Басты жаңалықтар

Ақтөбе, Қарғалы, Сазды су қоймаларындағы су деңгейі бақылауда болуы тиіс

Сенбі күні облыс басшысы Оңдасын Оразалин  Ақтөбе қаласының төңірегіндегі су басу қаупі бар жерлерді аралап, тасқынға  қарсы әзірлік шараларымен танысты.

Ол ең алдымен, Ақтөбе су қоймасына келіп, осы жерде  Ақтөбе қаласы әкімдігі, ТЖД, «Қазсушаруашылығы» және «Қазгидромет»  РМК филиалдары мен коммуналдық қызмет жетекшілерімен көшпелі жиын өткізді.

«Қазсушаруашылығы» филиалының шұғыл мәліметіне қарағанда,  бүгінгі күні Ақтөбе су қоймасы  111 млн  текшеметр (46 %), Қарғалы су қоймасы 191 млн текшеметр (33%),  Сазды су қоймасы 2,1 млн текшеметр суға толы  (28%). Синоптиктердің хабарлауынша, биылғы көктемде тасқын су көлемі жылдағы қалыптан сәл төмен болмақ.

Алайда көктемдегі су тасқынынан аса қауіп жоқ деген болжамға қарамастан,  облыс әкімі осы мәселені  ерекше бақылауда ұстайтынын және  күн сайын аталған су қоймаларындағы су деңгейін тексеріп отыруға тапсырма берді. Егер қоймалардағы су жылдамдықпен тола бастаған  жағдайда, оны дер кезінде  жіберіп отыру керектігін ескертті.

Көктемгі су тасқынының алдын алудың тағы бір шарасы – өзен түптерін тереңдету, аршу, кеңейту және жағалауларды бекіту. Облыс әкімі Песчанка өзеніндегі жағалауды бекіту жұмыстарымен танысты.  Жұмыс жоба бойынша   Ақтөбе-Хромтау тасжолынан Қарғалы өзеніне дейінгі өзен арнасында жасалуда.  Қала әкімі Ілияс Испанов атқарылып жатқан шаруаларды, сонымен бірге қалалықтардың  жазғы маусымдағы демалысы үшін жағажай аймақтарын ретке келтіру жұмыстары туралы да баяндады.

Осыдан кейін  Оңдасын Оразалин Қарғалы («Нұр Ақтөбе») тұрғын үй ауданындағы «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан нысандар құрылысымен танысты. Жаңа тұрғын үйлер салынып бітсе, 1695 ақтөбелік отбасы жаңа баспанаға ие болмақ.  Облыс әкімі салынып жатқан пәтерлерді аралап, тұрғын үй бағдарламасын одан әрі жалғастыруға нақты тапсырмалар берді.

Айта кету керек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша,  облыста 908,6 мың шаршы метр  тұрғын үй немесе 7875 пәтер  қолданысқа берілді.  2019 жылы Ақтөбе облысында  1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынады деп жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button