Ақтөбе — 150

Болашақ мамандар — орталық назарында

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде қалалық жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен кездесу өтті.

Жастар жылы және Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шараға колледждің 4-курс оқушыларымен қатар, «Ақтөбе Сәулет», «Трейд Интер Ком», «Бабэк Құрылыс», «ТД Фотон», «Интеграл 21» ЖШС секілді ірі жұмыс беруші мекеме өкілдері шақырылды.

— Жастар жылы аясында жұмыссыздықтың алдын алу, болашақ жас мамандарға мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіре отырып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет түрлерін таныстыру мақсатында біздің орталық тарапынан қаладағы барлық арнаулы және жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттермен кездесу өткізу жоспарланған. Кездесу барысында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы жөнінде кеңінен мәлімет беріліп, шағын несие алу мүмкіндіктері таныстырылады. Сондай-ақ оқушылардың ірі жұмыс беруші мекеме өкілдерімен тікелей тілдесіп, сұрақтарына жауап алуларына толықтай мүмкіндіктері бар, — дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Маханова.

Бұған дейін орталық мамандары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің студенттерімен кездескен.

Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылған 16 975 адамның  8 мыңнан астамы — жастар. Биыл да 8 мың жасты жұмыспен қамту жоспары тұр.

Айта кетейік, кездесу өткен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде 12 мамандық бойынша 1500-ге жуық оқушы білім алуда. Олардың 500-ге жуығы биыл оқу орнын бітіреді.

 

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button