Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Бір мемлекеттік қызметкердің алдына келген қарапайым адам тұтас мемлекеттің қызметіне баға береді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті базасында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Халыққа мінсіз қызмет ету — табысты мемлекеттің кепілі» тақырыбында өткен алқалы жиын еркін форматта ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті ұйымдастырған жиынға  облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік  басқару академиясы филиалының директоры Саида Сәдуақасова, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындарының  басшылары, арнайы мониторингтік топ мүшелері,  облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жастар мен блогерлер қатысты.

Ұйымдастырушылар алқалы жиында үйреншікті форматтағы отырыстан бас тарта отырып, пікір алмасуға еркін талқылау алаңын құрды. Бейресми диалог аталған агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Расул Медетовтің атқарылған жұмыстар, қол жеткізілген нәтижелер мен алға қойылған жоспарлар туралы қысқаша баяндамасынан басталды.

Оның айтуынша, бүгінгі күні департамент мамандары 4 бағытта жұмыс жүргізеді. Оның бірі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар және оның алдын алу. Бүгінгі күні бұл бағыт бойынша облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. «Соның бірі — инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы. Облысымызда былтыр шілдеден бастап бастау алған инвесторларды сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен және әкімшілік кедергілерден қорғау бойынша «Protecting Business and Investments» жобасының жұмыс кеңсесі оң нәтижелер көрсетуде. Бұл — облыс әкімдігі, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы және «ҚазИнвест» өкілдігімен бірлескен ортақ жоба. Бүгінгі күнге дейін департамент 24 инвестициялық компаниямен келісім жасап, жалпы сомасы 4,2 триллион теңгені құрайтын қаражатты мемлекет қорғауына алды», — деді Р.Медетов.

Оның айтуынша, аталған жоба аясында бүгінгі күнге дейін 25 арыз-шағым түсіп, оның 23-і қысқа мерзімде өз шешімін тапса, қалғандары бақылауға алыныпты.

Сол сияқты департамент мамандары «Қазақстан теміржолы» және Көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен «Адал жол» жобасын да жүзеге асырып жатыр. Бұл орайда  «Билетсіз жүріс жоқ» бірлескен акциясына қоғам өкілдерін тарту арқылы Алматы-Атырау, Мәскеу-Ташкент, Ташкент-Уфа бағытындағы пойыздарға билетсіз мінген 19 жолаушы анықталыпты. Нәтижесінде 3 жолсерікке 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.  Сондай-ақ, рейд қорытындысы бойынша  Ақтөбе-Маңғышлақ, Ақтөбе-Атырау, Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойыздарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалмағандығы, сондай-ақ төсек-орын жабдықтарының пайдалану мерзімі көрсетілмегені де  анықталған. Нәтижесінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 4-тармағы бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде  айыппұл салыныпты.

Р.Медетов өз сөзінде облыста «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы жайында айтып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бүгінгі күнге дейін департамент мемлекеттік қызметтер сапасына қатысты 64 бақылау шарасы жүргізілгенін, нәтижесінде 3079 заңбұзушылық анықталғанын атап өтті.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысының мемлекеттік қызметшілерінің штаттық саны —  4696, нақты саны — 4373. Ішкі конкурстардың қорытындысы бойынша жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалғандардың үлесі — 69,1 пайыз. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік және құқық қорғау қызметінің лауазымдарына орналасуға 4108 үміткер тестілеуден өтті, оның 1498-і немесе 36,4 пайызы шекті мәннен жоғары нәтижелер алды, — деді департамент басшысы.

Кездесу әрі қарай мемлекеттік органдардың ұйымдастыру мәдениетін өзгерту және мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігіне кедергі келтіретін күнделікті қызметтегі жекелеген элементтерден құтыла отырып, олардың сана-сезімін өзгерту мәселелерін талқылаумен жалғасты. Бұл орайда Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігінің бір құралы ретінде «OPEN SPACE»,  «Front office», «Сервистік әкімдік» ұғымдарын енгізу қажеттігін атап өтті. Ал «Мансап» мемлекеттік қызмет мектебінің екінші  маусымының түлегі Евгений Артығалиев мемлекеттік қызметшінің кәсіби дағдыларын меңгерудегі алған әсерлерімен, мемлекеттік қызметке өз бетімен келу тәжірибесімен бөлісті. Ал Ақтөбедегі «Фотон» ЖШС директоры Александр Лукиенко департамент басшылығымен бірге инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу туралы екіжақты келісімге қол қойғанын айта келе, осындай жұмыстардың нәтижесінде өз кәсібінде теміржол жолағы орналасқан жер телімін компания еншісіне өткізу және зауыт жұмысына қажетті қосымша электр желісі резервін орнату мәселелері тез арада оң шешімін тапқанын айтып өтті.

Сондай-ақ, талқылау кезінде қатысушылар мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы қоғамның рөлі, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлық көріністерін жою туралы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмады.

Жиынды қорытындылаған сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

Бұл ашық кездесу болғандықтан, әркім өзінің ойын еркін білдіре алады. Әсіресе, жастарымыз мемлекеттік қызметкерлердің Мемлекет басшысы берген тапсырманы қалай орындап жатқанын біліп, олардың да мемлекеттік қызметке қоятын қандай талабы, сұрақтары барын білуі керек. Президентіміз өз Жолдауында бірінші кезекте халықтың табысын көбейту, екінші — халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту керектігі турасында айтты. Халыққа бірден-бір қызмет көрсететін — ол мемлекеттік мекеменің қызметкерлері. Мемлекеттік қызметкер білімді, жақсы маман бола тұра, мәдениетті, тәрбиелі болуы керек. Мемлекеттік қызметкердің өз менталитеті болуы тиіс. Бір мемлекеттік қызметкердің алдына келген қарапайым адам тұтас мемлекеттің қызметіне баға береді.  Екінші мәселе — мемлекеттік қызметшілер тарапынан жіберілген сұрақтар мен хаттарға уақытында  жауап берілмейді, кемшіліктер дер кезінде жойылмайды. Егер осы мәселелерге көбірек көңіл бөлінсе, қарапайым халықтың мемлекеттік қызметке деген көзқарасы өзгереді, — деді.

Облыс әкімі өз сөзінде осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласында тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетуде ыңғайлы болу үшін Халықтық кеңсенің құрылғанын айта келе, қазір осындай жұмыстардың  Ырғыз, Хромтау аудандарында да қолға алынып жатқанын атап өтті. «Келешекте барлық ауданда осындай Халықтық кеңсе жұмыс жасауы керек. Ол халыққа сапалы қызмет көрсетіп, екіншіден, барлығы ашық, жариялы түрде болуы тиіс», — деген Б.Сапарбаев мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайту, әлеуметтік желілердегі мәселелерге барынша назар аудару керектігін де айтты. Облыс басшысы әрбір көрсетілетін мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ұғынықты тілде түсіндіру керектігін де атап өтті.

— Қазір мемлекеттік қызметке маман табу — өте қиын, үлкен проблема. Сондықтан жастар мемлекеттік қызметте жұмыс жасаймын десе, біз әрдайым оларды қолдаймыз, ол жөнінде ешқандай мәселелер жоқ. Ең негізгісі — мемлекеттік қызметтің қолдауын, көмегін халық сезінуі керек. Сонда ғана нәтиже болады, — деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.

Жиын соңында Р.Медетов барлық мемлекеттік органдарды «Ең  сервистік және әдепті мемлекеттік орган!» челленджіне қатысуға шақырды.

Жиын соңында пікірталастың қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің тиімді жұмысын жолға қоюға мүмкіндік беретін ұсыныстар жасалды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button