Мәдениет

Турэкспедиция және тиімді тәжірибе

Қобданы көп жұрт батырлар мекені деп танығалы сырттан келетіндердің, естіп-білгендердің ауданға қызығушылығы артып тұр.

Ұлы Отан соғысына жеті бірдей батырын, «Даңқ» орденінің толық иегерін берген Қобдаға ат басын тіреген адам Әлия Молдағұлованың кіндігі кесілген Бұлақты, аңыз-әфсанаға толы Абат-Байтақ кесенесінің кереметін, ерліктің мәңгілік өнегесіне айналған баһадүр Қобыландыға арналып салынған мемориалдық кешенді, Көкүйдің Ресейге жалғасқан орманын, Тайбурылдың тұяғы тиген Жиренқопадағы Жиренкөлді, Елек пен Қобданың қосылып аққан тұсындағы тұмса табиғаттың тамашасын көруге құмартады. Өткен аптада Қобда ауданының аумағында облыстық туризм және спорт басқармасы ұйымдастырған оқушылар экспедициясы осының бәрін жастарға көрсету, айтып жеткізу үлкен өнегелі іс болатынын дәлелдеді.

«Менің Отаным — Қазақстан» республикалық туристік экспедициясының екінші кезеңі биыл Қобда ауданынан бастау алыпты. Облыстың 10 ауданынан және Ақтөбе қаласынан келген 108 оқушы Қобда ауданында 4 күн болып, алдын ала ұйымдастырушылар жасаған маршруттар бойынша туристік сапарға шықты, бір түнді далада от жағып, шатыр тігіп өткізді. Туристік экспедицияға негізінен 10-сынып оқушылары және 1-2 курс студенттері таңдап алынды. Әр топтың құрамындағы 9 адамға тек ауданның көрікті орындарын көру ғана емес, тұрғындармен әңгімелесіп, көрген-білгендерін қағазға түсіру міндеттелді, олар жинақтаған материалдары арқылы облыс орталығында дайындалып жатқан өлкетану журналының шығарылуына үлес қосады.

— Республика аумағында оқушылардың туристік экспедицияларын жарыс түрінде ұйымдастыру дәстүрге айналды. Өткен жылы Көкшетауда болған экспедиция жұмыстарына біздің облыстың жеңімпаз оқушылары қатысты. Осы жолы да облыстық додадан жақсы нәтиже көрсеткен  оқушылар Астанада болатын республикалық туристік экспедицияға жолдама алады.

Биыл туристік экспедицияны облысымыздағы табиғаты таза, жері тарихи ескерткіштерге бай Қобда ауданынан бастаудың мәні зор. Соңғы жылдары республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қобда ауданында көпшілік қызығатын жұмыстар жасалды. Балалар осы аймақтың тарихын, жағрафиялық орналасуын өз бетінше зерттеп, тұрғындарымен, ауданға тән ерекшеліктермен танысып, көңілдеріне түйгендерін қағазға түсіреді. Бұл ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, балалар мен жастардың туризмін дамыту мақсатында ұйыдастырылып отырған шара. Сондықтан экспедиция нәтижесінде облыста өлкетану ісіне бағытталған журналдың жарық көруіне мүмкіндік туады, — дейді облыстық туризм және спорт басқармасы бастығының орынбасары Жалғас Балғожин.

Қобдалықтар әр ауданнан келген оқушыларға, олардың жетекшілеріне жағдай жасауға тырысты. Жергілікті органдар балалардың қауіпсіздігіне, тамақтан уланып қалмауына, өрт пен су сияқты тілсіз жаудан қатер төнбеуіне, тәртіпке бағынуларына жауап берді. Экспедиция маршруты бойынша ауданның үш бағытына бір мезгілде бару көзделді. Ол үшін аудандық Мәдениет үйінің алаңына жиналған балаларға үш автобус берілді.

Бірінші бағыт — мәдени-танымдық  туризм бойынша сапарға шыққан жастар Әлия ауылынан бастап, батырдың туған үйі тұрған Бұлақты көрді. Одан кейін Абат-Байтақ кесенесіне барып, оның  жанындағы Ропповка ауылына ат басын тіреді. Бұл бағыт бойынша жолға шыққан жастар аймақтың тарихы мен мәдени жәдігерліктерін көріп білу арқылы республика аумағында туған жер тарихының кеңірек баяндалуына үлес қосады.

