Құқық

Балалары түнгі уақытта серуендеген 128 ата-анаға айыппұл салынды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі, сонымен қатар көңіл көтеру орындарындағы қылмысты азайту шаралары қаралды.

Жыл басынан бері түнгі уақытта серуенге шыққан ақтөбелік жасөспірімдердің 128 ата-анасы әкімшілік жауапкершілік жазаға тартылып, оларға 2 млнтеңге айыппұл тағылды. Өткен жылдың тек тамыз айынан бастап 2 мыңға жуық ата-ана ескерту алды. Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов хабарлағандай, өңірде «Жас сақшы» жастар патрулі өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінде студенттер бірлестігінің құрамында 100 мыңнан аса жас бар.

«Кәмелетке толмаған құқықбұзушылар мен мақсатты жұмыс жасау керек. Студенттер жатақханасында тәртіп болуы тиіс. Қылмыстың денін аудандардан қалаға оқуға келген студенттер жасайды. Олардың бос жүрмеулерін бақылауға алыңыздар», — деп тапсырды Б.Сапарбаев.

Облыс басшысының тапсырмасымен құрылған құқықбұзушылықтың алдын алатын ведомствоаралық жұмыс тобы қоғамдық жерлерде әрдайым рейдтер жүргізіп тұрады. Сол сияқты, жұмыс тобы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көптеген жүйелік кемшіліктерді жоюға мүмкіндік берген бірқатар тиімді шараларды ұйымдастырды.

Бердібек Сапарбаев көңіл көтеретін орындарға әрдайым кешкі рейд жүргізіп отыруды тапсырды. Тіркелген құқықбұзушылықтар саны көбірек орын алатын елу көңіл көтеру орны бақылауға алынды. «Он көңіл көтеру орнында анықталған ескертулер толықтай жойылды, 15-і берілген бұйрықты орындап жатыр, үш нысанның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар екі нысанның жұмысы тоқтатылды», — деп баяндады облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Көкеев.

Сондай-ақ, аулалар мен көшелерде бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе қаласы бойынша 278 аулада 1358 камера орнатылған, 1 634 көпқабатты үйдің ауласы мен кіреберісі түнгі уақытта жарықтандырылды. Облыс әкімі жұртшылықты құқықбұзушылықтың алдын алуға тартуды тапсырды.

— Халықтың қауіпсіздігі— бәрінен жоғары. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бірге жүргізу керек. Құқыққорғау бағыттылығының қоғамдық құрылымдарының жұмысын күшейту қажет, —деп атап өтті облыс басшысы.

Жалпы, осы жылдың басынан бері қылмыстық құқықбұзушылықтың 10,4 пайызға төмендегені тіркелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button