Сүндеттеудің сырлары
Қазақ халқы, жалпы мұсылман қауымы баласы бес жасқа толысымен сүндетке отырғызады. Бұл халқымыздың салты ғана емес, медицина жағынан да денсаулыққа пайдасы зор шаруа. Қазіргі таңда тек мұсылман дініндегілер ғана емес, ағылшындар да балаларын сүндетке отырғызатын болыпты. Сонымен, сүндетке отырғызу жайында не білеміз?
Сүндетке отырғызу дәстүрінің тамыры тым терең. Сүндеттеу медицина ғылымында «циркумцизия» (лат. Circumcisio – дөңгелете кесу) деп аталады. Сүндеттеуді біздің заманымызға дейінгі 2500 жылдары ежелгі Мысыр елінде қолданған. Сүндеттелген перғауын бейнесі мен ересектеу екі баланы сүндетке отырғызу рәсімі көрсетілген папирус суреттерінің Каир мұражайында сақталғандығы осының айғағы. Тіпті, бұл көптеген Африка елдерінде де баланың есею нышаны ретінде қалыптасқан.
Сүндеттеу алғашқы кездері арабтарда діни наным-сенім ретінде жүзеге асырылған. Уақыт өте келе сүндет ислам дінін қабылдау үшін жасалатын дәстүрлі салттың біріне айналады. Сүндетке отырғызылған ер балалар нағыз мұсылман әрі нағыз жігіт деп саналған. Ғалымдар сүндеттеу салтының мұсылман әлемінде, египеттерде исламның дін ретінде қалыптасуынан әлдеқайда бұрын болғандығын ежелгі нақты құжаттар арқылы дәлелдеген. Кейінгі кездері бұл мұсылмандық салтына дәрігерлер көңіл аударып, сүндетке отырғызудың пайдалы екендігіне көз жеткізеді. Сүндеттелген балаларға өз жыныс мүшелерінің тазалығын қадағалау, оның күтімі әлдеқайда жеңіл де қолайлы болады. Оның үстіне инфекцияның пайда болуы бір пайызға азаятындығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы тақырып жөнінде тек АҚШ-та ғана жиырмадан астам ғылыми деректер жарық көрген.
АҚШ
ғалымдары: сүндеттеу пайдалы
Бүгінгі таңда дүниежүзіндегі ер адамдардың алтыдан бір бөлігі сүндетке отырады екен. Соңғы статистика мәліметтері бойынша, әсіресе, Солтүстік Америкада профилактикалық әрі гигиеналық мақсатта жас балалардың тоқсан пайызы сүндеттеледі. Әлем тұрғындарының 1,5 миллиардын құрап отырған мұсылмандарды былай қойғанда, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания секілді бірқатар мемлекеттерде баланы сүндетке отырғызу бүгінгі күні қалыпты үрдіске айналған. Сүндеттеуге викторияндық кезеңде көңіл бөле бастаған ағылшын тілді бұл елдерде сүндетке отырғызуды жақтаушылармен қатар, оған қарсы шығушылар да бар. Қарсы шығушылар «Сүндет мұсылмандар мен ебірейлерге ғана тән діни міндет, өзге дін өкілдеріне қатысы жоқ. Ол гигиена сақтау қиынға соғатын ыстық аймақтарда қолданылған. Бүгінгідей гигиенаны сақтау мүмкіндіктері жоғары кезде оның қажеті жоқ. Ол құмарлықты тежейді. Балаға ауыр тиеді» деген пікірлерді алға тартады.
АҚШ-тың педиатрлық академиясы 1989 жылы осы мәселеге орай жаңа туған нәрестелерге арналған ауыртпайтын әрі қауіпсіз дәрі табылғандығын ресми мәлімдеді. Бүгінгі күні Вашингтонның Балалар емханасының медициналық орталығында (Childrens Hospital Medical Center) ата-аналардың қадағалауымен жаңа туған балаларға жасалатын барлық хирургиялық операциялар кезінде ауруды басатын анестезия пайдаланылуда. Сондай-ақ бұл педиатрлық академия 1999 жылы сүндеттің медициналық тұрғыдан пайдалы екендігін жариялаумен қатар, баланы сүндетке отырғызу, отырғызбау мәселесін ата-аналардың өздері шешкені мақұл деп тапты. Бұған қоса, сүндеттеуде қалыптасқан діни, мәдени, эстетикалық көзқарастармен де санасу керектігін ескертті.
Американың медициналық ассоциациясы сүндеттеудің несеп қуық жолдарын сирек кездесетін қатерлі, жұқпалы аурулардан, инфекциядан қорғайтындығын мәлімдеді.
Американың акушер және гинекология академиясы да Педиатрлық академия мен медициналық ассоциацияның мәлімдемелерін мақұлдап, сүндеттеуге ескішілдіктің сарқыншағы ретінде қарауға ешқандай да медициналық негіз жоқ екенін жариялады.
Аурудың
алдын алады
Көптеген медициналық зерттеу жұмыстары сүндеттеудің пайдасы бар екенін дәлелдеді:
• Сүндеттелмегендерге қарағанда, сүндеттелген ерлер жыныстық қатерлі ісікке (рак) анағұрлым аз шалдығады;
• Ері сүндеттелмеген әйелдерде жатыр мойыншағының қатерлі ісікке шалдығу қаупі алты есе жоғары;
• Жыныстық жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі сүндеттелмегендерде сегіз есе жоғары;
Ғалымдар «қара» құрлықтан кейбір нақты мысалдар келтіреді. Мәселен, Кения мен Замбияда ұл балалардың 10-30 пайызы ғана сүндетке отырғызылады. Ал ВИЧ инфекцияларын тасымалдаушылар саны олардың халқының төрттен бірін құрайды. Ал сол Африканың әр баланы сүндетке отырғызатын Камерун, Бенин сияқты өзге елдердегі АҚТҚ (ВИЧ) ауруының таралуы алты пайыздан артпайды.
