Басты бет » Құқық » Сот жүйесіндегі өзгерістер жұмыс сапасын арттырады

Сот жүйесіндегі өзгерістер жұмыс сапасын арттырады

Бүгінгі таңда елімізде сот жүйесін жетілдіру мен жаңғырту жолында көптеген жұмыстар атқарылуда. Елбасы дәстүрлі Жолдауында сот жүйесіне аса назар аударып, оны қайта жаңғырту керектігін атап өткен болатын. Осы орайда республикамызда сот жүйесінде болып жатқан өзгерістер жайында облыстық соттың төрағасы Сәкен Абдолламен сұхбаттасқан едік.

— Биылғы жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманың одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны белгілі. Осы Заң аясында сот жүйесінде болып жатқан өзгерістер туралы айтып берсеңіз. 

— «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманың одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелері биылғы жылдың 3 ақпанында заңды күшіне енді. Аталған Заң — Елбасының «Ұлт жоспары» және сот төрелігінің сапасын арттыру мен сот жүктемесін төмендету туралы тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылған сот реформаларының жалғасы. Бұл заңға қатысты жұмыстар 2018 жылы «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы шеңберінде жүргізілді.

Сот жүйесіндегі жүктеменің өте ауқымды болуы сот төрелігінің сапасына әсер ететіні белгілі. Мәселен, өткен жылы 2016 жылмен салыстырғанда республика соттарының жүктемесі 2,5 есеге өсті (1,7 миллионнан 4,5 миллион іс пен материалға көбейген).

Өткен жылы қаралған 4,5 миллион іс пен материалдың 3 миллионы — сот орындаушыларының санкциялары, 231 мыңы — сот бұйрығы. Сот орындаушыларының санкциялары және сот бұйрықтарының басым бөлігі — даусыз. Осыған орай Заңмен соттардан дау тудырмайтын істерді алып тастайтын бірқатар нормалар енгізілді. Соның негізінде сот орындаушыларының әрекеттерін санкциялау, бірқатар даусыз талаптарды нотариустарға беру және т.б. іс-әрекеттер іске асырылуда.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде оңайлатылған өндірістің тек екі санаты ғана қалдырылады. Қалғандарының барлығы бұйрық арқылы іс жүргізу санатына көшеді. Бұл түзетулер атқарушылық жазба жүргізу арқылы даусыз сипаттағы талаптарды соттан тыс шешуді дамытуға бағытталып, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүдделеріне сәйкес келеді.

— Заң арқылы атқарушылық жазбаны қолдануға қатысты қандай өзгерістер қарастырылған?

— Заң нотариустардың атқару жазбасы арқылы ақшалай міндеттемелерді өндіріп алу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Нотариустар атқарушылық жазбаны оған жүгінген кезде әзірлеуге міндетті. Бұл тез әрі өте ыңғайлы. Сонымен қатар даусыз қарыздарға баламалы өндіру әдістері алынып тасталды. Заңға енгізілген өзгерістер азаматтардың бірқатар даусыз талаптарымен тек нотариусқа ғана жүгінуі тиіс екендігін айқындайды. Осыған байланысты биылғы жылдың 3 ақпанынан бастап дауды соттан тыс реттеу рәсімін сақтамаған арыздар қайтарылады.

Азаматтық процестік кодексте нотариусқа жүгіну үшін қосымша ынталандырулар жасалады. Мысалы, егер талап қоюшы дауды шешуді талап етсе, судья талап қоюдың негізділігіне қарамастан, іс бойынша сот шығындарын талап қоюшыға жүктеуге құқылы.

Осылайша атқарушы жазба жобасының дамуына жол ашып, бұрын сотта қаралған талаптардың 20 пайыздан астамы нотариустарға берілетін болады. Азаматтық процестік кодексте көзделген 18 бұйрық арқылы іс жүргізу өндірісінің 9-ы нотариатқа тапсырылады.

Атап айтсақ, бұлар — орындау мерзімі басталған жазбаша мәміле бойынша еңбекақыны өндіріп алу, ломбардтардан кепіл затын өндіріп алу, лизинг нысанын талап ету, коммуналдық төлемдер мен ПИК төлемдері бойынша берешекті өндіріп алу, жалға алу төлемдері және басқа да тек нотариустармен қаралатын даусыз талаптар.

Сондай-ақ нотариусқа жүгінген тұлғаның шығындары борышкермен өтелетіндігі, ал есептелген, бірақ төленбеген еңбекақы өндіріп алу туралы талап бойынша өтініш білдіргендер нотариустың қызметіне ақы төлеуден босатылатындығы жөнінде толықтырулар енгізілді.

