Басты жаңалықтарМәдениет

Ақтөбенің мәдени өмірі: оң өзгерістер

Жыл қорытындысы

Кәсіби өнерді, ұлттық тарихи-мәдени мұраны ұлықтап, дамытуда орны ерек мәдениет мекемелерінің жалпы саны өңірде 490-ға жуықтайды. Атап айтсақ, облыстағы 238 кітапхана, 196 клубтық мекеме, 21 музей, 2 саябақ, 2 театр, филармония, 13 архив, өзге де мекемелер мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырды.

Облыстық музей жаңа ғимаратқа көшті, кітапханалар қайта жаңғырды 

Өткен жылдағы Ақтөбенің мәдени өміріндегі елеулі жаңалықтардың бірі — тарихи-өлкетану музейдің жаңа ғимаратқа қоныс аударуы. Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданында орналасқан нысан өзінің сәулетімен, заман талабына жауап беретін жаңашылдығымен ерекшеленеді.

90 жылдық тарихы бароблыстық тарихи-өлкетану музейі 1929 жылы жергілікті өлкетанушылардың бастамасымен жұмысын бастаған. Музейдің көне ғимараты 2014 жылы апаттық жағдайда деп танылып, жабылған еді. Жаңа ғимарат «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік  аясында салынды. Құрылысқакәсіпкер Исламбек Салжанов 200 миллион теңге, облыстық бюджеттен 473,3 миллион теңге қаржы бөлінді. Ғимараттың жалпы аумағы— 4,3 мың шаршы метр. Мұнда келушілер үшін 10 зал жасақталған. Әзірге соның 5 залы «қызмет етіп тұр».

Жалпы, музейдің қорында 110 мыңнан астам жәдігер бар. Бұлар — минерология, палеонтология, ботаника, археология, сәндік-қолданбалы өнер, архив құжаттары, нумизматика, сирек кітаптар, т.б. бойынша құнды топтамалар.

Осы жылы қосымша 5 зал жасақталмақ.

Өңірдегі кітапхана да өзгеше қарқынмен, жаңа леппен жұмыс істей бастады. Кітапханалар енді тек кітап беріп, оны қабылдаумен шектелмей, заманауи форматта қызмет көрсететін мекемеге айналды. Облыста бүгінгі таңда 7 кітапхана жанынан «Коворкинг орталық» ашылып, соның арқасында келушілер саны арта түсті. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 23 миллион теңгеден астамқаржы қарастырылыпты.

Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы мен Алға, Темір, Қобда аудандарындағы аталған мекемеге келушілер Wi-Fi желісі, түрлі ғаламтор-ресурстарға қолжетімділікпен қамтамасыз етіліп, сол арқылы бос уақытын тиімді пайдаланып жүр.

Ақтөбелік өнерпаздардың асуы

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаеваның айтуынша, «Заманауи Қазақстан — жаһандық әлемде» арнаулы жобасы аясында шығаршылық  ұжымдар   алыс-жақын  мемлекеттерге, атап айтсақ, Үндістан, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Татарстан, Біріккен Араб Әмірліктеріне барып қайтты. Сол жақтарда өнер көрсеткен жерлес әнші-биші, актерлеркөпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп қоймай, бірқатар жүлделерге ие болған.

23-26 қараша күндері Ресейдің Рязань қаласында өткен «Свидания на театральной» III халықаралық театр фестивалінде бақ сынаған Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын жеңіп алды.

Ал «Алақай» қуыршақ театры VI халықаралық «Рабочая лошадка» қуыршақ театрлар фестивалінде «Үздік суретші жұмысы» номинациясына лайық деп танылды. Аталған шығармашылық ұжымның Буа қаласындағы «БУА: Диалог кеңістігі» II халықаралық театр фестивалінде Н.Гогольдің «Шинель» повесінің желісі бойынша сахналанған «Шапан» қойылымы да арнайы дипломға ие болды.

Құрамында 37 солисі бар Ақтөбедегі Қазақ камералық хоры да былтыр биік белестерді бағындырды. Хор ұжымы «Жұбановтар әуені — 2018»халықаралық  хор музыкасы фестивалінде Бас жүлдені иеленсе, Ресейдің мәдени астанасы —  Санкт-Петербург қаласында өткізілген Ю.алик атындағы «Поющий мир» атты XVI халықаралық байқау-фестивалінде «Халық музыкасы» бойынша І  дәрежелі, «Камералық хор» және «Заманауи музыка» аталымдарында ІІ  дәрежелі лауреат  атағын жеңіп алды. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының жанынан құрылған ұжым «Астана Опера» театрының камералық залында «Құтты мекен — Ақтөбеден ән шашу» атты концертін өткізді.