Отанымыздың табиғатының экологиялық тазалығын зерделеуді мақсат еткен оқушылар тобы экологиялық-өлкетану туризмі бағыты бойынша 50 шақырымдық сапар Қобда мен Калиновка, одан әрідегі Егіндібұлақ ауылдарына барды. Осы ауылдардың тазалығын, жыл өткен сайын көріктеніп келе жатқан табиғатын, жаңадан салынып жатқан үйлерді, бой көтерген ғимараттарды көрген жастар ауылдар тұрғындарының еңбекқорлығына, қарқыны мықты құрылыс жұмыстарына қызықты.

Ал 120 шақырымға созылған ең алыс сапар, Қобдадан 70 шақырым шыққаннан кейін, жол бойында кездесетін Ақырап ауылынан басталды. Ақырапта болған жас туристер Қызылжар, Жиренқопа, Сөгәлі ауылдарының тұрғындарымен кездесті, тыныс-тіршілігімен таныс болды. Бұл бағытқа сапар шеккен экспедиция мүшелері ұзақ жолға төзімділік танытуға, команда ішінде жұмыс істеуді, экстремалды жағдайда белсенді болып, тапқырлық танытуға үйрену үшін спорттық-сауықтыру туризмін таңдап алғандар еді.

Қобдаға 370 шақырым жол жүрген Байғанин ауданының жастарын Тобық Жармағанбетов атындағы мектептің тарих пәні мұғалімі Балғали Жазықов бастап келді. Облыстағы ең шалғай аудандардың бірі саналатын байғаниндік жастардың білімпаздығы таңдандырды. Олар Байғанин ауданының 80 жылдығында шыққан энциклопедияны ала келіп, оны «Қобда» энциклопедиясымен салыстырып көру арқылы аудандардың кешегісі мен бүгінгісін тануға тырысыпты.

— Байғанин ауданы 1928 жылдан 1940 жылға дейін Табын ауданы аталған. Кейін Нұрпейіс Байғаниннің құрметіне ауданға қазіргі атауы берілген. Қобданың да кеңес өкіметі кезінде Новоалексеевка аталғанын білеміз. Осындай бір ұқсастықтар біздің топтың үш бағытты сапардың мәдени-танымдық туризм бағытын таңдап алуына себеп болды. Қобда туралы бұрын да естігеніміз көп еді, енді, міне, өз көзімізбен көріп, жақсырақ біле түстік. Біздің балалар Әлия батырдың ерлігін, оның туған ауылын кітаптан оқу арқылы білетін еді. Осы сапарға шыққанда Ақтөбеден Қобдаға бастайтын жолдың бойындағы батыр ауылының тұсынан өткенде көруге асықты. Алдымызға қойған мақсатымыз орындалды, балалар жер-су туралы тарихқа бойлайтын жап-жақсы ақпарат алды, айтыла-айтыла аңыздай болған Абат-Байтақ мазарын көргенімізге қуандық. Жүрген жерлерімізде өзіміздің ауданымыз туралы да айта отыруды жөн санап, балаларға тарихымызды таныта түстік, — дейді Б. Жазықов.

Ақтөбе қаласындағы «Жас турист» орталығының атынан сапарға шыққан Әсемгүл Құбашева 6 оқушы екі-екіден бөлініп, топ үш бағытқа да қатысқанын айтты. Оның айтуынша, топта республикалық экспедицияға барып, өткен жылы облысты танытқан Алмас, Анатолий деген оқушылар бар. Болашақ мамандығын таңдап үлгерген білімпаз жасөспірімдер облыс аймағында ұйымдастырылатын туристік экспедицияларға, өлкетануға байланысты жұмыстарға қатыспай қалған емес.

Ауданды аралаған автобустар екі күндік сапардан кейін экспедиция мүшелерін Қобда аудандық Мәдениет үйінде қайтадан кезіктіріп, оқушылар сапардан жиған-тергендерімен бөлісті, әр топтың көшбасшысы алған мәліметтерін айтып жеткізді. Бұл басқосу жастардың алаңда ұйымдастырған би кешіне ұласты.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button