— Аталған Заңда атқарушы жазбаны орындау үшін төлем көзделген бе?
— Заңда атқарушы жазбаны орындағаны үшін төлем көзделген. Атап айтсақ, дифференциалды төлем енгізілді. Мәселен, жеке тұлғалар үшін төлем өндіріп алынатын соманың немесе талап етілетін өзге жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 0,2 пайызы, бірақ 0,5 айлық есептік көрсеткіштен кем емес және 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес болуы керек. Ал заңды тұлғалар үшін өндіріп алынатын соманың немесе талап етілетін өзге жылжымалы мүліктің нарықтық құнының 1 пайызы, бірақ 1 айлық есептік көрсеткіштен кем емес және 100 айлық есептік көрсеткіштен артық емес болуы керек.

Бұл жаңалықтар азаматтардың материалдық және моральдық шығындарын азайтатынын растайды. Атқарушылық жазба атқару парағының күшіне ие және ол бойынша өндіріп алу атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес жүргізілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ берешекті осы тәсілмен өндірудің артықшылықтарына тоқталсақ: Біріншіден, қаражатты үнемдеу. Бұл тұрғыда нотариустың атқарушы жазбасын орындау жарнасы сот шығындарынан айтарлықтай төмен;

Екіншіден, сот бұйрығын беруден оның айырмашылығы, нотариуспен атқару жазбасын орындау үшін борышкердің келісімі талап етілмейді.
Үшіншіден, сотта қаралумен салыстырғанда нотариаттық іс-әрекеттердің мерзімдері өте қысқа.

Демек, атқарушы жазба нотариустың жаңа нотариаттық әрекеті ретінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған іс-әрекеттердің тәртібін жеңілдетеді.

— Сот орындаушылардың қаулыларына санкция беру туралы заңнамадағы басты өзгерістер туралы айтып берсеңіз.
— Заңда бірінші кезеңі 2019 жылдың 3 ақпанынан, екінші кезеңі 2019 жылдың 24 сәуірінен басталатын екі кезеңдік өзгерістер көзделген. Бірінші кезеңде борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы сот орындаушысының қаулыларына санкция беру алынып тасталды. Бұл жаңашылдық атқарушылық құжаттарды неғұрлым жедел орындауға  ықпал етеді деп ойлаймыз. Өйткені сот орындаушысы санкциялау үшін материалдарды сотқа жіберуден босатылады. Сондай-ақ бұл қабылданған шешім сот орындаушысының жеке жауапкершілігін күшейтеді. Ал екінші кезеңде мынадай өзгерістер қарастырылған:

— Егер қолданыстағы заңнамаға сәйкес сот орындаушысының қаулыларын санкциялауды тек сот жүзеге асырса, енді санкциялауды сот немесе прокурор жүргізеді.

— Сот арқылы сот орындаушысының екі қаулысы ғана санкцияланады: 1) борышкердің шығуын шектеу туралы; 2) борышкерді күштеп әкелу туралы.

— Ал қалған қаулыларды прокурор санкциялайды. Атап айтқанда, бұл банктік шоттардың нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты талап ету, оларға тыйым салу, мүлікті өндіріп алу және құқық белгiлейтiн құжаттарды талап ету туралы қаулылар.

Бұдан басқа, материалдарды қарау мерзімі 1 күннен 3 жұмыс күніне дейін ұзарды.

Бұл ережелер соттардың санкциялар бойынша жүктемесін кем дегенде 10 есеге азайтады. Сонымен қатар оңайлатылған (жазбаша) өндіріс те елеулі өзгерістерге ұшырады. Мысалы, оңайлатылған өндірісте қаралатын істердің кейбір санаттары бұйрық арқылы іс жүргізуге жіберіледі. Яғни, мұнда 12 санаттың 10-ы ауыстырылған. Тараптар істердің тек қана екі санаты бойынша оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде қаралу үшін талаптарымен сотқа жүгіне алады.

Қорыта айтқанда, Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты функциялары өзгертілген соттар мен барлық билік органдарының үйлесімді жұмысы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, жұмыс сапасын арттырады. Сондай-ақ даусыз талаптарды қолжетімді және жедел шешуге, жеке және заңды тұлғалардың материалдық шығындарын үнемдеуді қамтамасыз етеді деп ойлаймын.

Д.ҚАЗИХАН.