Басты жаңалықтарМереке

Мерекелік дастарқаныңыз дайын ба?

Көктемнің сырлы сезімге толы мерекесі қарсаңында біз тәуелсіз мемлекетіміздің мерейін арттырып, өңірдің тұрақтылығы мен тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруы жолында еңбек етіп жүрген нәзік жандылармен тілдесіп, олардың фирмалық тағамдарының жасалу жолдарын білген едік.

Кез келген әйел заты қызмет бабында қатал басшы болып көрінгенімен, отбасы-ошақ қасында аяулы қыз, асыл жар, ардақты ана. Біз оны әріптес әпкелерімізбен тілдесе отырып байқаған едік.   

ДЕПУТАТТАН ШТРУЛЕТ

Жеңісгүл МҰХАМБЕТПАЙЫЗОВА, облыстық мәслихат депутаты:

—  Ес білгелі шаруаға ерте араласып өстім. Ас әзірлегенді жақсы көремін. Барлық тағам түрлерін жасай аламын. Қыз болдық, келін болдық. Бүгінде ене деген дәрежеге жеттік. Ал қазақтың келіндері өздерін ешқашан ақсүйек ретінде ұстамауы тиіс.

Бүгінгі таңда үйде бір емес, екі келінім бар. Дегенмен қонақ шақыратын болсақ, міндетті түрде ас бөлмесіне өзім де кіремін. Кез келген нәзік жандының өзінің қонағына арнайы жасайтын фирмалық тағамы болады. Олардың қатары менде бірнешеу. Менің үйіме жиі келетін қонақтарым үнемі дастарқанымда неміс тағамы штрулет болғанын қалайды. Қонақ шақырсам, міндетті түрде осы тағам түрін өзім әзірлеймін. Менің өз қолыммен әзірлеген штрулетім ерекше дәмді шығады. Бұл дәлелденген (күліп).

Бұл тағам түрін әркім әртүрлі атайды. Және әркімнің өз әдісі бар. Мен оны осыдан 10 жыл бұрын бір демалыс орнында танысқан апайдың айтуы бойынша пісіремін. Әлі күнге дейін сол әдіс бойынша дайындап келем.

 Дайындау әдісі:

— Алдымен сиыр етін жақсылап пияз қосып, қуырып аламын. Үстіне белгілі мөлшерде су құйып, баяу отта қайнатамыз. Ет қайнап жатқан сәтте бөлек қамырын әзірлей беремін. Күлшені еттің наны секілді етіп жаямыз. Бұдан бөлек,  пияз бен сәбізді, сарымсақты үккіштен өткізіп, пияз бен бұрыш қосып, дәмдеуіштерін араластырып аламыз. Жайылған қамырдың бетіне әзірлеп алған дәмдеуіштерді біркелкі етіп салып, қамырды бүктеп-бүктеп төртбұрышты етіп кесеміз.

Кейін қайнап жатқан еттің үстіне кесілген қамырларды қойып, пісіріп аламыз. Қайнап жатқан еттің үстіне шағындап картоп турап салып жіберсеңіз де өте дәмді болады.

Піскен соң күлшесін астына салып, бетіне етін түсіріп апарамыз.

ДАСТАРҚАНЫМНЫҢ СӘНІ — ҰЙҒЫР ЛАҒМАНЫ

Мирамкүл БИБІТОВА, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі:

— Қонақ шақырғанды жақсы көремін. Әр мереке сайын мерекелік дастарқан әзірлеп, қонақ шақыруға тырысамын. Әр қонақ өзінің несібесімін келеді. Біздің халық әу бастан көпшіл, қонақжай халық қой. Жұмыстан қолымыз қалт ете қалса, қонақ шақырамыз. Үлкен қонақ шақырсақ, әрине, қазан толтырып ет асамын. Ал қатарлас-құрбыларым келетін болса, оларға өзімнің фирмалық ұйғыр лағманын әзірлеп беремін. Бүгінде лағманның түрі де, әзірлеу әдісі де көп. Мен жастайымнан жеңгемнен үйренген әдісім бойынша әзірлеймін.

 Дайындау әдісі:

Сиыр етін майда етіп турап, жақсылап майға қуырып аламын. Кейін пияз, қызанақ, томат пастасын, кішкене тұз қосып жақсылап араластырамын. Осы арада  лағман кеспесін әзірлеймін. Ол үшін ұн, су, тұз және 1 жұмыртқа жеткілікті. Лағман кеспесінің тұзын аз салу қажет. Өйткені, тұзы көп болып кетсе, созылуына кедергі келтіреді. Қамырын бастырып қойған соң, жақсылап майлап, жылы жерге қою керек.

Бұдан соң қуырылып жатқан еттің үстіне сәбіз, орамжапырақ, болгар бұрышы мен сарымсақ салып қуырып аламыз. Кейін қазандағы еттің үстіне су құйып, отын баяулатып қоямыз.

