Басты жаңалықтарЭкономика

Геопортал бизнесті дамытуға бағытталады

Цифрлық Қазақстан

Ақтөбе қаласының Геоақпараттық порталын қажетті мәліметтермен толтыруда кәсіпкерлер мүддесі ескеріледі. Бұл туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе қалалық әкімдігінің тапсырысымен жасалған Геопортал ақпараттық веб-сайтын жаңа мәліметтермен толықтыру жөнінде өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілген басқосуға өңірлік кәсіпкерлер палатасының, Ақтөбе қаласы кәсіпкерлік, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің, сондай-ақ «Ақбұлақ», «Трансэнерго», «Энергосистема» сияқты коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты.

Коммуналдық мекемелердің кемшілігі

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласының картасын цифрлық жүйеге көшіру жұмыстарының 40 пайызға жуығы ғана жүзеге асырылған. Бұл — веб-порталды құрастырушылардың мәліметі. Қала тұрғындары геопортал арқылы қажетті мекенжайлар мен жер саудасын, өзге де іс-шараларды, ең бастысы — Бас жоспардағы мәліметтерді біле алады. Алайда аталған порталда кәсіпкерлердің қызметіне қажетті қызыл сызықтар мен инженерлік құрылымдар туралы мәліметтер қолжетімді болмай тұр. Оның басты себебі — қаладағы коммуналдық мекемелер өз жұмыстары туралы мәліметті дер кезінде бермей отыр.

Порталды геобайланыстар туралы ақпаратты көпшілікке жария ету құралы деуге болады. Қазіргі уақытта геопорталға инженерлік құрылымдар туралы мәліметтер орналастырылуда. Осы тұрғыда қаламыздағы коммуналдық мекеме өкілдері мен кәсіпкерлерден тиісті мәліметтер жолдауын сұраймыз.  Кәсіпкерлер порталды тиісті ақпаратпен толтыра отырып, өз бизнесін жарнамалауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, алдағы уақытта қаладағы тоқтап тұрған өндіріс орындары туралы ақпараттар да жарияланатын болады. Бұл — инвесторларға ыңғайлы болу үшін жасалып жатқан шара, — деді жоба құрастырушыларының бірі, «Ақтөбе құрылыс мониторинг» мекемесінің директоры Сәуле Иманбаева.

Бірыңғай талапқа мән беріледі

Геоақпараттық портал — интерактивті жүйе. Ондағы деректер үнемі жаңартылып тұратындықтан, керекті ақпаратты әртүрлі дереккөзден іздеудің қажеті жоқ. Жобаны құрастырушылардың айтуынша, геопортал жергілікті атқарушы органдарға әртүрлі көздерден алынатын ақпараттарды жүйелеп беруде таптырмас құрал, сонымен қатар бизнеске де, қарапайым тұрғындар үшін де пайдалы.

Https://geoportal.akt.kz/ веб-порталын «Ақтөбе құрылыс мониторинг» мекемесі мамандары жасап шығарды.

Қазіргі уақытта геопорталға нақты мекенжайлардағы геобайланыс және олардың негізгі қызметтерін, байланыс деректерін орналастыру, толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұны порталдағы «Ұйымның анықтамалығы» қосымша бетінен көруге болады, — деді С.Иманбаева.

Былтыр кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе қаласы әкімдігімен бірігіп, тұрғындарды ақпараттандыру және кәсіпкерлік субъектілерінің кең ауқымын қамту, сонымен қатар тоқтап тұрған өндіріс орындарын анықтау мақсатында геопорталдың таныстырылымын өткізген болатын. Геопорталды одан әрі жетілдіру аясында палата мамандары белгілі бір критерийлер бойынша елді мекендердің Бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сай құрылыс салуға берілген жер учаскелерінің картографиялық бейнелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды қарастыруды ұсынды. Себебі, порталды жасау кезінде бірыңғай талаптардың болмауы, яғни карта пішіні, масштаб және  басқалары  интеграциялауда қиындықтар тудыруы мүмкін.

Бұл орайда кәсіпкерлер палатасының мамандары бизнестің қажеттіліктерін ескере  отырып, жүйе қызметін жетілдіру туралы ұсыныстарын ортаға салды. Нарық  сұраныс пен экономикалық жағдайларға бейімделіп отыратын болғандықтан, геопорталда орналастырылған мәліметтер меншік иесіне жер учаскесін еркін қолдануға, соның ішінде құрылыс параметрін өзгертуіне және ортақ қолданысқа арналған жерлерді, яғни  саябақтар, бульварларды анықтауға мүмкіндік беруі тиіс. Сонымен бірге, газдандыру, сумен, электрмен жабдықтау, су бұру, жылу желілері мен телекоммуникацияларға арналған техникалық шарттарды электронды форматта алу қолға алынса деген ұсыныстар жасалды. Палата мамандары порталмен жұмыс жасау барысында кәсіпкерлердің жобаларын сүйемелдеу және консультациялық көмек беруде сарапшылардың көмегін ұсынды.

Экономиканы дамыту үшін елімізде кәсіпкерліктің өркендеуіне жағдай жасалуы тиіс. Бизнес үшін өзекті проблемалардың бірі — жер мәселесі. Бүгінгі күні кәсіпкер облыс орталығындағы бос жерлер мен оған жүргізілетін инфрақұрылымдардың қалай орналасқаны жөніндегі мәліметтерден бейхабар. Геопортал осындай олқылықтардың орнын толтыруы тиіс.  Қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы геопорталдарға енгізілетін кәсіпкерлерге арналған ақпараттардың бірыңғай талаптарын әзірлеу үстінде, — деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

Ол өз сөзінде картаның функционалдығы мен интерфейсі қала құрылысы саласындағы мамандарға ғана емес,  қарапайым адамдар үшін де ыңғайлы болуы керек екенін атап өтті.

Порталды пайдаланыңыз

Геопорталды толықтыруға арналған кездесуде мамандар картографиялық бейнелердің белгілі бір параметрлері болуы керектігі жөнінде де пікір айтты. Олардың ойынша, Бас жоспарды кәсіпкерлік мақсатта қолдануға, бизнесті кеңейту немесе оның саласын өзгертуге ыңғайлы ету керек. Сонымен қатар, Бас жоспар шағын аудандардағы барлық инфрақұрылым нысандарын (жол, электр беретін желілер, су және жылумен жабдықтау жүйелері) есепке ала отырып жасалуы тиіс.

Егер кәсіпкерлер өз нысандарын аталған порталға орналастыруға қызығушылық танытса, Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөліміндегі 28-бөлмеге барып, тіркеле алады немесе 41-63-97 нөміріне хабарласып, өз ғимараттарының орналасқан жерін, функционалды анықтамасы мен жұмыс мерзімі туралы мәліметтерді бере алады.

Геопорталды жасаушылар мен тапсырыс берушілер веб-порталды ақпаратпен толтыру және оны жетілдіру барысында кәсіпкерлердің барлық ұсыныстарын ескеретінін жеткізді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button