Рухани жаңғыру

Латын әліпбиіне көшу — жаңғыру негізі

«Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді. Осыған байланысты, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының басым бағыттарының бірі — қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Облыста бұл үрдіс кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстары көптеп ұйымдастырылып, айтылған ұсыныс-тілектер де қаперге алынуда. Осы ретте облыстық тілдерді дамыту басқармасынан латын әліпбиіне көшу туралы өткен жылдың қорытынды жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы білген едік.

295 ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Елімізде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру реформасы ҚР Үкіметі бекіткен үш кезеңнен тұратын ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес бекітілді. Әрбір кезеңде атқарылатын шаралар жоспарланып, мақсат-міндеттер айқындалды. Реформаны жүзеге асыру үшін қажетті материалдық, техникалық, кадрлық, т.б. алғышарттар қарастырылған.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру жұмысы бөлімінің басшысы Маржан Жанасованың айтуынша, биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектептегі дайындық және 1-сынып оқушылары латын әрпінде оқитын болады. Енді 2025 жылға дейін барлық іс-қағаздар, оқулықтар, мерзімді баспасөз латын әліпбиіне көшеді деп жоспарланып отыр.

—  Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру» жобасы жүйелі түрде жүзеге асуда. Жалпы жаңа әліпбиді таныстыру, түсіндіру мақсатында былтыр 22470 адамды қамтыған түрлі форматтағы 295 шара ұйымдастырылды.

2018 жылы 19 ақпанында Елбасының №637 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді.

2017 жылы реформа жарияланғаннан кейін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Бастапқыда халықты толғандырған бірқатар мәселелер болды. Мәселен, кирилл графикасындағы әдеби, мәдени мұралардың сақталып қалуы, ересек азаматтарға оқыту мүмкіндіктерін жасау, кирилл графикасынан латын графикасына аудару сынды сауалдар күн тәртібіне түсті. Атқарылған кең ауқымды түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде халықтың басым бөлігі реформаға оң қолдау көрсетті.

Өткен жылы Ақтөбе қаласында 500-ге жуық адамның қатысуымен Түркия, Әзірбайжан, Ресей елдері ғалымдарының, Ахмет Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл — қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, республикаға танымал лингвист ғалымдардың қатысуымен «Латынға көшу: тәжірибе, проблемалар және оларды шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Сондай-ақ өңірде оқытушы-филологтар, тілтанушылар мен сарапшылар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, орта мектеп оқушылары, ересек азаматтар арасында сауалнама жұмыстары жүргізілді,  — дейді М.Жанасова.

Сонымен қатар былтыр облыс тұрғындары латын қарпіне негізделген жаңа қазақ әліпбиі бойынша республикалық жалпыхалықтық ашық диктантқа қатысты.

Жаңа емле ережелерінің нұсқасы, ғалымдардың түсіндірме мақалалары жинақталған жинақ, буклеттер әзірленіп, халыққа таратылды.

ЖОБАЛАР МЕН ЖЕТІСТІКТЕР

Тұрғындар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеулер барысында олардың басым көпшілігі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі туралы бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет желісінен хабардар екенін көрсетті. Осы ретте аталған басқарма түрлі жобаларды жүзеге асырды.

— Жергілікті телеарналар арқылы латын әліпбиін үйренуге бағытталған екі тележоба жүзеге асырылды. Әлеуметтік желілерде «Латын әліпбиі — заман талабы» атты бейнероликтер жарияланды. Сондай-ақ балаларға арналған «Күншуақ» танымдық журналында «Танысамыз әріппен» айдарымен латын әліпбиінің жазылу үлгісі жарияланып тұрды. Баспасөз беттерінде латын графикасына көшу тақырыбында белгілі зиялы қауым өкілдері мен түрлі сала мамандарының пікірлері жарияланып отырды.

Жетістіктерге тоқталсақ, республикада жарияланған «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша көрнекі ақпарат құралдарының үздік эскиздері»  шығармашылық  байқауында басқарма ұсынған жұмыстар жеңімпаз атанды. Эскиз мәтіні бойынша банерлер  Астана, Алматы қалаларында ілінетін болады.

Бүгінде қала көшелерінен латын тілінде жазылған көрнекі ақпараттар, банерлер мен маңдайшаларды көріп жүрміз. Олардың арасында қателіктермен жазылған үлгілер де көбеюде. Алда бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылатын болады.

Биыл 17 қаңтарда Ұлттық комиссия мақұлдаған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жарияланды. Ендігі кезекте ережелерді кеңінен жұртшылыққа таныстыру міндеті тұр, — дейді М.Жанасова.

ОҚЫТУ КУРСТАРЫН ӨТКІЗУ ЖАЛҒАСАДЫ

Латын әліпбиін енгізу уақыт талабынан туындаған қажеттілік екенін көпшілікке түсіндіру, насихаттау барысын баяндаған Маржан Жанасова Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру үшін алдағы уақытта жоспарланған жұмыстарды да айтты.

Емле ережелерін түсіндіру жұмыстары ғылыми біліктілікті, білімді талап ететіні сөзсіз. Осыған орай биыл облыстық тілдерді дамыту басқармасы  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетімен меморандум жасауды қолға алып отыр.

Тілдерді оқыту орталығының 11 оқытушысы  тренингтік курстардан өтіп, қазақ әліпбиін енгізу, емле ережелерін түсіндіру бағытындағы жұмыстарды үйлестіретін болады.

— Бүгінгі таңда латын графикасына негізделген жаңа әліпби мен жаңа емле ережелерін қамтыған «Тілтану» арнайы тілдерді оқыту курстары, «Қазақ тілінің жаңа әліпбиі: оқу мен жазу»  тақырыбында қашықтықтан оқыту жұмыстары басталмақ.

Сондай ақ, «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» атты ересектерге арналған телесабақтар, «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журналында «Рухани жаңғыру» айдары бойынша жаңа емле ережелерін түсіндіру циклі, «Ақылды әліпби»  мобильді қосымшасы, латын әрпінде сауат ашу парақшалары, «Жазылым» деп аталатын қазақ тілінің жаңа графикасы бойынша диктанттар жинағы,  «Білімді балақай» деген атпен қазақ тілінің жаңа графикасында балаларға арналған өлеңдер жинағын шығару сияқты шаралар жоспарланып отыр. Сондай-ақ  жыл бойы дөңгелек үстелдер, семинарлар, тренингтер, презентациялық сағаттар мен ашық диктанттарды өткізу жұмыстары жалғасын табады, — дейді М.Жанасова.

P.S.

Барлық озық техно­ло­гияның тіліне айнал­ған латын әліп­биіне көшу — еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құ­бы­лыс. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл мәселені таяу жылдардағы негізгі міндеттердің бірі деп бекітті. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін қолданысқа енгізудің мәні орасан. 

 А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button