Ақтөбе — 95Басты жаңалықтар

«Социалдық жол» не жазды?

Ахмет Ескендіров және газет

Қазақстан Орталық Атқару комитетінің 1932 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен республикадағы округтер облысқа айналады. Осыған дейін «Кедей», «Алға» атымен шығып келген облыстық басылым сол жылғы 13 наурыздан «Социалдық жол» деген жаңа атауға ие болады. Газеттің редакторы болып Меңетай Жақсылықов тағайындалады.

Бұл жылдары «Социалдық жол» газетінде жоғары білімді бір де журналист болмайды, оның есесіне талантты, тәжірибелі тілшілер қызмет атқарып, басылым мазмұнын байытуға көп еңбек сіңіреді.

Кейін Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері болған Смағұл Мұқашев газет жұмысына сол 1932 жылдың күзінде келгенін, Тумыш Сарходжаев, Меңетай Жақсылықов, Құбаш Қожамұратов секілді қарымды қалам иелерімен қызметтес болғанын, олардан тәжірибе, тағылым алғанын өз естелігінде жазған болатын.

«Социалдық жол» газетінде жемісті қызмет атқарған Ахмет Ескендіровтің өмір жолына үңілгенімізде біз оның мақалаларынан сол уақыттың келбетін, заман тынысын сезінгендей болдық. Сондықтан бүгінгі мақаламызда біз осы қаламгердің еңбектері арқылы «Социалдық жол» не жазды деген сауалдың жауабын іздеген едік.

Ахмет Ескендіровтің өзі 1901 жылы Орынбор губерниясындағы Сарытымақ деген ауылда дүниеге келеді. 1919 жылдан 1931 жылға дейін он екі жыл үздіксіз ұстаз болып еңбек етеді. Абай ақынның өлеңдерімен сусындап өскен ол жас кезінен жазуға құштарлық танытады. Сол кезде қазақ тілінде шығатын «Кедей», «Еңбекші қазақ» газеттерін, «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдарын үзбей оқып тұрады. Мектепте қабырға газетін және драма үйірмесін ұйымдастырып, олардың жұмысына дарынды оқушыларды тартады. Әсіресе, кедей балаларын өнерлі болуға жігерлендіреді.

Мектепте қабырға газетіне «Өнерлі бала» өлеңін жариялап, оны оқушыларға жаттатады. Осылайша, мектепте ұстаздық етіп жүрген ол 1931 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударады. Бұған негізінен Қазақстанның орталығы Орынбордан Қызылордаға қоныс аударуы себеп болады.

Ахмет Ескендіров Ақтөбеге келгесін облыстық «Социалдық жол» газетіне тілші болып қызметке орналасады. Ол газет жұмысына белсене араласады. Елді жиі аралап, облыс аумағындағы қол жеткізілген табыстар мен келеңсіз жағдайларды газет бетінде жария етіп отырады.

Ол қазақ жастарын соғыс майданындағы қара жұмысқа алуға қарсы ұйымдастырылған Ырғыздағы көтерілісті зерттеп, оның өткеніне жиырма жыл толуына «Жығылмаған ту» атты тарихи деректі хикаятын жариялайды.

«Социалдық жол» газетінің редакторы болған Құбаш Қожамұратов өзінің «Есею жылдарында» атты естелігінде былай деп жазған болатын: «Газеттің мәдениет бөлімін басқарған журналист, ақын Ахмет Ескендіров соғыс жылдары алдында жалынды революционер Әліби Жангелдинмен бірге Ырғыз бен Торғайды ұзақ уақыт аралап, даңқты большевиктің жауынгерлік жолдары, большевик батыр Аманкелді Имановтың ерлік күрестері туралы «Социалдық жолдың» бірнеше номерлеріне үлкен материал жазған еді».

Төменде Ахмет Ескендіровтің «Социалдық жолда» отызыншы жылдары жарық көрген бірнеше мақаласын қысқартып жариялап отырмыз.

80 жыл бұрын

Аманбаева Ұлмекен

Аманбаева Ұлмекен социалистік ұлы Октябрь революциясының таңы жарқ етіп атқаннан кейін Ресейдің байтақ территориясында, жер шарының алтыдан бір бөлігінде құлдық бұғауының быт-шыты шығып үзілгеннен кейін туды. Ленин тіккен ту 21 миллион шаршы километр жері бар, 170 миллионнан астам халқы барсовет елінде салтанатпен желбіреген күнде, социализмнің алғашқы іргетасы қалана бастаған күнде бақыт күнінің нұрына бөленіп туған миллиондаған бақытты жастың бірі осы Ұлмекен еді.

