Жаңалықтар

Қаланың экологиялық жағдайы қандай?

Ақтөбенің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар басшылық назарында және ол биыл да  жалғасады. Бұл туралы қала әкімі Ілияс Испановтың қатысуымен қаланың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында өткен жиын барысында әңгіме болды.

Кеңес барысында облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов пен «Ақбұлақ» АҚ-ның бас директоры Асан Ибраев қаланың атмосфералық ауасын жақсартудың жай-күйі мен жолдары тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, баяндама жасады.

— Ақтөбе қаласы бойынша 2018 жылы ауаға бөлінген зиянды қалдықтар мөлшері 25,9 мың тоннаны құрап отыр.  2017 жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Бұл Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Ақтөбе мұнай өңдеу және «Неоплюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі өндіріс көлемінің ұлғаюынан болып отыр, — деді департамент басшысы.

«Қазгидромед» РМК стационарлық бекеттеріндегі бақылау деректерінің қорытындысының мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылдың нәтижесі бойынша Ақтөбе қаласының атмосферасы ластанудың ең жоғары деңгейін көрсетеді. Атмосфераның ластану индексі — 4.

Бүгінде адам денсаулығына зиян келтіретін ауадағы сутегі сульфидін азайту мақсатында қалалық әкімдік тарапынан жүйелі жұмыс жоспары құрылған. Мәселен, 2018 жылы «Экополис+» ЖШС-мен алкоголь қалдықтарын жинау картасын өңдеу үшін микробиологиялық препаратты қолдануға келісім жасалып, сұйық күйдегі 14 картаға өңдеу жүргізіліпті. Мамандардың айтуынша, бард жинағышын өңдеу биыл да жалғасады. Өйткені препарат толығымен қолданылмағандықтан биологиялық өніммен карталарды қосымша өңдеуді қажет етеді.

Ал  «Ақбұлақ» акционерлік қоғамында кәріз суларын рұқсат берілмеген жерлерге төгудің алдын алу мақсатында мониторинг жүргізетін арнайы мобильдік топтар құрылыпты. Сондай-ақ осы бағытта жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлескен жұмыстар атқарылып жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша осындай деректердің  30 жағдайы тіркелсе, биыл жыл басынан бері 5 жағдай тіркеліпті. Бүгінгі таңда барлық деректер Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасына әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында жіберілген.

Өткен жылы қаланың атмосферасын ластаудың 7 дерегі тіркелген. Қала экологиясына кері әсерін тигізіп жатқан негізгі факторлардың бірі — автокөліктер. Жиын барысында қаладағы көліктердің  газ отынына ауысуы жөнінде де сөз болды. Бүгінде қала бойынша газбен жүретін автокөліктер саны — 44 761-ге жеткен. Бұл қаладағы барлық автокөліктердің шамамен 24 пайызын құрайды. Жиын барысында көліктерді газ отынына ауыстыру жөніндегі тапсырмалар қалалық автокөлік жолдары бөлімі мен жергілікті полиция қызметіне тапсырылды. Алдағы уақытта олар автокөліктерді газ отынына ауыстыру бойынша қалаішілік түсіндірме жұмыстарын бастайды.

Сондай-ақ жиын барысында ауаның ластануына бірден-бір зиян тигізетін ірі өнеркәсіп орындарына да бірқатар ескертулер мен тапсырмалар берілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button