Жастар

Жас кәсіпкерге жаңа бағдарлама көмектеседі

Ербол МИРМАНОВ,

жас кәсіпкер:

— Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланып, соның құрметіне Астанада ауқымды салтанатты шараның өткені белгілі. Маған Елбасының, әсіресе, жас кәсіпкерлерге қолдау жөнінде айтқаны ұнады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде жастар — еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы екенін, Қазақстанның болашағы біздердің біліміміз, энергиямыз бен патриотизмімізге байланысты екенін мықтап айтты. Расында, қай елдің болсын, негізгі қозғаушы күші жастар екені сөзсіз. Қазақтың «Жас келсе — іске» деген сөзі осындайда айтылса керек.

Елбасы: «Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды. Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын

100 мыңға дейін жеткізген жөн.Сондай-ақ Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырамын. Жалпы, үш жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады. Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады. Осындай арнайы білім алған мамандар нарыққа дайын стартаптар мен өнімдер ұсынуға тиіс.Бітіруші курстардағы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет. Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары

32,1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», — деді.

Жас кәсіпкер ретінде бұл бастаманы мен қуанышпен қабылдадым. Және бұл қолдаудың әлі де күшейе түскеніне тілекшімін.

Асылы, арамызда идеясы мықты, бірақ қаражат жағы қолбайлау боп жүрген мықты замандастарым көп. Солардың ой-тілегін тыңдап, арасынан ең озығын таңдап алып, құзыретті орган өкілдері соны іске асыруға қолғабыс танытса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жалпы, қай салада да талантты, алғыр жастар көп. Соларға дер кезінде қамқорлық көрсетіп жіберсе, мемлекет тарапынан нақты көмектер болса, артық етпес еді. Қысқасы, Жастар жылынан күтер жақсылығым көп.

Ақтөбе қаласы.

Өзгеден озу үшін өзіміз дамуымыз керек

Шапағат АМАНЖОЛ,

«Жас Отан» жастар қанаты

 аудандық филиалының төрағасы,

аудандық Мәдениет үйінің әдіскері:

— Биылғы жыл өткен аптада Елбасының бастамасымен Жастар жылы болып ресми түрде жарияланғанына барлығымыз куә болдық. Бұл бізге, жастарға, көрсетілген үлкен қолдау және сенім деп білеміз.

Жастар — елдің болашағы. Сондықтан бізге сенім артқан, біздің болашағымызды ойлаған Елбасымыз алдымызға қойған міндеттерді жүзеге асыру әрқайсысымыздың көңілімізде тұрары сөзсіз.

Мағжан Жұмабаев айтқандай, «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қазақ елінің жастары әрқашан өзге елдегі қатарластарынан қалмақ емес. Бұл тұрғыда бүгінде елімізде жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, бүгінге дейін жастарға сапалы білім беру, жұмыспен және баспанамен қамту мәселелері оңтайлы шешіліп келеді. Ал биылғы Жастар жылында бұл жұмыстар одан әрі өрістемек. Демек, еңбек еткен, білім алған әрбір жасқа өз саласында мол табыс пен жетістікке жетуі үшін барлық мүмкіндік жасалған.

Ауыл — мемлекеттің тірегі, ұлтжандылық пен рухани күштің қайнар көзі.

Менің туған жеріме, ауылыма келіп еңбек етіп жатқаныма үш жылдан асты. Бүгінде аудандық Мәдениет үйінде әдіскер болып жұмыс жасаймын. Сондай-ақ аудандағы қоғамдық, мерекелік шараларға белсене атсалысамын. Биылғы Жастар жылында ауданда жастарға арналған көптеген іс-шаралар, жаңа жобалар мен бастамалар қолға алынуда. Алдағы уақытта туған жердің түлегі ретінде ауданның дамуына, аудан жастарының бірлесіп, жаңа бастамалар көтеруіне өз үлесімді қосамын.
Жастар жылы — жастардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндік беретін жыл. Біз сол мүмкіндікті тиімді пайдалана білуіміз керек

Қарғалы ауданы.

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТЫНЫСЫ

Бибігүл ИВАНОВА,

 Қожа Ахмет Яссауи атындағы

 Халықаралық қазақ-түрік университеті

филология факультетінің

4-курс студенті:

— Мен Ақтөбеден келіп, Түркістанда  білім алып жатқан жастардың бірімін.  Мұндағы әр студент  туған жердегі жаңалықтарға қуанып, өзінің облысын айтады. Жетістіктеріне қуанады.

Әлеуметтік желі арқылы, бұқаралық ақпарат көздерінен  жаңалықтарды мен де күн сайын қалт жібермеймін. Өйткені  сәулетті жаңа тұрғын үйлерімен қанатын кеңге жайған, ірі қалалардың қатарына кіретін Ақтөбе облысында жастар үшін мүмкіндіктер көптігін естіп те, көріп те жатамыз.

Жастар жылының ашылу салтанатын тамашалаған сәтімізде біздер үшін тағы бір игі істердің қолға алынғанына куә болдық, мақсатымызды айқындап, сенімімізді нықтадық.

Мен осы Жастар жылының аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Стартап академиясы» ашылғанын естіп қуандым. Бұл ойда жүрген көп армандарды жүзеге асыруға ең орайлы жоба. Осы жерден болашақ кәсіпкерлер шыңдалып, қалаған ісін жандандыра алады. Оларға берілетін несиенің жеңілдіктері, тегін оқыту, шеберлік сыныптары, тағы басқа жаңа мүмкіндіктер  молайған сайын жастар алға қарқынды қадамдар жасай алады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button