Ойыл ауданының Тайсойған деген жерін мекен еткен, қазір «Октябрь» колхозының мүшесі, жасы алпыстан асқан Аманбайдың Ұлмекен туғанда қуанышы қойнына сыймады.

Ертеде өзі сауатсыз болып, надандықтың торында оралған, ілгері басқан аяғы кейін кетіп, кісі есігінде жоқшылықпен жаншылған Аманбай Ұлмекенді он жасқа келгенде мектепке береді. «Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады» деген мақалдың терең мағынасын жақсы ұқты ол. Ұлмекеннің келешегінен үміті мол болды. Қартайғанымда таяу болатын сүйенішім деп санады ол Ұлмекенді.

Ұлмекен оқып жүргенінде алғыр, сабаққа зерек, тәртіпті болды. Мұғалімдері оны мақтап, басқа оқушыларға үлгі етіп жүретін. Комсомол ұйымы Ұлмекенді комсомол қатарына алды.

Орталау мектепті жақсы аяқтағасын Ұлмекен енді алдағы күнде социалистік құрылыстың қай саласындағы қызметкер болуым тиіс, білім алудың алуан-алуан тарауының қай саласына түсуім керек деп ойлады. Шешті. Педагог болуды, мұғалім атануды, халықтың мәдениетін көтеру жолында қызмет етуді таңдап алды да, Гурьев қаласындағы педучилищеге кірді.

1938 жылы июнь айында педучилищені үздік бағамен бітірді. Дирекция Ұлмекенге үнемі жақсы оқығаны үшін, студенттер арасында өзін тәртіпті ұстағаны үшін, қоғам жұмысына белсене қатынасқаны үшін 300 сомның затын сыйлыққа берді.

1938-1939 оқу жылы басталды. Аманбаева Ұлмекен Ойыл ауданының орталығындағы орта мектептің оқытушысы болып қызметке кірісті. Орта мектепте 17 класта 459 оқушы болса, содан бұның үлесіне 4 класс пен 5 «в» класының 46 баласы тиді. Оқу жылының тоқсандарында оның класы басқа кластардың алдында болды. Мұның класында сабағын үлгере алмай қалған бала болған жоқ.

Жазғы тексеру сыны басталды, оқу жылының қорытындысы жасалды. Ұлмекен оқытқан оқушылар Әндірова Айша, Бітімбаев Төлеуқан, Әндіров Жұлдызбай, Дәулетов, Маржанова және басқалары бастауыш мектепті үздік бітіріп, бесінші класқа көшті.

Аманбаева Ұлмекен бір жағынан оқытушылық қызметін атқарып, кластарында міндетті сабақтарын өткізіп жүрсе, оның үстіне әскерге шақырылатын сауатсыз, шала сауатты жастарды оқытып, комсомолдар арасында үгітші болып қызмет етті. Ол осының барлығына да уақыт тапты.

Бүкілодақтық халық санағына әзірлік жүргізген кезде аудан орталығында үгітші болып істеді. Санақтың мемлекеттік орасан зор маңызын еңбекшілерге түсіндіріп отырды, санақ жұмысын өткізуге партия, комсомол ұйымдары санақ орындарына орасан зор көмек көрсетті.

Аманбаев Ұлмекен жолдастың есімі қазір Отанымыздың алдыңғы қатарлы оқытушыларының тізіміне кіріп отыр.

Ол — «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, аудандық комсомол комитетінің пленум мүшесі, мектеп жанындағы комсомол комитеті хатшысының орынбасары.

Ұлмекен Мәскеуде, Кремльде Михаил Иванович Калининнің алдында болған күндерін, төсіне жарқыратып медаль қадаған күндерін мәңгі есінде сақтайды, ұмытпайды. Ол Отаны үшін, коммунизм ісі үшін қызмет етіп, совет елінің жалынды жастарынан социалистік ұлы отанын сүйетін патриоттар даярлап шығару жолында талмай қызмет етуге даяр.

(«Социалдық жол», 1939 жыл, 15 шілде, №160). 

85 жыл бұрын

Оқу бөлімі не ойлайды?

Қобда ауданының орталығында 1933 жылдың күзінде ұйымдастырылған панасыз балалар үйі бар. Бұндағы балалардың саны — 193, соның 175-і — қазақ. Мектептің төрт тәрбиешісі бар.

Балалар үйі өткен қыста өте ауыр халде болған. Үй дұрыс жөндеуден өтпеген. Терезелерінің көздері сынық болып, ескі-құсқы бірдеңелермен тығындап, азап көріп шықты.

