Басты жаңалықтар

Алға ауданы: өзекті мәселелер талқыланды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жексенбіде жұмыс сапарымен Алға ауданында болып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың қызметімен танысты, тұрғындармен кездесті.
Ол Бестамақ селосында «Индустрия упаковки» ЖШС азық-түлік орамасы өндірісі цехында болды. Цех директоры Әбділмәлік Райымбергенов облыс басшысына тапсырыс берушінің логотипін және эмблемасын енгізумен ұн, қант, басқа да сусымалы тауарлар үшін әртүрлі сыйымдылықтағы 3 миллионға дейінгі полипропиленді қапшықтар шығаруға болатынын айтты.
Оңдасын Оразалин бұл өндірістің Мемлекет басшысы алға қойған халық тұтыну тауарларының ауқымды номенклатурасын игеру және «қарапайым заттар экономикасын» дамыту қажеттігі туралы міндетке сәйкес келетіндігін атап көрсетті. Оның пікірінше, жергілікті өндірістің сапалы тауарлары ішкі нарықты толықтырып қана қоймайды, сонымен бірге ең қарапайым заттардың импортқа тәуелділігін тоқтатып, ұлттық, азық-түлік қауіпсіздігін елеулі түрде күшейтуге де мүмкіндік береді.

Облыс әкімі бұдан кейін Ақтөбе медресе-колледжінің жұмысымен және даму перспективасымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда 68 оқушы діни білім алады. Олар үшін оқу, тұру және тамақтану тегін. Облыс басшысы мекеменің білікті кадрлар даярлау және азаматтардың діни сауаттылығын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды ролін атап көрсетті.
Облыс басшысы сондай-ақ Бестамақ селосы Мәдениет үйі ғимаратында орналасқан коворкинг-орталықта болды. Мұнда аталған коворкингтің облыстағы осындай басқа да орталықтар секілді бірінші кезекте ағартушылық, тәрбие берушілік және мәдени мақсаттарда аға ұрпақ пен жас буынды біріктіруші кеңістік болуы тиістігін атап көрсетті. Бұл ауқымда кеңседе қызмет түрлері мен қызығушылықтары бойынша мейлінше әртүрлі адамдар жиналып, өзара әңгімелесіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтай отырып, тәжірибе-білімдерімен бөлісе алады.
Жергілікті тұрғындармен кездесу Алға қаласындағы Мәдениет үйі ғимаратында өткізілді. Кездесуге келгендер облыс басшысымен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болды. Көпбалалы аналарды қолдау, еңбекке орналастыру, әлеуметтік нысандар құрылысы, құқық тәртібін қамтамасыз ету, басқа да өзекті мәселелер көтерілді.

«Рейімқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов жұмыс істеуге ынталылардың аздығына назар аударды. Оның ойынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылы елеулі түрде ұлғаятын әлеуметтік төлемдерді алуға үміткерлерді іріктеуге мейлінше тыңғылықты қарау керек, өйткені мұндай шаралар әлеуметтік масылдықтың күшеюіне жол ашуы мүмкін.
— Қазіргі уақытта көптеген адамдар жұмыс істегісі келмейді, жұмыс жоқ дегенді тілге тиек етеді. Егер мен жұмыс бар, бірақ жұмыс істегісі келетіндерді табу ылғи да мүмкін емес деп айтсам, осында отырған кәсіпкерлер мені қолдайды ғой деп ойлаймын. Біздің елімізде барлық жағдай жасалған, шағын және орта бизнесті қолдау үшін әртүрлі бағдарламалар жұмыс істейді, алайда адамдар оны пайдалана бермейді. Мемлекет шынында да жағдайы өте төмен, қардар отбасыларға ғана көмектесуі керек деп есептеймін. Ал отбасы қажеттіліктерін қамтамасыз етпеулеріне қарамастан, үйінде отырып, тіпті жұмыс табуға талаптанбайтындарға неге көмектесу қажеттігін мен түсінбеймін. Мұндайлардың да бар екенін мен сеніммен айта аламын. Мұны мен облыстың бірнеше аудандарында жұмыс істейтін жұмыс беруші ретінде айтып отырмын. Мұндай адамдарға әлеуметтік төлемдерді құр тағайындап қоймай, оларды еңбекке ынталандыру қажет, — деп атап көрсетті С.Қалдығұлов.
— Сіз дұрыс айтып отырсыз, біз адамдарды масылдық пиғылға
бейімдемеуіміз керек. Мен облысқа келгелі көптеген кәсіпкерлер жұмысшылар таба алмай отырғандарын немесе әлеуетті қызметкерлер білім алудан өтуге құштар еместігін айтып жүр. Сондықтан да олар жұмыс күшін сырттан тартады. Мұндай проблема бар, біз оны жасырмаймыз. Мұның барлығын ескереміз. Ауқымды түсіндіру жұмыстарын, әсіресе, жастарды кеңірек қамтып жүргізуіміз керек. Балаларды жас кезінен еңбекке баулығанымыз жөн. Оған өмірде жетістікке тек қана өзінің еңбегімен жете алатындығын түсіндіруге тиіспіз, — деп жауап берді Оңдасын Оразалин.
Алғалықтармен кездесуден соң облыс басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Одан кейінгі жұмыс сапары «Ашық әкімшілік» жобасы бойынша индустриалды колледждің ғимаратын қайтадан құрылымдау жұмыстары барысын қараумен жалғасты. Бұл жұмысты жүзеге асыру мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырады. Халыққа қызмет көрсету орталығы, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық, техникалық түгендеме бюросы, жұмысқа орналастыру орталығы, аудандық әкімдіктің халық жиі хабарласатын — құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары және басқа бөлімдері бір ғимаратта орналасқан.
Облыс әкімі сондай-ақ «АкТеп» ЖШС базасында құрылған Ақтөбе ет кластері қызметімен танысты. Кәсіпорында асылтұқымды ірі қараны өсіру, құрама жем өндірісі, астықпен бордақылаудан бастап ет өңдеуге дейінгі өндірістің тұйық тізбегі қалыптасқан. Барлық өнімдер Ақтөбе облысында өсірілген малдан өндіріледі.
Бүгінгі күні «АкТеп» ЖШС 10 000 ірі қара бордақылау алаңы мен қуаттылығы жылына 7 200 тоннадан астам өнім беретін ет өңдеу кешеніне ие, сонымен бірге облыс бойынша 350 шаруа қожалығымен ынтымақтастықта жұмыс істейді.
Осында компания басшысы Нұрлан Сағыналин «Фермерлерге қызмет көрсету орталығын» және «Агропарк» мал шаруашылығы өңірлік зерттеу орталығын құру жобасын таныстырды. Бұл бастамаларды облыс басшысы қолдады және оны жүзеге асыруға жан-жақты көмек жасауға уәде берді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button