Спорт

Үздік командалар анықталды

Сенбі күні «Қоныс» спорт сарайында баскетболдан Ақтөбе мектеп лигасының жабылу салтанаты өтті. Жеңімпаз спортшыларды құттықтауға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ілияс Испанов келді.

Ақтөбе қаласында баскетбол спортын дамыту, оқушыларды салауатты өмір салтын насихаттауға шақыру және балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған мектеп лигасы 2018 жылдың желтоқсан айында бастау алған болатын. Қала мектептерінің 7, 8, 9-сынып оқушыларының арасында өткен шараға 127 команда қатысты. Оның 59-ы қыздар командасы болса, 68-і ер балалардан құралған  командалар.Баскетболдан бас төреші Жәнібек Қадыровтың айтуынша, финалдық кезеңге 20 команда жолдама алған.

Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған баскетболдан мектеп лигасының жабылу салтанатына келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жеңімпаздарды құттықтады.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланды. Аталған жыл ішінде қаламыздың оқушылары мен жастарын спортқа тарту мақсатында көптеген спорттық шаралар ұйымдастырылып, өтуде. Бүгінгі өтіп жатқан мектеп лигасы — соның бір айғағы. Өткен жылы өз бастауын алған мектеп лигасына оқушылардың көп қатысып жатқандығы бізді қуантады.

Спорттың адамға қандай пайдасы бар екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Балалардың жастайынан спортпен шұғылдануы, олардың болашақта дені сау азамат болуының бірден-бір кепілі. Екіншіден, спорт балаларды тәртіпке үйретеді.Биылғы жыл біз үшін ерекше жыл болғалы тұр. Өздеріңіз білетіндей, Ақтөбе қаласына 150 жыл. Осы ретте қаламызда салынып жатқан спорт, мәдениет нысандарының барлығы біздің балаларымыз үшін екендігін айтқым келеді.

Біз ол жұмыстарды әлі де жалғастырамыз. Мәселен,  биыл 2018 жылы құрылысы басталған жеңіл атлетика сарайын жылдың соңына дейін халық игілігіне беру жоспары бар, — деді облыс әкімі.

Баскетболдан қыздар арасында 1-орынды №9 мектеп командасы иеленсе, ер балалар арасынан №25 мектеп командасы оза шапты. Сондай-ақ қатысушылар «Ең үздік ойыншы», «Үздік мерген», «Допты иелену шебері» номинациялары бойынша марапатталды.

Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, 15 000-нан астам оқушыны қамтып отырған Ақтөбе мектеп лигасы жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында жаңа серпіліске ие. Бүгінгі таңда жарыстар баскетбол, футбол, волейбол, гандбол, шахмат және жеңіл атлетика секілді спорт түрлері бойынша өтіп жатыр.  Ал гір спорты, асық ату, тоғызқұмалақ, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей секілді спорт түрлерінен қала біріншіліктерін өткізу ақпан-наурыз айларына жоспарланған.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button