Қыстың суық күндерінде бөлмелер жағылмай қалған күндер болған. Балалар жатқан үйдің терезесі мен жарына қалыңдығы қарыс болып қырау тұрған. Ішінде жатқан балалар қалшылдап тоңып, атар таңды көз ілмей атқызған, оқу бөлмелері болмаған.

Балаларды төсектерінің үстіне және тамақ істейтін жерге отырғызып оқытқан. Тек оқыттық деген аты болмаса, іс жүзінде нәтиже болмаған. Оқу құралдары жетіспеген, балалар үйінің бастығы өз бетінше, тәрбиешілері қазан басында, завхозы қойма қасында жүрген. Осылай сүйретіліп жазға шығады.

Осы күні не істеп жатыр деңіз?

Істеген түгі жоқ. Оқу үйінің бастығы бейқамдыққа салынып, қарап жүр.

Балалардың жатқан үйінің жөндеуіне 1 июльден бастап кірісті, терезе дал-дал, жар опырылып жатыр, төбесінен тамшы тоқтаусыз ағады, іші белден қоқыр, шаң, арбиған ашық-тесік, есігі қиқайып жабылмайды.

Енді балалар арасындағы тәлім-тәрбие жұмысына келсек, өте нашар. Тәрбиешілер өз міндеттерін анық білмейді, балалар арасында болуынан далада, көшеде жүрулері көп. Сәрсендеме (гимнастика) ойнату, дене шынықтыру, қызыл бұрышқа әкеліп, қызғылықты кітаптар оқыту, үйірме жұмыстарына қосу, тағы осы сияқты жұмыстарды істемей отыр. Бар тапқаны — ірі балаларды ертеңді-кеш өзен бойына апарып, жуындырып қайтады.

— Аға-ау, тәрбиешілеріміз бізді қашан күзетуден босатады? Ас пісті десе, есікті іштен кілттеп алып, ең алдымен өздері тойып алады. Ірі балаларды қасына алып, кішкене балаларды ақырып, жерге тығып жібере жаздайды. Қорыққанымыздан аяғымызды қия баспаймыз.

Пионер жұмысы мүлде жоқ. Біздің осы жағдайымызды аудандық комсомолдар комитеті қарамады я ауылдық комсомолдар ұйымы қарамады. Әлі сонымен келе жатырмыз. Тәрбиешілеріміздің түрі мынау. Ойнату, дене шынықтырудың орнына көгалға апарып, қойдай жусатып жатқызады. Біздің жағдайымыз осылай, — деп аласалау келген сары бала қамығып сөзін тоқтатты.

Осы айтылғандардың барлығы да дұрыс. Осы кемшіліктерді жоюдың шарасына кірісіп жатқан балалар үйінің бастығы я тәрбиешілері, я оқу бөлімі жоқ. Ұштасқан жауапсыздық, бассыздық, өріс алған тәртіпсіздік. Жағымсыз қылық, быттасып жатқан былықтан адам денесі түршіккендей.

Аудандық оқу бөлімі (бастығы Сұлтанғалиұлы), сізге жол болсын. Балалар үйінің тұрмысын оңдау сіздің міндетіңіз емес пе? Ол міндетті неге атқармай отырсыз? Жас буындар келешектің — социализмнің қожалары емес пе? Оларға коммунистік тәрбие беруді ұмытқан себебіңіз не? Өткен қыстағы балалардың ауыр тұрмысын қалайша ұмыттыңыз? Бұл ұмытарлық жұмыс емес еді ғой. Балалар үйін күйзелткендігі үшін сотталған адамдар да болып еді, одан неғып сабақ алмай отырсыз? Сіздің де басшылығыңыз жоқ. Балалар үйінің тұрмысын оңдауға шындап кіріскен жоқсыз.

Міне, балалар үйінің жайы осындай. Бұл мәселені облыстық оқу бөлімі өз қолына алуы керек. Асқынған кемістіктің тамырына балта шабуы қажет. Сөйтіп, қысқа дейін балалар үйін тез оңдап болудың қамына шындап кірісу қажет. Аудандық партия, кеңес комитеті басшылығын күшейтіп, балалар үйіне барлық жағдайды туғызулары керек.

 («Социалдық жол», 1934 жыл, 10 шілде, №155).

* * *

Міне, бүгінгі облыстық «Ақтөбе» газетінің «Кедей» мен «Алғадан» кейінгі ізбасары — «Социалдық жолдың» біз таныған келбетінің кейбір көріністері осындай.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button