Басты жаңалықтар

Су тасқынына әзірлік барысы талқыланды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында биылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды.

Қазіргі таңда облыста көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың орын алу қаупін азайту шаралары кешенін жүзеге асыру жалғасып жатыр.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов: «Су басып қалуды болдырмау мақсатында елді мекендерден 130 мың текше метр қар шығарылды, жанар-жағармай, инертті материалдар қоры, ыдыс-қаптар жасақталып жатыр. Қаңтар айынан бері Елек және Қарғалы өзендерінің алаптары ай сайын тексерілуде. Бүгінде облыстағы үш ірі — Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймалары жартысынан аз толған, бос орын қоры 54%-дан 72%-ға дейін. Болуы мүмкін су тасқыны жағдайының қиындап кетуіне жедел әрекет ету мақсатында азаматтық қорғаныстың  2,1 мың адамнан көп және 582 бірлік техникадан асатын күштері мен құралдарының арнайы топтары құрылды. 15 наурыздан бастап көлік жолдарындағы су өткізетін құбырларды аршу жұмыстары басталады», —деп жеткізді.

Ол сондай-ақ, 2017-2020 жылдарға арналған тасқын қаупін ескерту және жою бойынша жол картасының жүзеге асырылуы туралы да баяндады. Жол картасы аясында Ақтөбедегі тасқын қаупі бар сегіз өзеннің арнасын аршу, кеңейту, тереңдету және жағалауын бекіту жұмыстары қарастырылған.

Бүгінде ұзындығы 13,2 шақырым болатын Елек, Қарғалы, Сазды және Бұтақ өзендерінің арнасы аршылды. Сегіз өзенде жасалған жұмыстардың жалпы ұзындығы 118 шақырым. Жобаны жүзеге асыру 2017 жылы орын алған су тасқыны жағдайының қайталанбауына мүмкіндік береді. Сол кезде өзен арнасы маңында орналасқан бау-бақша ұжымдары мен тұрғын үй алаптары суға кеткен болатын.

«Жұмыстың барысы мен сапасы қатаң бақылауда болу керек. Тұрғындардың айтуынша, кей жерлерде ағаштарды жөнсіз кесіп жатқан көрінеді. Осы мәселені зерттеңіздер. Бастысы — бүкіл жұмыстан кейін су баяғыша жүруі тиіс. Мердігерлерге қатаң талап болу керек», — деді аталмыш сұрақтың талқылануын түйіндеген облыс әкімі.

Соңғы екі жылда облыста ұзындығы 13,5 шақырым болатын тасу қаупі бар өзендерді тереңдету, жағалауын бекіту және аршу жұмыстары жүргізіліп, 6,5 шақырым су бұру арналары мен бірнеше уақытша қорғаныс бөгеттері тұрғызылды, кәріз жүйелері жөнделіп, жаңалары салынды. Нәтижесінде қауіп-қатер аймағында орналасқан елді мекендер саны 42-ден 35-ке дейін  азайды. Атап айтқанда, Қарғалы ауданының Қосестек, сонымен қатар Ырғыз ауданының Аманкөл, Ырғыз, Шеңбертал, Жаныс би, Нұра, Құтикөл ауылдарындағы су тасқыны қаупі жойылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button