Ақтөбе — 150Басты жаңалықтар

Ақтөбе — «Ақылды қала»

Президент Н.Назарбаев 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ақылды ұлт» үшін «ақылды қалалар» құруды экономикалық дамудың локомотивіне айналдыруды ұсынған-ды.

Жалпы әлемде тұрмыс сапасын жақсартатын  «Smart City» жобасы ХХ ғасырдың аяғында қолға алынып, адамдар тұруға ыңғайлы қалалар қалыптаса бастады. Бүгінде 4G, Wi-Fi желісін таратудың, бейнебақылаудың бірыңғай инфрақұрылымы қалыптасқан, көлік қозғалысын реттеудің, жасыл энергияны қолданудың, яғни ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың арқасында тұрғындар пайдаланатын қызметтердің тиімділігін арттыру нәтижесінде  «интеллектуалды қалалар» деген ұғым пайда болды. Мұндай «ақылды» шаһарлар тізімінен Копенгаген, Сингапур, Швеция, Токио, Сан-Франциско секілді қалаларды көруге болады. 

«Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын  арттырудың локомотивтеріне айналады», — деді Елбасы өз Жолдауында. 

ҚР Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша, Қазақстанда 2017 жылдың 1 желтоқсанында қала тұрғындарының саны шамамен 10 млн 250 мың адам болса, ауыл тұрғындарының саны шамамен 7 млн 670 мың адамға тең болды. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеулеріне сәйкес, 2030 жылы жер шарының 60%-ға жуық тұрғыны, 2050 жылға қарай 67%-ы қалалардатұратын болады. Халық көп шоғырланған жерде тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыру қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан әлемде «интеллектуалды қалалар» немесе «ақылды қалалар» жобасы жылдам жүзеге асырылып жатыр.

Елімізде «ақылды қалалар» тұжырымдамасы «Цифрлық Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынды. Қазіргі кезде «Smart Сity» жобасы еліміздегі бес қалада —  Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Ақтөбе секілді ірі шаһарларда біртіндеп жүзеге асырыла бастады.

2030 жылға қарай әлемдегі «ақылды қалалар» саны 600-ден асады деген болжам бар. Біздің Ақтөбе — сол 600-дің ішіндегі «ақылды қаланың» бірі болмақ…

БІРЫҢҒАЙ ТӨЛЕМ ҚҰЖАТЫ

Бүгінде Ақтөбеде 500 мыңға жуық адам тұрады. Ақтөбе — төртінші ірі агломерациялық орталық. Болашақта облыс орталығы миллион тұрғыны бар алып шаһарға айналмақ.

Қала әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Серік Әшірбековтің айтуынша, Ақтөбе қаласы әкімдігі «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақылды қала» жобасын жүзеге асырып жатыр.  

«Smart city Aktobe» жобасы аясында Ақтөбе облысында өткен жылы бірқатар жұмыстар жасалды.

— «Цифрлық білім беру» бағыты аясында қаламыздағы барлық мектептерде «Күнделік» жүйесі енгізілді. Бұл жүйе арқылы ата-аналар балаларының білім үлгерімін, электронды журнал мен күнделіктерді көре алады. Мектептердің барлығы толықтай компьютерлік технологиямен қамтылды. Былтырдың өзінде 1194 дербес компьютер сатып алынды. Барлық мектептер жылдамдығы жоғары интернетке қосылды. Балаларды балабақшаға кезекке қою және жолдамалар беру  мемлекеттік қызметі де автоматтандырылды. Сондай-ақ, «1-сыныпқа жолдама беруді автоматтандыру» бойынша жұмыстар аяқталды, қазіргі уақытта мектептерге қатысты база толықтырылып, бұл бойынша жұмыс істейтін мамандар даярланып жатыр, — дейді Серік Әшірбеков.

Келесі бағыт — «Цифрлық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» бағыты. Бұл бойынша «Казпошта» АҚ-мен бірлесіп, «Бірыңғай төлем құжаты» жасалды. «Бірыңғай төлем құжаты»бірден барлық тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді қамтиды, олар —  байланыс қызметтері, ерікті сақтандыру, күрделі жөндеуге жарна және тұрғын үйге байланысты басқа да қызметтер.

— Аталған бағыт бойынша абоненттердің мәліметтер базасы жасақталып, төлем қабылдау, соның ішінде онлайн төлем қабылдау жүйесі іске қосылды. Бүгінге дейін бірыңғай төлем жүйесіне қосылу үшін «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Байнұр», «Свим» секілді 59 компаниямен келісімшарт жасалды, — дейді Серік Әшірбеков.

