Қазан қандай болған дұрыс?
Ас үйдің иесі әдемі әрі ыңғайлы ыдыста дәмді тағам пісіргенді қалайды емес пе… Қазаны дұрыс болса, тамақ пісірушінің де көңіл күйі көтеріңкі болады, әрі ас үйге де сән беріп тұрады. Сондықтан да оны дұрыс таңдап, тауар өндірушінің нұсқауымен де танысқан дұрыс. Оған дұрыс күтім жасасаңыз, пайдалану мерзімі де ұзара түспек.
Қазір ас үй ыдыстары — қазан, кастрөл, таба әр түрлі материалдардан, яғни шойыннан, алюминийден, қыштан жасалады. Тіпті, күйіп кетуден қорғайтын жамылғысы бар табаларды да кездестіреміз. Оның сан алуандығы сондай, тіпті бәріне де көз қызығады. Мәселен, кейбірі ыдыс таңдарда ең алдымен сыртқы түріне қарайды екен. Тағы бірі бағасына маңыз береді. Үшіншісі экологиялық таза тағам пісіруге қолайлы ыдыс іздейді. Әрине, қайсысына тоқтау жасайсыз, өз еркіңіз.
Біздің бүгінгі кеңесіміз тұрмысыңызға жарап қалар. Сонымен…
Кастрөл таңдарда ең әуелі не пісіретініңізді ойладыңыз ба?
Егер сіз көбіне макарон әзірлесеңіз, онда аса қымбат емес кастрөлді алуыңызға болады. Ал үнемі түрлі соустармен ет бұқтырып немесе сорпа әзірлейтін болсаңыз, сыйымдылығы мол болғаны жақсы. Ал тандыр нан пісірер болсаңыз, пешке салуға ыңғайлы қыш ыдыстар пайдаланған дұрыс.
Қалада тұратын ас үй иесіне сыйымдылығы 1-5 литр болатын 3-4 кастрөл болса жеткілікті. Сосын міндетті түрде ет асып, сорпа әзірлеу үшін шұңғыл ыдысыңыз болғаны жақсы.
Шойын қазандар жай қызады, бірақ жылу бойына бірқалыпты тарайды. Сондықтан да ол ұзақ әзірленетін тағамдар үшін, мәселен, ет немесе күріш бұқтыруға қолайлы. Тағы бір тиімді тұсы — шойын қазанды барлық түрдегі пештерде қолдана беруге болады. Артықшылығы сол — қандай да жоғары температурада қолдансаңыз да, адам ағзасына зияны байқалмаған. Ұзақ уақыт бойы пайдалануға болады.
Қазір өнеркәсіптер классикалық түрдегі шойын ыдыстар шығарады. Экологиялық таза материалдан жасап шығарылады. Санитарлық-гигиеналық талаптарға жауап береді, сапа сертификаты бар. Әрине, тек белгілі фирманың ыдысын сатып алсаңыз ғана осындай болады. Сондықтан да ыдыс таңдарда оның бағасына да мән берген абзал. Жақсы ыдыс арзан болмайтынын ескеріңіз.
Бірақ шойын қазандарды жуған соң, кептірілмей қалса, тез тот басады. Сондай-ақ олардың салмағы ауыр, сондықтан да құлаған кезде кейде жарылуы мүмкін. Ал егер аяғыңызға түссе, оның қалай боларын өзіңіз білесіз.
Алюминий кастрөлдер арзан, жеңіл әрі ұзақ уақытқа шыдайды. Су мен сүт эмальды ыдыстан гөрі алюминий ыдыста тез қайнайды. Бірақ кастрөл қабырғасы жұқа болған соң, тез ысып, тез суыйды. Сондықтан да осы түрді таңдағанда қабырғасы қалыңдауына тоқтау жасағаныңыз дұрыс.
Алайда алюминий нәзік боп келеді, оның қабырғасы жеңіл қырылып түседі. Қызығы, біз алюминийдің қанша жаңқасын жедік екен…
Сондай-ақ бұндай ыдыста тағам тез күйіп кетеді де, қиын тазартылады. Алюминий кастрөлдің қышқылмен және сілтімен байланыспағаны дұрыс, түрі бұзылады.
Эмальды ыдыстар темір және шойыннан жасалады. Металды бұзылудан қорғау үшін оған екі-үш қабат эмаль жағылады.
Бірақ эмаль ыдыстарда ас көп қайнайды. Сосын қасықтағы немесе ожаудағы асты түсіру үшін, оны кастрөл жақтауына соғып, сілкуге рұқсат етілмейді, ыдыстың эмалі түсуі мүмкін. Ал егер ыдысыңыздың эмалі түскен жері болса, ондай ыдысты пайдаланбағаныңыз дұрыс. Әйтпесе, металдар қосындысынан улануыңыз ғажап емес. Салмақтылау ыдыс болса, соққыға да көбірек төзеді.
Жамылғысы бар табалар
Қазір көп үйдің ас бөлмесінен тағамды күйдіруден сақтайтын тефлонды жамылғысы бар қазандар, табалар табуға болады. Бұндай тефлонды жамылғы алюминий, құрыш және эмальды ыдыстардың іш жағына жабылады.
Әрине, құрыштан жасалғаны өте жақсы әрі қымбатырақ. Ал ішіндегі тефлонды жамылғы теп-тегіс немесе уақ тесікті болады. Басқа ыдыстардан гөрі осындай жамылғысы бар ыдыс кисель мен сүт қайнатуға, көкөніс бұқтыруға таптырмайды.
