Басты жаңалықтар

Ақпан: көңіл жылытар көріністер

Жыл мезгілінің кестесіне көз салсақ, ақпан — қыстың соңғы айы. Дегенмен, ақ қар, көк мұзбен қоштасуға әлі ертерек сияқты.

Ақиқатында, ақырған ақпанның наурызға жол беруі көңілге жылылық әкеледі, айналада сәулелі шақтың молайғанын анық сезінесіз. Былайынша айтқанда, көктемнің қол бұлғап тұрғаны байқалады.

Сонымен, ақпанда қандай жағымды жаңалықтар болды?  Қысқаша шолу жасап көрелік.

Жаңару жолымен 

Бұл айдың басты жаңалығы — «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінің өтуі және онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын арттыруға байланысты нақты бағдарламалық сөз сөйлеуі болды.

Осы үлкен жиын қарсаңында Үкіметтің жаңаруы орын алды. Республика Премьер-Министрі болып Асқар Мамин тағайындалды.

Елдегі бұл ауқымдағы өзгерістер біздің облысты да қамтыды. Бұған дейін облысты басқарып келген Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметі тізгінін ұстады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен облыс әкімі болып Оңдасын Оразалин тағайындалды. Бұл қызметке Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымынан келген Оңдасын Сейілұлы бұрын Ақтөбеде ірі өндіріс орындарының жетекшісі, аудан әкімі, бірнеше облыстық басқармалардың басшысы және облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Кәсіпкерлер қамқорлығы

Кәсібінен береке тауып отырған ел азаматтарының қысылғанға қамқор, мұқтаждарға демеу болуы көңіл қуантады.

Ақтөбе қаласында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен көпбалалы және жалғызбасты үш ана баспанаға ие болды.

Екі бала тәрбиелеп отырған  екінші топ мүгедегі Шолпан Әбетова, жалғызбасты ана Гүлпаран Байбосынова, сондай-ақ алты баланың анасы Алтынгүл Кәрібаева осындай мүмкіндікке қол жеткізді.

Қаладағы «TSG Construction» ЖШС, сондай-ақ «Спарта» құрылыс мекемесінің басшылығы осындай шешімге келіп, өздерінің азаматтық биік деңгейлерін көрсетті.

Тағы бір көңіл жылытар жаңалық — кәсіпкер Жасталап Жанбауов «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қоры арқылы 8 баланың анасы Салтанат Сәдуоваға бір бөлмелі пәтер сатып алып берді.

Жалпы биылдың өзінде облыста демеушілердің көмегімен 782 отбасыға жалпы мөлшері 44,7 миллион теңгеге түрлі қолдау-көмектер жасалды.

Бала өсіріп отырған аналарға «Зәру» және «Шипагер» шипажайларына демалу үшін тегін жолдама ұсынылып, «Анвар», «Дина» сауда желілерінен сауда жасау үшін сертификаттар берілді.

Ауыл шаруасына — 5,5 миллиард теңге!

Биыл облыста қаржы институттары арқылы «Сыбаға» және нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаларын іске асыру үшін 5,5 миллиард теңгенің үстінде қаражат қарастырылды.

Өткен жылы 4,5 миллиард теңгеге 900-ден астам жоба қаржыландырылған еді.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе қазіргі уақытта фермерлік шаруашылықтарды қолдауға баса көңіл бөліп отыр.

Биыл сүтті бағыттағы сиыр алып, нәтижесінде тауарлы сүт фермасын ашуға қолдау көрсететін «Ырыс» бағдарламасын жүзеге асыру да көзделуде. Бұл бағытта берілетін несие қаражаты көлемі 150 миллион теңге деп белгіленіп отыр.

Мерейтой эмблемасы

Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына дайындық жалғасуда. Ақпан айында қаланың мерейтойлық таңбасы бекітілді.

Бұл эмблема Ақтөбе тұрған төбені, Елек және Қарғалы өзендерін, сонымен қатар бүгінгі күні қарқынды даму үстіндегі қала индустриясын қамтиды.

Жалпы құны 153,6 миллиард теңге шамасын құрайтын мерекелік ауқымдағы 150 жаңа әлеуметтік, өнеркәсіптік нысандар облыс орталығын бұрынғыдан да көркейте түседі деп есептеліп отыр.

Ақтөбе қаласы әуежайының алаңында www.visitaktobe.kz туристік сайтпен біріктірілген туристік ақпараттық баған орнатылды. Мұнда туристер үшін барлық қажетті ақпараттар, оның ішінде туристік бағыттар, қала мен облыстың көрікті жерлері, қонақүйлер, ойын-сауық орындары, туристік компаниялар, т.б. туралы мәліметтер ұсынылған.

Баспана — жастарға

Әлеуметтік салада қызмет атқарып жүрген жастар мен жас отбасылардың баспанаға ие болуы көпшілікті қуантты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен бірлесе отырып ұйымдастырған бағдарлама арқылы 29 жасқа дейінгі 50 жас пен жас отбасыға пәтер кілттерін тапсырды.

Жаңа пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған. Алаңы 45-55 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерлер «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан. Тұрғын үй алаңы үшін төленетін алғашқы жарна орташа есеппен 350 мың теңгені құрайды. Ай сайынғы төлем — 35 мың теңге ауқымында. Жаңа, таза әрлеудегі тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны — 100 мыңнан 120 мың теңгеге дейін.

Таяу маңда жастарға тағы да 100 пәтер беру жоспарланып отыр.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button