Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Ойыл ауданында тары егістігін көбейту керек

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Ойыл ауданына барып, сондағы жаңа нысандарды аралады. Сондай-ақ, аудан әкімінің есептік кездесуіне қатысып, Саралжын ауылындағы жаңа клубтың жұмысымен танысты.

Жастар және «Zhas Project»

Алдымен ауданның орталығы — Ойыл ауылына барған атқарушы билік өкілдері былтыр қазан айында ашылған отбасылық саябақты көрді. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен салынған демалыс орнына 7 миллион теңге жұмсалған. Ал аумағы — 1200 шаршы метр. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев көктемде осы жерге ағаш, гүлдерді көптеп егу қажеттігін атап өтті.

Одан соң «Zhas Project» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмысын бастаған иппотерапия, инватакси қызметтерімен танысты. Аталмыш екі жоба да мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға һәм сауықтыруға арналған.

— Жобаның аясында өткен жылдың тамыз айында 1 миллион теңгенің грантын ұтып, оған 2 ат сатып алдым. Қазіргі таңда емге 8 адам келіп жүр. Олар негізінен тірек-қимыл аппараты бұзылған, жүріп-тұруы қиын балалар. Кестеге сай, келушілер аттың үстіне отырып, түрлі дене жаттығуын жасайды, болмаса жануармен бірге сейіл құрады. Аз уақыттың ішінде оңды өзгерістер байқалып жатыр, — дейді денсаулығы дімкәс жандарды Қамбар ата түлегімен оңалтуды қолға алған Рахат Бақдәулетов.

Ал жоғарыда аталған жобаның көмегімен қаржыландырылған инватакси қызметі де қоларбада отырғандарды тасымалдауға бағытталған. Аудандағы осындай топқа кіретін 17 азаматқа бұл, сөзсіз, үлкен демеу.

Мұнымен бірге, Ойыл ауылында «Денсаулық» саябағының жобасы таныстырылды. Бұл жер болашақта тұрғындардың тынығып, серуендейтін орталығына айналмақ.

Облыс әкімі Ойыл қазақ орта мектебіне де соқты. Мұнда IT-cыныптың, робототехника үйірмесінің жай-жапсары туралы кеңінен айтылып, оқушылардың соңғы жетістіктері таныстырылды. Балалардың электроника, робототехника салаларындағы білімдерін дамытуға бағытталған сыныпты жасақтауға республикалық бюджеттен 2,7 миллион теңге, ал облыс қазынасынан 720 мың теңгенің бөлінгенін айта кету керек.

— Біз бүгін «Шұғыл жауап» деген қосымшамызды таныстырып отырмыз. «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында жарыққа шыққан қосымшаны дамытумен айналысалатын — мектебіміздегі информатика пәнінің мұғалімі мен осы салаға бейімі бар оқушылар. Бұл негізінен бұрыннан бар қызмет. Соны тек әрі қарай жетілдіруді көздейміз. Мысалы, егер белгілі бір мекеменің, ескерткіштің, кітаптың, басқа да дүниенің ғаламторда сілтемесі болса, оны осы қосымшаға енгізіп, артынша барлық мәліметті алуға болады, — дейді Ойыл қазақ орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Нұрсұлтан Қайырқұлов.

Түске жақын Ойыл аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі «Zhas Project» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өлкеде жүзеге асқан 11 жоба туралы сыр шертетін көшпелі көрмемен танысты. Әр жобаның иесі 1 миллион теңгеге өзінің сүйікті ісін жүргізуге мүмкіндік алған. Айталық, олардың қатарында «Корт» спорттық алаңы, бөдене шаруашылығы, дыбыс жазу студиясы, заңгерлік кеңсе, оңалту орталығы, т.б. бар. Сондай-ақ, «Ауыл қамқоршысы», «Демеу» бағдарламалары бойынша биыл Ойылда қолға алынатын жұмыстар туралы айтылды.

Алғыс та, арыз да айтылды

Негізгі шара — аудан әкімі Дастан Сағыровтың өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы міндеттеріне арналған тұрғындармен есеп беру кездесуінде көп мәселе қаралды. Алғаш боп сөз алған аудан басшысы:

—  Былтыр есеп беру кездесуінде бірқатар мәселелер көтерілген еді. Соның ішінде Ойыл—Қараой автокөлік жолын жөндеу мәселесі бойынша жобалау-сметалық құжаттар сараптамаға жолданып, ал Ойыл—Қаратал жолын қалпына келтіруге биыл 231 миллион теңге бөлінді. Сөйтіп, бұл түйткіл шешімін тапқалы отыр.

Интернет жылдамдығын арттыру үшін осы жылы «Қобда-Ойыл» оптикалық-талшықты байланыс желісінің құрылысы басталмақ. Ал Қаракемер, Ақшатау ауылдарына орталықтандырылған ауызсу желісін жүргізуге жобалау құжаты жасалды, — деді.

