салтанаты қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Күннен-күнге сәулеттеніп келе жатқан қаламыздың ажарын  аша түсетін біраз мәдениет орындары мен демалыс кешендерінің де тұсаукесері қыркүйек айына сәйкес келіп отыр.

Ал жаңа  қазақ драма театры салынса, тіпті жақсы болар еді. Тұрғындарының саны  миллионға жақындаған қалаға бір театрдың аздық етері сөзсіз.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button