Бұл мәселемен көп жылдан бері айналысып жүрген Семей мемлекеттік медицина институтының профессоры Лев Черкасский де «қазақтар жас балаларын неге сүндетке отырғызады» деген сұрағына дәйекті жауап тауып береді. 1980 жылы ол Араб елдері ғалымдарының ұл балалардың ұмасында ақырындап, байқаусыз жинақталатын обырды (рак) қоздыратын смегма атты заттың біртіндеп жыныс мүшесінің рагына әкеліп соқтыратыны жайлы зерттеулерімен танысып, өзі де осы мәселемен түбегейлі шұғылданып, сүндетке отырғызудың пайдасы жайлы еңбектер жазады. Жыныстық қатынас арқылы смегманың әйелдердің онкологиялық ауруларға ұшырауына әсер ететіндігі анықталған. Әрине, денсаулықтың ең сенімді кепілі, ең алдымен, тазалық сақтау екендігі айтпаса да түсінікті.
Австриялық зерттеуші ғалымдар тіптен үлкен жаңалық ашты. Олар «ЖҚТБ -ға (СПИД) шалдыққан ер кісілердің басым көпшілігінің сүндеттелмегендер» екендігін дәлелдеді. Өйткені ЖҚТБ вирусы ең әуелі жыныс мүшесінің ұш қабатын зақымдайтын көрінеді. Егер ол тұс микрозақым алса, қабыну қаупі өте тез жүреді екен.
Сексопатологтар да сүндеттелудің қажеттілігін мойындауда.
Гигиеналық тұрғыдан бактериялогиялық, іріңді микроб, жыныстық жіңішке ауруының микробтарынан таза болу тұрғысынан сүндет жасату аса қажет. Оған қоса, смегмалардың (қорғаушы ақ түйіршектер) қабынып, жараға айналмауында үлкен рөл атқарады.
Сүндет фимоз (жыныс үрпісінің жиырылып ашылмай қалуы), парафимоз, баланит, баланопостит кеселдерінің алдын алады.
Сүндетке отырғызудың әр аймақта өз ерекшеліктері болады. Молдалар негізінен үш жастан бастап тақ сандық жасқа толған балалар қасаба күпегінің ұшын өткір пышақ немесе ұстарамен кесіп, жарасына күл сеуіп дезинфекция жасайды, қанын киіз басып тоқтатады.
Қазір көп жерде балаларды хирург мамандар сүндеттейді.
Сүндеттеу тәсілдері
Мыңдаған жылдардан бергі құрал-саймандардың өзгергені секілді сүндеттеу тәсілдері де уақыт талабына сай өзгеріп отырған. Сүндеттеу тәсілдерінің ең негізгілері мыналар:
1. Еркін әдіс: хирургтардың дәрі арқылы жансыздандырып, арнайы аспаппен сүндетке отырғызуы, тамырлардың тігілуі. Бұны «классикалық әдіс» деп те атауға болады.
2. Дәстүрлі әдіс: дін мамандарының өткір ұстарамен кесіп, жараға таза күлді кесемен төңкеріп жасайтын әдісі. Бұл сүндеттеудің бұрыннан кең тараған түрі.
3. Арнайы құрал пайдалану; сүндетке отырғызуға медицина мамандары араласқалы бері оған «Gomco Clamp» пен «PlastiBell» (қоңырау) секілді арнайы құралдар ойлап табылды. Алайда балаға бір апта көлемінде тағылып, ұшын байлап, терінің өз бетінше түсіп қалуын қамтамасыз ететін бұл қыстырма құралдар аса тиімді деп есептелмеуде. Бұдан бөлек, электр құралын пайдалану арқылы косметикалық әсермен қанатпай жасалатын басқа да сүндеттеу тәсілдері баршылық.
Ебірейлердің рәсімі
Көне заманда ебірейлер таңғы құлшылықтарын жасағаннан кейін, Синагогада сүндеттеу рәсіміне кірісетін болған. Бұл күн оларда ерекше қуанышты синагог мерекесіне баланған. Оны әдебиеттерінен де көруге болады. Кейін бұл дәстүр израиль қауымына тән он өкілдің қатысуымен жеке үйлерде де атқарыла беретін болған.
Мұсылмандарда сүндет мәні
Ислам дінінде сүндеттелу өте үлкен мәнге ие. Өйткені ол үмбеті ретінде Мұхаммед пайғамбарымыздың ісін қайталауға, яғни сүннет амалын жасауға жатады. Дәлел — Әбу Хұрайра жеткізген Пайғамбарымыздың хадисі. Хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ қысқарту аталған.
Сүндет тойы
Қазақ халқы мұсылмандықты тілінен бұрын діліне енгізген. Мысалы, отағасы ұл баласы бес жасқа толысымен сүндетке отырғызуды өзінің міндеті санаған. Бала туғанда жасалатын «шілдехана», «бесік тойдан» кейінгі үлкен той «сүндет тойы». Ауқатты адамдар ондайда ат шаптырып, балуан күрестіріп, үлкен думан жасаған.
Интернет материалдары бойынша әзірлеген
Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.



