Жаңалықтар

Жыл қорытындыланып, марапаттар тапсырылды

Кәсіподақ

Өткен бейсенбі  күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы қоғамдық бірлестігі өткен жылдың қорытындысын және «Жастар жылы» деп жарияланған ағымдағы жылдың міндеттерін талқылады.

Бұл салтанатты шара  «Кәсіподақ және жас ұстаз — болашаққа нық сеніммен» деген атаумен өтті.

Салтанатты шара барысында облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова  өткен жылдың қорытындысы туралы баяндама жасады. Бұдан кейін жиынға шақырылған қонақтар сөз алып, өздерінің тілектері мен пікірлерін білдірді. Республикалық жастар кеңесінің мүшесі, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Медет Айткұлов жас ұстаздарды құттықтап, өткен жылдың қорытындысымен және жаңа жылда жүзеге асырылатын жоспарларымен таныстырды.

Шараға облыстың 100-ден астам жас ұстаздары қатысып, оның ішінде 65 кәсіподақ мүшесі түрлі марапаттарға ие болды. Мәселен, 3 бастауыш кәсіподақ ұйымының көшбасшылары  «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Ұстаз мерейі — ел мерейі» атты журналистер арасындағы республикалық байқауының жеңімпазы «Ақтөбе» телеарнасының ақпараттар бөлімінің редакторы Айсұлу Махмутова салалық кәсіподақ тарапынан 100 мың теңге, облыстық кәсіподақ тарапынан 70 мың теңге ақшалай сыйақы сертификаттарымен марапатталды. Сондай-ақ 6 ұстаз  Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен, 2 кәсіподақ көшбасшысы Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар орталығының Құрмет грамотасымен, 2 көшбасшы Ақтөбе облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен, бір ұстаз облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұған қоса, осы марапатталғандарға ақшалай сыйақы ұсынылды. Жылдағы үрдіс бойынша 50 жас ұстаз аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен аудандық білім бөлімдерінің ұсыныстары бойынша облыстық кәсіподақ есебінен көктемгі каникул кезінде шипажайға демалуға сертификаттар және Құрмет грамоталарын алды.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button