Сонымен қатар, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Астана қаласының Ақтөбедегі мәдениет күндері, Ақтөбе қаласындағы Орынбор облысы  және  Қарақалпақстандағы Ақтөбе облысы күндері аясында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

БІЗДІҢ ДЕРЕК 

Өткен жылы облыста 28 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған 3,8 миллион адам қатысқан.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру мақсатында ғалымдар және өлкетанушылардың арнайы жұмыс тобы құрылды.Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы жұмыс тобы облыстағы жалпыұлттық маңызы бар нысандардың санын арттыруды ұсынды.

Өңірде бүгінгі таңда республикалық маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 23, жергілікті маңызы бар киелі жерлердің тізіміне 57, барлығы 80 нысан енді.

Сонымен бірге, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Батыс Қазақстан аймағының, оның ішінде біздің облыстың тарихи тұлғалары мен киелі жерлері туралы ғалымдар мен өлкетанушылардың дайындаған материалдары жинақталып, энциклопедия жарыққа шықты.

Бұдан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғалымдарымен бірлесе Ойыл ауданының аумағындағы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына жататын қазақтың қорымдары мен мешіттеріне ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жұмыстары барысында Ойыл өзенінің бойындағы Ботакөз батыр кесенесі, Егізқара бейіті, Тілепмола, Темірмола, Жауымбаймола, Балапан, т.б. қорымдар мен кесенелер, тасқоршаулар, діни әулиелік орындар зерттеліп һәм зерделенді.Арнайы жасақ Қобда және Мәртөк аудандарында орналасқан қорымдар және мешіттерге де зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында Мәртөк ауданында Сынтау мешіті, Родниковка ауылы маңындағы қорымдар зерттелді. Қобда ауданында негізгі жұмыстар Қобда, Тамды және Батпақты өзендері аңғарларында жүргізіліп, Ақшат, Шошақ мола, Ақсай, т.б. бұрын зерттелмеген қорымдар анықталды. Бұл — өлке тарихы үшін үлкен олжа екені сөзсіз.

Фестиваль, байқау, концерттер…

Негізінен ауқымды мәдени-көпшілік шаралар Астана қаласының 20 жылдығы, облыстағы «Бақытты бала» жобасы аясында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойыншаөткізілгені белгілі. Айталық, былтыр ұлттық  сананы  жаңғырту мақсатында 13 республикалық байқау, 2 аймақтық байқау, 9 фестиваль, 287 концерт, музей-кітапханаларда 875 конференция, дөңгелек үстел-семинарлар, өзге мемлекеттерге 12 гастрольдік сапар ұйымдастырылды. Олардың ішінде халықаралық Т.Ахтановтың 95 жылдығына арналған «Балауса» экспериментальдық қойылымдар фестивалі, қуыршақ театр әртістері және режиссерлерінің халықаралық «Сахна сыры» атты  шеберлік сағат-семинары, А.Жұбанов және композитор Ғ.Жұбанованың шығармашылығына арналған  «Жұбановтар әуені — 2018» халықаралық хор музыкасы фестивалі, Бейбіт Оралұлының әндерінен «Елім менің» атты халықаралық ән байқауы, «Марғұлан оқулары» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы, қазақ әдебиетінің классиктері — Т.Ахтанов пен Қ.Шаңғытбаевтың шығармашылығына арналған «Театр — өнердің ұлы көші» халықтық театрлар аймақтық фестивалі, Н.Тапалова атындағы «Бидің ханшайымы — Нұрсұлу» республикалық би байқауы,  республикалық «Музейдегі түн» акциясы, «Рухани қазына» мәдениет қызметкерлерінің форумы, «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында Ақтөбе қаласындағы аудан күндерін атап өтуге болады.

Бәрін қосқанда өткен жылы облыста 28 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шара өткізіліп, оған 3,8 миллион адам атсалысыпты.

P.S. Биыл да атқарылар жұмыстар аз емес. Ресми деректерге сүйенсек, 2019 жылы облыста 9 мәдениет мекемесінің ғимаратын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Хромтау ауданында мәдениет және демалыс орталығы ашылмақ. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға ескерткіш тұрғызу, оның жан-жағын абаттандыру да жоспарға енгізілгенін айта кету керек.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button