Мәдениет

Асау мен Бараққа ас берілді

Жақында Маңғыстау облысында Асау мен Барақтың басына тілеухана-мешіт салынып, ас берілді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Қарақалпақстан Республикасынан келген үш мыңға жуық ағайын бас қосты.

Жан-жақтан жиналған термешілер мен жыршылар Асау-Барақ туралы жырлар төгіп, термелер айтып, өнерін ортаға салды.

Арқалы Өсербай, Сәрсенбай жырау секілді Наурызбектің  шәкірттері, ақтөбелік Мырзағұл жырау, атыраулық Қожақмет, алматылық Жаңылсын, жамбылдық Ерман жыраулар түннің бір уағы болғанша үзбей жырлады. Бәрі де сый-сыяпаттан құр қалмады. Түкпір-түкпірден келген ағайындар бір-бірімен төс түйістіріп, арқан тартысты, күш сынасқан палуандарды тамашалап, мәре-сәре болысты.

Маңғыстаулықтар  әр үйге 100 адам сыятындай етіп 24 ақбоз үй тіккен.

Мешіттің ашылу рәсіміне арналған салтанатты жиналыста ата ұрпақтары, Алматыдан келген қонақтар, Атыраудан Ақмешіттің бас имамы Ислам қажы Мырзабеков, Ақтөбеден ата ұрпағы Мұханбет Молдағазин, Байғанин аудандық мұражай директоры Ләззат Жаудиналар сөз сөйлеп,  Асау-Барақ пайдаланған ыдыстарды тартау етті,  ал «Табын Бөкенбай» қорының төрағасы Ізімғали Көбенов Бөкенбай батырдың батырлығын ерекше дәріптеп, Барақ ата мешітін салуда мұрындық болған, осы асты ұйымдастырған Жаңаөзеннің азаматы Қайрылла Ағалиевке  «Табын Бөкенбай» қорының атынан арнайы диплом табыс етті.

Үш күннен соң батыр асына арнайы келген жұрт  Тұрыш елді мекеніне қарайтын Самның құмын аспанға үйіріп, Бейнеуге қарай жол тартты…

Базарбай ИМАН,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ақтөбе-Бейнеу-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button