Ауданда ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 9 миллиард теңгеден асқан. Ресми статистикаға сүйенсек, Ойылда 34 мың ірі қара, 9 мың жылқы, 130 мың қой-ешкі, 77 түйе малы тіркелген. Ал дәстүрлі емес шаруашылық түрлерінен асылтұқымды ешкі, бөдене өсіретіндер бар.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша 27 шаруа қожалығына құны 290 миллион теңге болатын асылтұқымды 119 ірі қара, 96 жылқы, 1314 қой сатып алыныпты. Өз кезегінде Үкімет тарапынан барлығы 148 шаруа қожалығына 170 миллион теңге субсидия төленген.

Аумағы 1145686 гектар Ойыл ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі 751 мың гектар болса, оның жайылымдық жері 711 мың гектардан асады.

Кәсіпкерлікке келсек, Ойылда 48 заңды тұлға, 330 шаруа қожалығы, 440 жеке кәсіпкер тіркелген екен.

Санайғақтарға тоқталсақ, ауданда 14-29 жастағы қоғамның негізгі күші — жастардың саны 5364 адам, яғни бұл — аудан тұрғындарының 31 пайызы. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі былтыр 914 миллион теңгені құрап, 7627 шаршы метр жеке тұрғын үй салынған. Көңілсіз статистиканы да айтпай кетуге болмас: 2018 жылы Ойылда 62 қылмыс тіркеліпті.

Өз сөзінде Дастан Сағыров биылғы жылы суармалы егіс көлемін 30 пайызға ұлғайтып, Ойыл-Қараой бағыты, Көптоғай, Сарбие, Құмжарған, Ақжар, Ақкемер, Бестамақ елді мекендеріндегі жолдарды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаражат бөлуге ұсыныс жасауды, сондай-ақ Ақшатау, Ақкемер, Көсембай, Қаракемер ауылдарына ауызсу желісінің құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыруға сұраныс білдіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Сұрақ-жауап бөліміне кезек келгенде жауапты мамандар есептік кездесу өтеді деп хабарланып, артынша жер-жерде жәшік қойылғанымен, бірде-бір хаттың түспегенін ашық айтты. Есесіне, залда отырғандардың арасынан сөйлеймін деушілер жетіп артылды. Көпшілігі алғыс айтумен шектелгенмен,  нақтылы мәселелерді көтергендер де кездесті. Айталық, еңбек ардагері Аманорман Алтыбаев Екпетал ауылы, соның ішінде саябақ пен демалыс орындарының маңы қоқысқа үйіліп жататынына алаңдаушылығын білдірді. Аудан әкімі бұл мәселені бірлесіп шешу қажеттігін айтып, жауапты мекемеге бәрін артып қоюға болмайтынын қосты. Ал ауыл тұрғыны Ұлжан Шоқпарова біраз уақыттан бері жұмыс таба алмай жүргенін, талай рет аталған сұрақпен аудан әкімінің алдына барса да, құрғақ уәдемен шығарып салатынын жеткізді. Сондай-ақ, оны ауылындағы көше бойындағы жарықтандырудың жоқтығы, жолдың нашарлығы ерекше толғандырады. Есеп беруші ауданда жұмысқа орналастыру мәселесінің шынымен барын, мұны зауыт, ірі өндіріс орындарының жоқтығымен түсіндіре келе, зейнет жасына жақындап қалған сұрақ қоюшыға қолдан келгенше көмектесетінін білдірді. Облыс әкімі де бұны назарсыз қалдырмауды тапсырды. Ал Жомарт Шаңбаев егін егуге арналған жердің көлемін арттыру керектігін айтса, басқалар арпа бағасының тым қымбат екенін, тұщы суды үнемдеу жұмыстарын қолға алатын кез жеткенін атап өтті. Сонымен бірге, кездесуде сөз сөйлеген зейнеткер Мұхит Кереевтің Елбасының Жолдауы мен жуырда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын кеңінен түсіндіріп, ел арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін ауданда арнайы топтың құрылу қажеттігі туралы ұсынысы бірден қолдау тапты. Ардагер Жақсылық Бисалиевтің де ұсыныс-тілегі көпшілікті бейжай қалдырмады:

— Қоғамды іштен ірітетін 7 жегі бар. Олар: жалқаулар мен масылдар, маскүнемдер мен нашақорлар, ұрылар, алаяқтар, жемқорлар, жезөкшелер мен азғындар, діни теріс ағымдарға берілгендер мен имансыздар. Осының біреуінің жолына түскендер ақырында түрмеге қамалады. Ең әуелі әлгілермен күресуіміз қажет. Ол үшін ауылда «еңбек тәрбиесін» қолға алсақ деймін. Бір ғана ұсыныс: екі өзеннің бойындағы Ойылда көкөніс пен жеміс-жидектер өсіретін бригадалар құруымыз қажет. Бұл мақсатта аудан орталығында әрқайсысы 100 тонналық екі қойма салынса, қыста тұрақтандыру қоры жасақталса деген тілегім бар. Сонымен бірге, әр ауылда заңды түрде балық аулаушылар бригадасын құрсақ, біраз мәселені шешер едік, — деді.