Дайын болған қамырды бірнеше тілімге тіліп кесеміз. Май жағып, дастарқанның үстіне қолмен әрі-бері сырғанатып, қамырды созамыз. Қамырды майлау оның жақсылап созылуына пайдасын тигізеді. Созған қамырды дастарқанға ұру керек. Бұл қамырдың әрі қарай жақсылап созылуына әкеледі. Майланған қамырды бөлек қазанға су құйып қайнатып, қамырларды саламыз. Шамамен 7-10 минут қайнатқан соң, судан түсіріп алу керек. Содан соң қонаққа тартар алдында алдымен қамырын салып, бетіне дәмдеуіштер мен сорпасын құямыз.

ПАЛАУ — СТУДЕНТТІК ШАҒЫМНЫҢ ДӘМІ

Анар ДАРЖАНОВА, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

— Ас бөлмесі — менің үйдегі екінші кабинетім. Жұмыстан кеш келгеніммен, үйдегі тірліктің барлығын өзім жасаймын. Ал демалыс күндері менің балаларым үшін үлкен мереке. Өйткені тек демалыс күндері ғана балаларым қалаған тағам түрлерін әзірлеп беремін. Кез келген әйел адамның өзінің ерекше махаббатпен әзірлейтін тағамы болады. Мен палауды сондай сүйіспеншілікпен әзірлеймін. Бұл ас түрін мен студент кезімнен бастап өте дәмді етіп пісіремін. Палау — менің студенттік шағымның дәмі. Қатарлас құрбыларымды қонаққа шақыратын болсам, міндетті түрде дастарқанымда өз қолыммен әзірлеген палау болады.

Дайындау әдісі:

— Күріш — өте нәзік дақыл. Оны баппен пісірмесең, езіліп кетуі әбден мүмкін. Мен алдымен күрішті сұрыптарына қарай таңдап аламын. Қонаққа әзірлейтін палауға күріштің сынбаған, бүтін түрлерін алған дұрыс.

Пісірер алдында күрішті жақсылап жуып алып, суға бұқтырып қоямын. Мен өзгелер секілді бұршақ, мейіз қоспаймын. Тек ет пен сәбіз, пияз болса ғана жеткілікті. Соларды мол қылып қоссаң да дәмді болып шығады. Алдымен сиыр етін турап, жақсылап қуырып аламын. Үстіне сәбіз бен пияз салып барлығы қызарғанша қуырамыз. Сосын су құйып, етін жақсылап пісіріп аламын. Содан соң күрішті саламыз. 3 кесе күріш салсам, сол ыдыспен 3 кесе су құямын. Мен палауды осылай әзірлеймін. Өзгелерден еш айырмашылығы жоқ болса да ерекше дәмді болып шығады.

«КЕЛГЕН ҚОНАҒЫМА ЖАҚСЫЛАП ЕТ АСЫП БЕРЕМІН»

Нұрлыгүл КӨШЕКБАЕВА, «Қазақстан» РТРК АҚ Ақтөбе облыстық филиалы  директорының орынбасары:       

— Көпшілік қауым журналистика саласында жүрген қыздарды ақсаусақ деп ойлады. Мүмкін, жұмысымыз сырт көзге бізді солай көрсететін болар. Дегенмен мен бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Өз басым ауылдың қызымын. Сиыр да саудым, түйе де саудым. Әжемнен майды қарында сақтаудың қыр-сырын да үйрендім.  Үйде 11 бала өстік, оның 5-уі — қыз. Бала күнімізде кішкентай сіңлілерім көбіне үй ішіндегі жұмыстарды атқаратын. Ал мен сол кезден бастап сырттағы шаруаларды тиянақтап өстім. Бүгінгі күнге дейін солай. Бірақ бұл менің асүйге мүлде кірмейтіндігімді білдірмейді.

Қонақ шақыратын болсам міндетті түрде өз қолыммен бауырсақ пісіріп, жақсылап ет асамын. Астың үлкені нан мен ет қой.

 Дайындау әдісі:

— Ет асудың жөні осы деп, кез келген қонаққа кез келген сүйекті сала салуға болмайды. Біздің халық еттің сүйектерін саралап, әр сүйекке ерекше орын берген. Және оны әрбір қазақ қызы тани білуі тиіс. Мен сүйектің барлық түрін ажырата аламын.

Етті қазанға салып, бір қайнатып алған соң, астындағы отын баяулатып қойып қайнатамыз. Малдың жасына қарай кей ет ұзақ піседі. Осы ретте бір ескеретіні, ет пен сүйек бір-бірінен ажырап қалмауы тиіс.

Ет қайнап жатқанда қамырын әзірлеп, жайып қоямыз. Тұздық ретінде әркім әртүрлі сәбіз, картоп қосып жатады. Бетіне пияз бен аскөк сеуіп қонаққа тартсаңыз болады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button