«Тот баспайтын» қазандар тефлонды жамылғысы бар ыдыстардан гөрі қымбат тұрады. Оларды ажырату да оңай. Жарқырап тұрады. Олар тек әдемі ғана емес, сондай-ақ пайдалы. Жарқыраған тот бастырмайтын жамылғысы ыдысты өте жай суытады, соның арқасында тағам ұзақ уақыт бойы жылы сақталады.
Мамандардың пікірінше, қазан, кастрөлдердің қай түрінің де адам денсаулығына зияны жоқ. Бірақ сатып алған кезде сәйкестендіру сертификаты болғаны дұрыс. Кейбір ас үй иелері ыдыс жасалған материалдың бұзылып, бөлінуін қаламайды. Ол үшін оны дұрыс пайдалану қажет. Ал егер дұрыс күтім жасасаң, мыс, мырыш, хром секілді химиялық заттар бөлінбейді. Мамандар пікіріне сүйенсек, санитарлық нормалар мен ережелерде бұндай зиянды заттардың аз мөлшерде бөлінуі болады.
Мәселен, көршіміз ресейлік өнеркәсіптерден келген кастрөлдердің түбі — терең, қабырғасы — қалың болса, одан басқа шетелдік кастрөлдер — жұқа әрі жеңіл.
Алыс шетелдің стандарты бөлек. Жұқа ыдыстарды олар тек тағамды қыздырып алуға ғана лайықтап жасайды. Сондықтан да олар қайнату мен бұқтыруға жарамайды.
Әйтпесе, бәрі күйіп-жанады. Ал бізге келетін ыдыс түрлеріне сондықтан да асты күйдірмейтін жамылғы төселеді, сондықтан да беріктік көрсеткіші өте әлсіз болады және тұтынушылар да күйдіруге қарсы жамылғының тез түсіп қалатынын айтып жатады.
Көбіне ыдыстар бізге Қытайдан әкелінеді, тіпті оның қай зауыттан немесе қай қуыстан шығып жатқанын ешкім білмейді. Тіпті, қандай материалдан жасалып жатқанын кім білсін?..
Ал тұрмысы бізге жақын көрші ресейліктердің көзтаныс қалың кастрөлдері мен табаларының сыры ас үй тәжірибесінен белгілі.
Жарамдылық мерзімі
Мысалы, алюминийден жасалған кастрөлдің пайдалануға берілген кепілдік мерзімі — 24-36 ай. Негізі, ас үй иелерінің тәжірибесі бойынша, ыдыстың күтімі жақсы болса, көп жыл қызмет етеді. Ыдысты қолға түскен нәрсемен жуа беруге де болмайды.
Сатып алынған кастрөлдің нұсқауында оны қалай күту керектігі көрсетіледі.
Кейбір пысық ас үй иелері ыдысты жарқыратып қойғанды ұнатады да, алюминийден жасалған ыдысты металл щеткамен жуады. Тіпті, қаспақты да солай кетіреді.
Ал эмальды, алюминий және күйдіруге қарсы жамылғысы бар ыдысты бұлай жууға рұқсат етілмейді. Егер жусаңыз, ыдыс түбінің беткі қабаты бүлініп, зиянды заттар тағамыңызға араласады, одан соң ағзаңызды бүлдіреді.
Ең дұрысы — тағам күйген кастрөлге тұз бен ас содасын салып, су құйып, аз уақыт қоя тұрыңыз, жеңіл тазартылады.
Алюминийден жасалған кастрөлді ұнтақпен тазартқан дұрыс. Ал егер қарайып кетсе, сірке суы мен лимон қышқылын салып, су толтырып, 15 минуттай қайнатып алыңыз.
Шойын кастрөлді нейлон губкасымен жуған жақсы. Одан соң қайнаған сумен шайып, қағаз сүлгімен немесе жұмсақ шүберекпен құрғатып сүрту керек. Жақсылап кептірген дұрыс, әйтпесе, тот басады.
Эмальды ыдысты да губкамен сабынды ыстық сумен жууыңыз. Ал эмальды ыдысты бүлдіріп алмас үшін, ірі түйірлі ұнтақпен еш уақытта жумаңыз. Кез келген кішкентай сызылып кеткен жердің көлемі тез үлкейеді, тез тот басып, асты бүлдіріп, өзіңізді улайды. Әрине, қимасаң да, эмалі кеткен кастрөлді қолданыстан шығарған жақсы.
Ал күйдірмеуге қарсы жамылғысы бар, яғни тефлонды жамылғысы бар кастрөлге ерекше күтім қажет. Бұл жамылғылар бүлінсе, зиянды заттар бөледі. Сондықтан да қымбат жамылғыны бүлдірмес үшін бұндай ыдысқа ас пісіргенде ағаш қасықтарды пайдаланған тиімді.
«Тот баспайтын» кастрөлдер жеңіл жуылады әрі әрқашан жаңа күйіндегідей жарқырап тұрады.
Кез келген үй иесі үшін ыдыс-аяқ таңдау — үлкен жұмыс. Таңдау көп. Таңдаған кезде мынадай екі параметрге сүйенген дұрыс: ыдыстың беріктігі мен қауіпсіздігіне.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