КЕРЕК ДЕРЕК

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Ойыл ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша құны 122 миллион теңге тұратын 56 жоба жүзеге асырылған.

Аудан орталығында спорт кешені салынады

Аудан әкімінің халыққа есеп беру кездесуін қорытындылаған Бердібек Машбекұлы барлық атқарылып жатқан жұмыстар халықтың арқасында екенін айта келіп, қолдау көрсетуші тұрғындар барда аянып қалмау қажеттігін ескертті:

— Барлығы халықтың арқасында екенін ұмытпайық. Егер оны халық қолдамаса, бір басшының қолынан түк те келмейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының берген тапсырмасы да осыны көздейді: барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беруі арқылы билік пен қоғамның арасындағы байланысты жақсарту. Осындай кездесулерде тұрғындар шешілмей жатқан мәселелерін әкімдерге айтуы керек.

Жаңа тұрғындар дұрыс айтты, Ойыл ауданында арпаны егу жайын көбейту керек. Тарыны да солай. Мен әрдайым айтамын: бірнеше өзеннің жағасында отырсыздар. Яғни су, жер жағынан сіздердің аудандарыңызда мүлде мәселе жоқ. Аудан әкіміне «Ойыл өзенінің басынан белгілеп, шаруа қожалықтарына бөліп беріңдер. Сосын олар арпа-бидай, тарыны молынан ексін» деп тапсырма да бергенмін. Ол алдымен өздеріне пайда ғой. Оны сатады. Кеңес өкіметі кезінде Ойыл ауданында қанша егістік көлемі болды, соған жету керек. Жылына егістік көлемін 300-400 гектарға көбейтіп отырсақ деймін. Әсіресе, тары жөнінен талай айттым. Неге енді соны көбейтпейміз? Жоспарлап отырмыз, сөйлесіп жатырмыз деген болмайды. Нақты іс керек.

Сосын дәстүрлі емес шаруашылық түрлерін дамытуымыз керек. Аудан, ауыл әкімдерінің негізгі жұмысы — сол. Соның арқасында халықтың жағдайы да жақсарады. Табиғат байлығын оңтайлы пайдалану керек.

Ойыл ауданында мектеп-гимназия салу туралы ұсыныстың барын білемін. Осы орайда халықтың саны 20-30 адамнан тұратын ауылдар кездесетінін айтқым келеді. Сондықтан біз кейбір аудан орталықтарында жатып оқитын мектеп салып жатқанымыз рас. Ондағы ойымыз — шағын ауылдардағы балалардың басын қосып, бәрін бірге оқыту. Бұл білім сапасына сай болса, екіншіден, шығынды да өтейді. Бірақ қойылған сұрақ дұрыс. Өз тарапымнан құжат жасауға қатысты тапсырма беремін, бұл сұрақты зерттейміз.

Аудан орталығына спорт кешенінің керектігі сөзсіз. Аудан әкіміне бұған қатысты тапсырмалар берілді. Құжаттарына қаржы бөлдік. Қашан бәрі дайын болады, сараптамадан өтеді, сол уақытта іске кірісеміз. Салауатты өмір салтын ұстанамыз, спорт орталығы керек дегендеріңіз дұрыс.

Өткен жылды біз жаман аяқтағанымыз жоқ. Облыс экономикасының даму қарқыны 5 пайызды құрады. Биылғы көрсеткіштер де төмендемеу керек. Ауызсу, жол, газ мәселелері өз ретімен шешіледі. Байланыс жайы да басты назарда, — дей келе, ұлт тәрбиесі, тәртіп туралы айтып, еңбек еткеннің етекте қалмайтынын тағы да еске салды.

P.S. Халық саны 18 мыңнан асатын Ойыл ауданына жасаған сапарында Бердібек Сапарбаев Саралжын ауылында жаңадан салынған ауылдық клубтың жұмысымен де танысты. Сондағы тұрғындармен кездескен облыс әкімі береке басы бірлікте екенін, жастарға үлгі болар үлкендердің ақсақал деген атқа әрдайым лайықты болу керектігін мықтап айтты. Өйткені ұл-қыздардың алдымен аға буынға қарап бой түзейтінін ұмытпаған жөн…

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

Ақтөбе-Ойыл-Саралжын-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button