БЕЙНЕКАМЕРАЛАРДЫҢ ҚЫРАҒЫ «КӨЗІ»

Келесі бағыт — «Интеллектуалды көлік жүйесі».Қоғамдық көлікті диспетчерлендіру бойынша орталықтандырылған қызмет құрылған. С.Әшірбековтің айтуынша, көліктердің мониторингін жүргізуге мүмкіндік беретін сараптама жасау жүйесі де дайындалған. Алдағы уақытта қоғамдық көліктерде электронды билет енгізу жоспарланып отыр.

— «Қауіпсіз қала» бағыты аясында «Арқан-қиылыс» деп аталатын 10 интеллектуалды қиылыс, «Арқан-аралық» аталатын 11 желілік учаске және қала қауіпсіздігін «бақылайтын» 130 бейнекамера орнатылып жатыр. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының бұзылуы туралы деректерді ішкі істер департаменті базасына жіберу бойынша тестілеу жүргізу қолға алынды.Бейнебақылау камераларының бірыңғай орталыққа ақпарат жіберуі үшін арнайы «Trassir» компьютерлік бағдарламасы сатып алынды. Бұл бағдарлама баламалы және цифрлық камералардан ақпараттарды ала береді, сондай-ақ көпдеңгейлі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, — дейді С.Әшірбеков.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, бұл камералар жолдағы қозғалысты бақылаумен бірге ірілі-ұсақты бұзақылықтарды, қылмыстардың бетін ашуға көмектеседі. Камералардың «көзінің» «қырағылығы» соншалықты — олар жол ережесін бұзған жүргізушілердің көлігінің мемлекеттік нөмірлерін анық көре алады. Яғни «тоқта» белгісінен асып тоқтау, жылдамдықты асыру, жүргіншіні өткізбеу, қарсы жолаққа шығу сынды барлық ереже бұзушылықтар камераның «назарынан» тыс қалмайды. Бұл камералар тек көліктердің ғана емес, адамның бет-әлпетін түсіру арқылы оның кім екенін анықтау, мәліметтер базасынан іздеу кезінде тез тауып алуға септігін тигізеді.

Ақтөбе әкімдігінде «109» нөмірлі Call Center құрылды.  Бұл байланыс орталығы қала тұрғындарының коммуналдық-тұрмыстық бағыттағы өтініштерін бір жерден қабылдауға, оны тиімді өңдеуге мүмкіндік береді.

— Диспетчерлік қызметтің жұмысы көшелерді жарықтандыру мен бағдаршам объектілеріне ұдайы мониторинг жасауға, қалалық жолаушылар көлігі мен көшелерді санитарлық тазалау жұмыстарын қадағалауға мүмкіндік беріп отыр. Бірыңғай орталық мамандары тұрғындарға қалада көрсетілетін қызметтер, тұрғын үй кооперативтері мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты кеңес береді, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-өтініштерінің орындалуын бақылайды, — дейді С.Әшірбеков.

Бұған қосақаланы басқарудың жетекші орталығын құру жұмыстары жүргзіліп жатыр. Онда Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің резервтік жедел басқару орталығы және қалалық қызметтердің диспетчерлік бекеттері болады. Аталған жетекші орталық базасында қаланың барлық шұғыл қызметтерін 112 қызметіне біріктіру жоспарланып отыр.

Өткен жылы Ақтөбеде«Smart city Aktobe» жобасы аясында геопортал (https://geoportal.akt.kzжасақталып, іске қосылды. Қалалық әкімдіктің серверінде орналасқан порталда Ақтөбе қаласының Бас жоспары, аэросуреттері мен карта-сызбасы, Ақтөбе қаласы мен аудандарының шекаралары, қаладағы өзен-көлдер 1:2000 масштабымен көрсетілген. Сондай-ақ қаладағы екі мыңнан астам ұйымдардың анықтамалық деректері жинақталған. Шаһарымыздағы қоғамдық көліктер бағыттары мен жер учаскелері, аукциондар туралы ақпараттарды да осы жерден табуға болады.

— Геоақпараттық жүйе бойынша жұмыстар қазір де жалғасып жатыр, нақтырақ айтсақ, Ақтөбе қаласының векторлық картасы деректерін,қаланың жаңа көшелерін 1:2000 масштабтажүйеге енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге қала бойынша мекенжай базасы жинақталу үстінде. Инженерлік желілердің электронды сызбаларын жинақтау жұмыстары аяқталды. Бұл мәліметтер «Сәулет-жобалау тапсырмалары мен техникалық шарттар» мемлекеттік қызметін автоматтандыру аясында жарияланатын болады. Сондай-ақ, Геопорталды мемлекеттік жер кадастры автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен және «Қазпошта» акционерлік қоғамының «Бірыңғай төлем құжаты» мәліметтер базасымен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді С.Әшірбеков.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button